ШҚО-да кейбір аудан орталығын Қытай шекарасына жақындата көшіру жоспарланып отыр

1570

Бұл туралы үкімет кулуарында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров айтты. Оның сөзінше, халық жаппай көшіп кеткен ауылдарды қалпына келтіру үшін министрлік пен Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі бірлесе жоспар құрып жатыр, деп хабарлайды Inbusiness.kz тілшісі. 

ШҚО-да кейбір аудан орталығын Қытай шекарасына жақындата көшіру жоспарланып отыр Фото: inbusiness.kz

Еске сала кетсек, бұған дейін Inbusiness.kz тілшісі шекарадағы ауылдардың мәселесін зерттеп жазған еді. Атап айтқанда, Қытайдың Қазақстанмен шекаралас аймақтарында дүркіреп жаңадан қалалар салынып жатқаны айтылған. "Ал Қазақстан қаңыраған аудан-ауылдарын қалпына келтіре ала ма?" деген мәселе көтерілген. Экс-депутат Ерлан Сайыровтың айтуынша, Қазақстанның 1997 жылғы территорияны оңтайландыру бағытындағы жұмысы – саяси қателік болған.

Әлібек Қуантыров бұған дейін шекарадағы ауылдардың мәселесі негізінен "Ауыл- ел бесігі" жобасының аясында ғана іске асырылатынын ғана айтқан еді. 

Inbusiness.kz тілшісі бүгін министрден "шекарадағы ауылдарды қалпына келтіру үшін жеке бағдарлама қажет деп есептемейсіз бе?" деп сұрады.

"Өздеріңіз білетіндей, ауылдан халық көшіп кеткеннен кейін кейбір аудан орталықтары бері қарай көшті. Жоспар бойынша, Шығыс Қазақстан облысының әкімдігімен бірлесіп, жұмыс жүргізіп жатырмыз. Кейбір аудандарды қайта бөліп, аудан орталықтарын шығысқа қарай, шекара жаққа көшіреміз", - деп жауап берді Қуантыров.

Ол сонымен қатар Ресеймен шекаралас ауылдардың проблемасы туралы пікір білдірді. Ол жақтағы ауылдардан да адамдар жаппай көшіп жатқаны белгілі.

 "Біз ол ауылдардың болашағы жоқ деп ешқашан айтқан емеспіз. Тірек ауылдар мен оған серік ауылдар іріктелген болатын. Даму әлеуеті әлдеқайда жоғары ауылдар бар, онда халықтың 90%-дан астамы тұрады. Халқының саны аз, даму әлеуеті төмен ауылдарға да көңіл бөлініп отыр.  Бірақ "Ауыл – ел бесігі" бағдарламасының аясында емес, басқа бағдарламалардың аясында. Қаражат бірінші кезекте жергілікті бюджеттерден бөлінеді. Өйткені бұл жергілікті атқарушы органдардың да жауапкершілігі. Шекарадағы ауылдарға үкімет тарапынан да, жергілікті әкімдіктер тарапынан айрықша көңіл бөлінеді", - деді министр.

Министр шекара заставаларына жақын орналасқан ауылдар мемлекет қолдауынсыз қалмайтынын айтады.

"Ресеймен шекарада жатқан ауылдарға қатысты айтсақ, адам тым аз тұратын ауылдар бар. Бәлкім бұл табиғи процесс шығар – адамдар ауылдан көшіп жатыр.  Бірақ іргесінде шекара бекеттері тұрған ауылдар бар. Олар үнемі қолдау көретін болады. Өйткені шекара бекеттерін қайтакенде де қолдау қажет. Бұрын да айтқанмын, шекара бекеттері тұрған жердің маңайында инфрақұрылым жетілдіріледі", - деді Әлібек Қуантыров.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу