ШҚО-дағы "Күміскент" қандай қала?

2358

Мамин Үкіметі ауылға айналдыра алмаған қаланың ахуалы күрделі.

ШҚО-дағы "Күміскент" қандай қала?

Қазақ хандығының жеріне дендей енген отаршыл патша әскерлері Шығыс Қазақстан аумағында "Устькаменный" (қазіргі Өскемен) бекінісін тұрғызады. 1791 жылдың көктемінде Бұқтырма өңірін тізе бүктіруге жасақшылар аттанады. Олардың арасында тау шебері, отарланған жерлердің қазынасы есебінен патша өкіметін ресурстармен, соның ішінде түрлі-түсті металмен қамтамасыз етуге жауапты зерттеушілердің бірі Герасим Зырянов болған. Кейін Қазақстанның бір қаласы мен ауданына оның аты берілгені мәлім.

Ақсақалдар отаршылардың тұрғылықты халыққа тізесін батырып қана қоймай, сонымен бірге жергілікті табиғатқа нұқсан келтіріп, жан-жануарды қырумен айналысқанын әңгімелейді. Қалай болғанда, марал мен теңбіл бұғыларды аулау кезінде Г.Зыряновтың көзі жерде жатқан айрықша, ақшыл тасқа түседі. Жолқапшығына салып, алып кеткен сол тасы тап-таза күміс болып шығады. Осы өңірде пайда болған қала кеңес тұсында Серебрянск аталды. Әділін айта кеткен жөн, бұл өлке жерінің асты қазынаға толы екенін, әсіресе, күміс көп қордаланғанын халқымыз оларсыз-ақ, ежелден білген. Сақ, ғұн бабаларымыз метал балқытқан. Бертінде қолөнершілер, ұсталар өз бетінше күміс өндіріп, әшекейлер мен халық тұтынатын бұйымдар жасаған.

Бюджеті айырбастау бекетінің айналымынан аз қала

Айта кетер жайт, Елбасының шешімімен 2018 жылдың 28 желтоқсанында аудан мен қала Зырянов есімінен арылып, айтуға жағымды әрі мәртебелі Алтай атауына ие болды. Ал Серебрянск сол бойы орысша атауымен қалып қойды.

Екі жыл бұрын ел Үкіметі бұл елді мекеннің қала атауына лайық еместігі туралы мәселе көтерді. Мәселенің өзекті екенін 2020 жылғы қарашада Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі растады. ШҚО Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының мәліметінше, облыста аудандық маңыздағы 6 қала бар, оның екеуі өз мәртебесіне сәйкес келмейді. Заңнама бойынша аудандық маңызы бар қалаларға 10 мыңнан көп тұрғын тұратын елді мекендер жатады. Сондықтан Үкімет пен әкімдік тұрғыны аз Серебрянск пен Шарды қала мәртебесінен айырып, ауылға айналдыруға ұйғарған.

Осыған орай "Қазақстанның әкiмшiлiк-аумақтық құрылысы туралы" заңына түзетулер әзірленді. Заң жобасында жергілікті әкімдікке және мәслихатқа қала тұрғындарының пікірін ескере отырып, қаланы ауыл ретінде қайта құру туралы Үкіметке ұсыныспен шығуға құқық берілді. Ол заң 2020 жылғы 12 желтоқсанда (№383-VI ҚРЗ) күшіне енді.  

Алайда мәжбүрлеу болмаған соң, Серебрянск сол бойы қала мәртебесінде қалып қойды.

Қала ШҚО-ның Алтай ауданында, Ертіс өзенінің оң жағалауында, Өскемен су қоймасының жанында орналасқан. Қала мәртебесін 1962 жылы иеленді.

Қала бюджеті оның қазіргі жағдайынан хабар береді. Алтай ауданы мәслихатының шешімімен бекітілген Серебрянск қаласының 2021 жылғы бюджеті – 97 миллион 122 мың теңгені құрады. Салыстыра кетсек, елордадағы бірқатар валюта айырбастау бекеттерінің 1 айлық айналымы бұдан кем дегенде 1,5 есеге көп.

Әрине, қала дотациялы болып табылады. Ол бюджетінің үштен бір бөлігін ғана өзі табады. Нақтылай кетсек, салықтық түсімдер түрінде 32 млн 920 мың теңге, салықтық емес түсімдер ретінде – 512 мың теңге жинайды. Қалған 61 млн 46,4 мың теңгесін трансферт түрінде аудан бюджетінен алады.

Осы қаражаттың басым бөлігі шенеуніктерді ұстап тұруға жұмсалады. Атап айтқанда, "аудандық маңызы бар қала әкімінің аппаратына" 65,2 миллион теңге қарастырылған.

Одан кейінгі ең үлкен сома – 24,8 млн теңге көлiк және коммуникацияға бағытталды.     

Елді-мекендерді көркейтуге биыл – 7,1 млн теңге, көшелерді жарықтандыруға – 4,7 млн теңге беріліпті.

Елді мекендердің санитариясын қамтамасыз етуге – 800 мың, жерлеу орындарын ұстау және туыстары жоқ адамдарды жерлеу үшін – 600 мың теңге бөлінген.

Қала бюджетінде өзге салаларға қаражат қарастырылмаған. Әдетте ірі шығындар жоғары тұрған бюджеттен қаржыландырылады.

Көңілсіз көрініс жайлаған шаһар

Жергілікті тұрғындар Серебрянсктің депрессивті қала екенін ашық айтады. Қалаға тіпті автобус қатынамайды, тек таксимен ғана жетуге болады. Азын-аулақ азық-түлік дүкендері, жалғыз дәмхана, өткен ғасырдың ортасында салынған екі қабатты тұрғын үйлер. Олардың көбі қазір қаңырап бос жатыр. Ал адамдар тұрып жатқанының өзі күрделі жөндеуге зәру. 1999 жылы қалада 56 269 тұрғын тұрыпты. 90-шы жылдары негізінен Ресейге үдере көшкен.

Қалада "Қазмырыштың" құрамына кіретін жалғыз Бұқтырма ГРЭС-і ғана тұрақты жұмыс істеп тұр. Кеңес кезінде стратегиялық ұйым және қала құраушы кәсіпорын саналған "Серебрянск бейорганикалық өндіріс зауыты" проблемалардан және банктер алдындағы берешектерінен еңсе тіктеу алмады. Өткен жылы ақпарат құралдары зауыттың өз қызметкерлері алдындағы жалақы бойынша борышы 30 миллион теңгеден асқанын хабарлады.

Содан 2020 жылғы маусымда Серебрянск қаласына барған Алтай ауданының әкімі Қалихан Байғонысов осы зауыт ішінде медициналық бетперде тігу цехына арнайы бас сұқты.

"Мұнда бетперде тігуді жолға қою аудан тұрғындарының қажеттілігін қамтамасыз етеді", – деп хабарлады сонда аудан әкімдігі. Дегенмен, шығысқазақстандықтар Серебрянскіде шығарылған бетперделерді саудада байқамағандарын айтады.

Қалада Серебрянск технологиялық колледжі бар, әкімдік оны жөндеп шыққан. Онда акт залы пайда болмақ.

Жалпы, бұл моноқала халықаралық түгіл, отандық ақпарат айдынында жаңалықтарға іліге бермейді. Мысалы, 2020 жылғы 11 желтоқсанда Серебрянск қаласы әкімінің кезектен тыс сайлауы өтті. Ол кезде әкімдерді тікелей сайлау заңы күшіне ене қоймаған. Сондықтан қала басшысын Алтай ауданы мәслихатының 14 депутаты дауыс беріп, сайлады. Нәтижесінде, жергілікті әскери бөлімдердің зымыран-зениттік полкінің бұрынғы командирі Нұрлан Махамбетов жеңіп шықты. Ол жергілікті тұрғын болғандықтан, қаланың барлық проблемасын біледі. Нұрлан Мұхтарұлы Серебрянсктің қала мәртебесін сақтап қалуға күш салуда, әйтпесе жастар тегіс кетіп қалуы мүмкін.

Дегенмен, қалада жастарды ұстап қалуға жағдай жасалмаған. Жұмыс тым аз, олардың жалақысы аз. Жастардың көңіл көтеруіне арналған ойын-сауық орталықтары жоқ. Содан жастар мектепті немесе колледжді бітіре сала не Өскеменге, не Семейге, не Ресейге кетіп қалуға ұмтылады. Қаладағы 8,1 мыңнан астам тұрғынның 730-дан астамы 18–29 аралығындағы жастар.

Жалпы, бюджеттің аздығы, қаланың Бұқтырма ГРЭС-і секілді іс басындағы жалғыз ірі кәсіпорынға тәуелділігі адым аштырмайтынға ұқсайды. Бейорганикалық өндіріс зауытында бірлі-жарым шағын кәсіпкерлік нысандары кеңсе ашып, өз істерін өркендетуге тырысуда.

Қаланың тынысын не ашатыны, өрісін қалай кеңейтетіні әзірге белгісіз.

Елімізде Серебрянск секілді 27 моноқала бар. Бәрінің жағдайы егіз қозыдай бір-біріне ұқсас.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу