Шенеуніктер төрт жүзден астам тұрғын үйді заңсыз үлестірді

6266

Мемлекеттік бағдарламамен салынған әлеуметтік тұрғын үйлердің сапасы сын көтермейді. Үй тапсырылған соң мердігердің жарылған қабырға мен сөгілген іргетаста, құлаған қасбет пен шытынаған шатырда шатағы болмайды. Көрешектің де, берешектің де азабын халық тартады.

Шенеуніктер төрт жүзден астам тұрғын үйді заңсыз үлестірді

Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаевтың дерегінше, елімізде 1,5 млн-нан астам адам тұрғын үйге мұқтаж. 565 мың азамат тұрғын үй кезегінде тұр. Ал 1 млн-нан астам адам "үкімет жер берсе, үй салып аламын" деп дәмеленіп жүр.

Үкімет баспаналы болғысы келетін адамдарды тапқа, топқа бөліп тастаған. Отбасының әрбір мүшесіне шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейіне жетпейтін азаматтар жалға берілетін тұрғын үйден үмітті болады. 

Отбасының әрбір мүшесі ең төменгі 2 күнкөріс деңгейіне дейін айлық алатын адамдар "Бақытты отбасы" бағдарламасы бойынша баспаналы бола алады. Оларға несие 2 пайызбен алғашқы 10 пайыз жарнамен 20 жылға беріледі. Отбасының әрбір мүшесі 3,1 ең төмен күнкөріс деңгейіне дейін табыс табатын азаматтарға "5-10-20" бағдарламасы арқылы тұрғын үй алу құқы берілген. Табысы отбасының әрбір мүшесіне шаққанда 3,1 ең төменгі күнкөріс деңгейінен асатын азаматтар үй алу үшін екінші деңгейлі банктерге жүгіне алады. 

Бір қызығы елімізде тұрғын үй рекордтық көрсеткішпен салынады. Алайда баспанасыз босып жүргендердің қатары азаймайды. Былтыр "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша 15,3 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.  Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 16,8%-ға артық. Ұлттық банктің мәліметінше, 2021 жылғы қаңтар айында халыққа 2,37 трлн теңге қарыз ұсынылды. 2020 жылы бұл көрсеткіш 1,7 трлн, 2019 жылдың басында 1,3 трлн теңге болды. Яғни 3 жылда көрсеткіш 82,3%-ға немесе 1 трлн теңгеден астам ақшаға артты. 

Үкімет басшысы Асқар Мамин хабарлағандай, 2021 жылы 163 мыңнан астам қазақстандық отбасы баспаналы болуы керек. Ал 2025 жылға дейін 103 млн шаршы метр тұрғын үй салынып, 977 мың тұрғын үй пайдалануға берілуге тиіс. 
Биыл 17 млн шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланып отыр. Оның 
2,5 млн шаршы метрі әлеуметтің осал тобына қарастырылған. 

Өздеріңіз білетіндей, үкімет "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасын 2025 жылға дейін ұзартты. Былтыр "Нұрлы жер" бағдарламасына тартылған "Бәйтерек" холдингінің еншілес компаниялары тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторы болып бірікті. Оған жаппай құрылыс салумен айналысатын, сондай-ақ тұрғын үй нарығындағы инженерлік, әлеуметтік және коммерциялық мәселелерді шешетін толыққанды девелопер болу міндеті жүктелді. Алайда бұл қадам да мәселені шешпеді. 

Жасыратыны жоқ, "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасы жемқорлықтан көз ашпай тұр. Биыл еліміздің 16 өңірінде аталмыш бағдарлама бойынша берілуге тиіс болған әлеуметтік тұрғын үйлерді заңсыз үлестіргені үшін 60 шенеунік жазаланды. "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысында 1,1 млрд теңгенің қаржылық құқық бұзушылығы тіркелді. 

Жалпы, мемлекеттік бағдарламамен салынатын және берілетін тұрғын үйлерге қатысты "былықтың" тамыры тереңде жатыр. Мысалы, 2016 жылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының қызметкерлері "Бәйтерек Development" мемлекеттік холдингінің 3 басшысын 28 млн теңге көлемінде пара алу кезінде ұстады. Тергеу барысында басқарма төрағасының орынбасары А.Жақыповтың, басқарушы директор Г. Сариевтің және мемлекеттік-жекеменшік әріптестік дирекциясы департаментінің басшысы Б. Әйтімбетовтің жүйелі түрде пара алып отырғаны әшкереленді. 

Биыл өткен мәжілістің жалпы отырыстарының бірінде тұрғын үй кезегінде тұрғандардың саны жыл сайын артып, оларға берілетін пәтер саны азайып бара жатқаны жарияланды. Мәжілісмендер құрылыстың қазіргі қарқыны сақталатын болса, кезекте тұрған кейбір азаматтар 80 жылдан кейін ғана баспаналы болатынын мәлімдеді. 

"Ақ жол" фракциясының депутаттары премьер-министр Асқар Маминге жолдаған депутаттық сауалдарында әлеуметтік тұрғын үй алу кезегінің ашықтығын қамтамасыз етіп, халықтың әлеуметтік осал тобына берілетін пәтерлерге ревизия жүргізуді ұсынды.

"Соңғы 3 жылда тұрғын үй мемлекеттік бағдарламаларын жүзеге асыру барысында шенеуніктер 400-ден астам тұрғын үйді заңсыз үлестірген. 13 өңірдің әкімдігі пәтер берудің белгіленген кезегін бұзған. Салдарынан халықтың әлеуметтік осал тобына жататын 2320 адам зардап шекті", – деді  депутаттар. 

Олардың ойынша, әрбір адам кезегінің қалай жылжығанын және тұрғын үй қалай үлестіріліп жатқанын бақылап отыру үшін қолданысқа электронды кезек енгізу қажет. 

"Әкімдіктер берген әлеуметтік тұрғын үйлерге толық тексеру жүргізу қажет. Егер, тұрғын үй тиісінше пайдаланылмаса, онда пәтер кері қайтарылып, 
кезекте тұрған адамдар арасында қайта бөлінуге тиіс", – деді "Ақ жол" фракциясының өкілдері. 

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу