Шетелден арзан көлік әкелудің тағы бір схемасы жабылды

9829

"Отандық" деген автокөліктер Қытайға неге тәуелді?  

Шетелден арзан көлік әкелудің тағы бір схемасы жабылды

Отандық автоөндіріс ел сұранысын өтемей тұр

Қазақстандық автобизнес қауымдастығының дерегінше, биылғы 9 айда қазақстандықтар жаңа 86 566 жеңіл автомобиль мен коммерциялық техника сатып алған. Бірлестіктің дерегінше, салада құлдырау тіркелуде. Мысалы, тамыз айында ішкі нарық бірден -5,3%-ға құлаған. Қыркүйекте шамалы, 3,3% өсім болғанымен нарықтың бәрібір қалпына келе алмай жатқаны байқалады.

Қытай Қазақстанмен арадағы шекараны жауып тастағаны мәлім. Бұл автозауыттарға қиындық әкеліпті. Қазір бірқатар автосалонда кейбір маркадағы автокөлікті таба алмайсыз, кезекке тұрып, күтуге тура келеді.

"Қыркүйекте ең танымал бюджеттік седандардың бірі Chevrolet Nexiaның саудасы төмендеді, себебі микрочиптер жетпей жатыр. Бірақ алдағы уақытта өндірісі де, саудасы да қалпына келуге тиіс", – деп түсініктеме берді Қазақстандық автобизнес қауымдастығы.

Жалпы жаңа автокөліктердің жартысынан азы ғана отандық өнім. "ҚазАвтоӨнеркәсіп" ЗТБ дерегінше, 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында республикада жалпы саны 39 808 бірлік техника ғана құрастырылған. Олар жалпы сомасы 320 миллиард теңгеге сатылған.

Оның ішінде 34 556 бірлігі ғана – жеңіл автокөлік. Жүк көліктері – 4 253, автобустар – 537, тіркемелер – 340, арнайы техника – 122.

Зауыттар бойынша таратсақ, қостанайлық "СарыаркаАвтоӨнеркәсіп" – 23 962 бірлігін, алматылық "Hyundai Trans Kazakhstan" – 12 319, семейлік "СемАЗ" – 2 113, ауыр жүк көліктерін шығаратын "КамАЗ-Инжиниринг" – 704, алматылық "Hyundai Trans Auto" – 433, Daewoo Bus Kazakhstan – 96, Stahlbau – 13 бірлік машинаны өндірді

Салыстыру үшін айтсақ, 2020 жылдың бірінші жартыжылдығында отандық машинажасау саласы 55,6% өсімге қол жеткізіпті. Биыл кері кетуде: өсімі жарты жыл ішінде 20% болды.

Сарапшылардың айтуынша, көлік сатып алғысы келетін қазақстандықтардың саны 1,6-2 миллион адамды құрайды. Бұл көрсеткіш елдегі көнерген көліктердің істен шығуы қарқынына, "Оператор РОП"-қа утилизацияға тапсырылған көлік санына, сондай-ақ кейінгі жылдардағы халықтың өсіміне негізделген.

Қалай болғанда, отандық автозауыттар қазақстандықтардың автокөлікке деген сұранысын мүлдем қанағаттандыра алмай отыр. Осыны пайдаланған автосалондар өнімдерінің бағасын шарықтатып жіберді, оның үстіне клиенттерін автомобильге қосымша қызметтер мен жабдықтар алуға ("допы") мәжбүрлейді.

Сондықтан қазақстандықтар "темір тұлпарларды" өз бетінше шетелден тасуын жалғастыруда: елу мыңға жуық көлік әкелінген.

Тұйықтан шығар жолды шенеуніктер жапқан ба?

Нарық заңы бойынша ішкі өндіріс сұранысты қанағаттандырмаса, мұқтаждық импорт есебінен өтеледі. Барлық салада осылай. Алайда аққұла автобизнесте импортқа орасан зор кедергілер орнатылған. Шетелден көлік әкелу үшін азаматқа жалпы сомасы жеке бір көліктің құнына дейін баратын утилизациялық алымды, баж бен салықтарды төлеуге тура келеді.

Бұл алапат кедергілерді еңсеруге күші-ресурсы жетпеген азаматтар оны айналып өтудің түрлі жолын іздейді. Соның бірі – аз алым-салық төлеу үшін көліктің құнын төмендетіп көрсету болатын. Схема қарапайым: алыс-жақын шет елдердің бірінде автосалоннан су жаңа көлікті көз қылып, тиісті бағасына жергілікті тұрғын сатып алады да, ізінше оны "әлдеқайда арзан бағамен" Қазақстан азаматына сатады. Нәтижесінде, сатып алусату келісімшартындағы арзандау құнға баж бен салық есептелуге тиіс. Әйткенмен, кеден мен салық салаларына қатар жауапты Мемлекеттік кірістер комитеті бұл қулықты тез-ақ біліп, оған да тосқауыл қойды.

Түркістан облысының тұрғыны Мұрат Құрманғали шетелде өзіне ұнаған қою көк түсті, былтыр ғана конвейерден түскен жаңа көлікті сатып алып, Ақтау порты арқылы елге әкеледі. Барлық алым-салығын төлеген. Бірақ таяуда Маңғыстау облысының мемкірістер департаментінен кедендік және басқа да құжаттарға тексеру жүргізілгені хабарланған хат келеді. Меморган оның ұсынған кедендік декларациясындағы, басқа да құжаттардағы көрсетілген мәліметтерді зерделей келе, кедендік баж бен салықтар қате есептелген деген қорытындыға келеді.

Сондықтан түркістандықтан тағы 340 мыңдай теңге кедендік баж, салықтар және өсімпұлды төлеуді талап еткен.

Мұрат кедендік тексеру қорытындысымен келіспейді. Оның үстіне ол кедендік рәсімдеу кезінде 2020 жылы шығарылған, қозғалтқышының көлемі 2,5 литр болатын Toyota Corolla седанының құжаттары мен мәліметтерін ұсыныпты. Ал салықшылар оның құнын қайта есептегенде Toyota Camry маркасының бағасын басшылыққа алған.

"Бұл екеуі мүлдем басқа модель ғой! Мемкірістер департаменті оның бағасын 10 196 доллар, кедендік құнын 4 507 965 теңге деп белгілеген. Олар "Oacle BI" деректер базасын пайдаланып, "ұқсас тауар" деп соның бағасын қолданған. Заң бойынша мен кедендік операцияны жасау үшін қажетті барлық құжаттар мен мәліметтерді ұсындым. Демек кедендік органға ақпараттық жүйелердегі мәліметті пайдалануына еш негіз жоқ еді. Сондай-ақ кеденшілер 4 507 965 теңге деген соманың қайдан шыққанын негіздейтін ақпаратты да ұсынбай отыр", – деп қапаланады ол.

Билік не дейді?

Алайда оған жүздеген мың қосымша салық, баж және өсімпұлды бәрібір төлеуге тура келетінге ұқсайды. Мемкірістер комитеті аумақтық департаментінің әрекетін дұрыс деп таныды. Өйткені салықшылар азаматтың көлікті сатып алудағы мәмілесінде көрсетілген бағаны қомсынып, оны салық төлеуде басшылыққа алмаймыз деп отыр.

МКК-нің дәйектеуінше, "Кедендік реттеу туралы" кодексінің  тауарлардың кедендік құнын анықтауға қатысты 65-бабының 10-бөліміне сәйкес, тауарлардың кедендік құны және оны айқындауға қатысты мәліметтер анық, саны жағынан айқындалған және құжатпен расталған ақпаратқа негізделуге тиіс.

"Ал Кодекстің 66-бабының 2-бөліміне сай, егер осы баптың 1-тармағында көрсетілген шарттардың ең болмаса біреуі орындалмаған жағдайда, көлік үшін іс жүзінде төленген баға оның кедендік құнын айқындау үшін қолайлы болып табылмайды және бұл жағдайда тауармен жасалған мәміле құны бойынша әдіс қолданылмайды. Сонымен бірге тексеріс кезінде баға ақпаратының көзі ретінде Toyota Camry маркасының бағасы қабылданғандықтан, көліктің кедендік құны дұрыс анықталмағаны белгілі болды. Осыған орай департамент Toyota Corolla маркасының бағасын қолдана отырып, көлік құралының кедендік құнын қайта қарады", – деп түсіндірді Мемкірістер комитеті.  

Меморган көліктің кедендік құнын қайта есептеу бойынша аумақтық департаменінің іс-әрекетін "құқыққа қайшы емес" деп тапты.

Ал жаңа көлік иесіне 337 мың теңгедей соманы төлеуі керектігін ескертті.

Салықшылар салықты өздері ғана білетін бұлыңғыр схемалармен есептейтінді шығарды, мән-жайын, егжей-тегжейін түсіндіру жұмыстарын жүргізбейді. Халықтың көңілін қалдыратыны да осы.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу