Орталық сайлау комиссиясы "Сайлау өткізуді ұйымдастыру" деп аталатын №001 және "Сайлау өткізу" туралы №002 бюджеттік бағдарламаларының нақтыланған нұсқасын жариялады. Онда осы науқанға бюджеттен қанша қаражат жұмсалатыны көрсетілген.
Бірінші бағдарламаға сәйкес, ел қазынасынан 2020 жылы – 645,4 млн, ал 2021 жылы 617,9 млн теңге бөлінеді. Бұл қаражаттар Ортсайлаукомның шығындарын жаппақ. Мысалы, ОСК қызметкерлері осы және келесі жыл бойы 10 баспасөз конференциясын өткізетіні, биыл комиссияның 6 қызметкерінің біліктілігін арттыратыны, басқа да қалыпты шаруаларын тындыратыны айтылған.
Сондай-ақ ақпараттық жүйелердің жұмыс істеуін және меморганды ақпараттық-техникалық қамтамасыз етуді қарастыратын қосалқы бағдарлама биыл 231,9 млн, ал келер жылы 229,5 млн теңгеге түсетіні жазылған.
Дегенмен, ең көп шығын №002 бюджеттік бағдарламада қарастырылған. Оның аясында Парламент және мәслихаттар депутаттарының сайлауын әзірлеу мен өткізу іс-шараларын қаржыландыру көзделеді.
Құжатта 2020 жылы осы бағдарламаға 12 млрд 629,1 млн, ал 2021 жылы 10 млрд 502,2 млн теңге қарастырылған. Айта кету керек, биылғы маусымда, яғни сайлау жарияланбай тұрғанда ОСК "ашық бюджеттер" порталында дәл осы №002 бюджеттік бағдарлама жобасын орналастырған-тын. Онда сайлауды ұйымдастыруға әлдеқайда аз соманы – ағымдағы жылы 1 млрд 821,8 млн, 2021 жылы 6 млрд 109,5 млн теңгені бағыттау жоспарланған еді.
Қос бағдарлама бойынша 2 жылда жұмсалатын жалпы көлемі 24 млрд теңгенің көбі ОСК мүшелерінің қосымша еңбекақысына, сайлау комиссияларының босатылған мүшелерінің еңбекақысына жұмсалады. Мысалы, елімізде 10 қаңтарда 10 мың 310 сайлау учаскесі жұмыс істейді деп күтілуде. Нәтижесінде, биыл 11 млрд, алдағы жылда 8,8 млрд теңге осы "сайлау қызметін қамтамасыз етуге" шығындалмақ.
Қалғаны ОСК-ның көлік шығыстарына, БАҚ-тағы жарияланымдарға, байланыс қызметтеріне, полиграфиялық шығыстарға, кеңсе және шаруашылық тауарлардына, ұрандар мен плакаттарға, жылжымалы және стационарлы жәшіктерді дайындауға және басқасына беріледі.
Осынша қаражатты игеруге алдағы сайлауды өткізуге көмектесетін азаматтар – мұғалімдер, зейнеткерлер, өзге де ерікті мамандар қатыса алады. Бұған шенеуніктер де атсалысқысы келеді.
Алайда партияларға таратылған жадынамада: "Мемлекеттік қызметте болуға байланысты шектеулерге сәйкес мемлекеттік қызметшінің басқа ақы төленетін қызметпен айналысуға құқығы жоқ, осыған байланысты осы санаттағы адамдармен ақылы қызмет көрсетуге арналған шарт жасалмайды", – делінген.
Бұл мемқызметшілерді тығырыққа тірегенге ұқсайды. Олар түсініктеме сұрап, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жайылғановаға жүгінуде.
"Мемлекеттік қызметшіге сайлау комиссиясының мүшесі болып қосымша қызмет атқаруға бола ма? Мемлекеттік қызметші сайлау комиссияларының мүшесі ретінде сайлауды әзірлеу мен өткізу кезеңінде ақы алуға құқығы бар ма, әлде жоқ па? Осы жөнінде заң көмегін беруіңізді сұраймын", – деп сұрады өз хатында Мұхтар Маханов.
Мұхтар Намазбекұлына жауабында агенттік басшысы бұған тыйым салынбайтынын жеткізді. Оның түсіндіруінше, "Сайлау туралы" конституциялық заңына сәйкес, меморгандар мен мемұйымдар, сондай-ақ жергілікті әкімдіктер және олардың лауазымды адамдары сайлау комиссияларына өз өкілеттіктерін жүзеге асыруға көмек көрсетуге міндетті.
"Осылайша, мемлекеттік қызметшілердің аумақтық, учаскелік сайлау комиссиялары мүшелері ретінде сайлауды әзірлеу мен өткізу кезеңіндегі жұмысы – ақысы төленетін басқа қызметпен айналысу болып табылмайтынын атап көрсетеміз. Сайлауды әзірлеу мен өткізу кезеңінде сайлау комиссияларының мүшесі болатын мемлекеттік қызметшілердің негізгі жұмыс орны бойынша орташа айлық жалақысы сақталады. Өз кезегінде мемлекеттік қызметші болып табылатын сайлау комиссиялары мүшелерінің үстеме жұмысына, мереке және демалыс күндеріндегі жұмысына, түнгі уақыттағы еңбегіне ақы төлеу қолданыстағы заңнамаға қайшы келмейді", – деді А.Жайылғанова.
Жанат Ардақ