Осы мақсатта еліміздің Қаржы министрлігі жаңа заң әзірлеп шықты. Құжат "Кейбір заңнамалық актілерге қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" деп аталады.
Ол бойынша қаржылық қадағалау жаңа операция түрлеріне де таралмақ. Осы арқылы қаржылық мониторингке алынатын ақшалармен және басқа мүліктермен операциялар түрлерінің тізімі кеңейтіледі.
Қаржы министрлігінің түсіндіруінше, тізімнің жаңа операция түрлерімен толтырылуы елден капиталдың әкетілуінің алдын алуға бағытталуда.
"Қадағалайтын уәкілетті органға келіп түсетін офшорлық аумақтарға қатысты операциялар туралы ақпараттар көлемін елден әкетіліп жатқан капиталдың көлемі туралы ақпаратпен салыстыруға да келмейді. Офшорлар қазақстандық капиталды өзіне тартып, қордалайтын басты бағыт болып табылатынына қарамастан, Қазақстаннан ағып кеткен капиталдағы олардың үлесі кемуде. Мәселен, 2018 жылдың бірінші жартыжылдығы қорытындысы бойынша офшорлар үлесі небары 38,5%-ды құрады. Бір жыл бұрын оның үлесі 64%-ға жететін. Осылайша, операциялар параметрлерін кеңейту қалыптасып отырған үрдіске жауап береді", – деп мәлімдеді қаржы министрлігі.
Ұлттық банктің бүгін жарияланған "Қазақстанның 2018 жылғы төлем балансы және сыртқы борышы" туралы есебінде айтылғандай, "2014-2017 жылдарда қаржы ресурстарының нетто-әкелінуі" тіркелген. Қарапайым тілге аударсақ, елімізге шетелден келген қаражат көлемі елімізден сыртқа әкетілген ақшадан асып түскен. Жағдай былтырдан бастап күрт өзгеріпті.
"2018 жылдың нәтижесі бойынша елден капиталдың таза әкетілуі (айырмасы) 2,6 млрд доллар болды. Әкетілу портфельдік және басқа да инвестициялар бойынша операциялармен негізделді, ал тікелей инвестициялау операциялары сыртқы қаржыландырудың негізгі көзі болып қалуда", – дейді қаржылық реттеуші.
Басқа айтқанда, шетелге ақша әкетушілер оны "инвестиция" деп негіздей салады.
Капиталдың шетелге кетуіне тек инвесторлар ғана емес, сондай-ақ ұлттық компаниялар мен мемкәсіпорындар да үлес қосқан. Себебі, шетелдік міндеттемелерін өтеген.
"Портфельдік инвестициялар бойынша ресурстардың әкетілуі ең алдымен, есепті жылдың басында "ҚазМұнайГаз" барлау өндіру" АҚ-тың өз акцияларын және ауқымды депозитарлық қолхаттарды сатып алуы және Қазақстан эмитенттерінің өз еурооблигацияларын өтеуі нәтижесінде портфельдік инвестициялар бойынша міндеттемелердің төмендеуімен байланысты болды. Басқа инвестициялар бойынша нетто-әкетілу басым түрде резиденттердің шетелдік активтерінің өсуі есебінен 4,7 млрд АҚШ доллары көлемінде болып қалыптасты", – делінген есепте.
Сонымен бірге, жатжұрттық мигранттар да ақшаның әкетілуіне қомақты үлес қосуда.
"Қазақстанда жұмыс істейтін шетелдік азаматтардың табыстары 5,4%-ға өсті. Бұл ретте қазақстандық кәсіпорындар жұмысқа тартқан бейрезиденттердің (шетелдіктердің) еңбегіне ақы төлеу көлемі 2018 жылы 878 миллион долларға жетіп, 2,8%-ға ұлғайды. Бейресми жұмыс істейтін ТМД елдерінен келген еңбек иммигранттарының жалақысы бағалау бойынша 708 миллион долларға жуық болды", – деп хабарлады ұлттық банк.
Айтқандай, осы орайда бір қызықты мәлімет анықталды: қаржылық реттеуші шетелдік елшіліктерде жұмыс жасайтын қазақстандықтардың қанша алғанын мәлім етті:
"Қазақстан аумағындағы шетелдік елшіліктерде және халықаралық ұйымдардың өкілдіктерінде жұмысқа тартылған Қазақстан азаматтарының еңбегіне жыл ішінде 4 миллион долларға жуық ақы төленген".
Әрине, бұл қаражат негізінен ел ішінде қалды. Ал шетелдік, негізінен, посткеңестік елдердің келімсектері табыстарын үлкен көлемде өз елдеріне аударған.
"Жеке тұлғалардың Қазақстан сыртқа жіберген өтеусіз ақша аударымдары (жеке трансферттері) 1,1 млрд долларды құрады, ол 2017 жылғы көрсеткіштен 7,9%-ға (немесе 93 млн долларға) төмен. Аударымдардың қысқаруы, негізінен, Ресей Федерациясына аударымдардың азаюы (ұлттық банктің бағалауы бойынша 120 млн долларға) есебінен болды. Алайда есепті кезеңде Қырғызстанға (35 млн. долларға көбейді), Өзбекстанға (14 млн. долларға) және Түркияға (31 млн долларға) аударымдардың ұлғаюы байқалды", – деді қаржылық реттеуші.
Қазақстан әлгі аталған заң аясында ақша және мүлік бойынша ірі операциялар туралы қаржылық мониторинг органына дер кезінде ақпарат бермеген кәсіпкерлерге жазаны күшейтпек.
"Қаржы мониторингі субъектілерінің қаржы мониторингіне жататын ақшамен және өзге мүлікпен операциялар туралы ақпаратты бермеуі, уақытылы бермеуі: жеке тұлғаларға – 50, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 140, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 220, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 400 айлық есептік көрсеткіш (1 миллион теңгедей) мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады" делінген заң жобасында.
Ал егер қаржы министрлігі сұратқан осындай ақпаратты беруден бас тартса, "жеке тұлғаларға – 30, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 80, орта кәсіпкерлік субъектілеріне 200, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 300 АЕК айыппұл салынады".
Қаржы мониторингі субъектілері қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласында даярлау және оқыту бағдарламасын орындамауы "жеке тұлғаларға – 20, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 50, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 150, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады".
Егер қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті органның шешімі бойынша кәсіпкер күдікті клиенттердің операцияларын тоқтатпаса, "жеке тұлғаларға – 50, лауазымды адамдарға, нотариустар мен адвокаттарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 140, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 220, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 400 АЕК айыппұл салынбақ".
Басқа да айыппұл жазалары қарастырылуда.
Жанат Ардақ