Щучинск пен Бурабай бюджетінің ерекшеліктері анықталды

4962

Жергілікті халық неге наразы?

Щучинск пен Бурабай бюджетінің ерекшеліктері анықталды

Әлемдегі өркендеуі озық елдерде курорттық аймақтың бәрі бай болып келеді. Шетелді айтпағанда, іргедегі Ресейдің Сочиінің бюджеті 2020 жылы бірден 13%-ға артып, 15 миллиард рубльден асты. Бұл шамамен 84,6 миллиард теңгеге бара-бар. Ал қанша жыл Швейцарияға теңеп жүрген ең көркем курорттық орнымыздың бірі – Бурабайдың бюджеті қандай?

Бурабай аудандық мәслихатының депутаттары Щучинск қаласының, Бурабай кентінің және Бурабай ауданы ауылдарының 2020–2022 жылдарға арналған бюджеттерін өзгерту туралы шешім қабылдады.

Оған сәйкес, Щучинск қаласының бюджеті, яғни шығындары биыл 512 миллион 280 мың теңгені ғана құрайды. Яғни, тіпті 1 миллиард теңгеге де жетпейді. Курорт-қаланың биылғы кірістері – 497 млн 856 мың теңге көлемінде болжанған. Соның ішінде: салықтық түсімдер – 414 млн 217 мың теңге, салықтық емес түсімдер – 3 млн 591 мың теңге, республикалық бюджеттен бөлінетін трансферттердің түсімдері – 80 млн 48 мың теңге. Нәтижесінде, Щучинскіде 2020 жылы 14 миллион 424,2 мың теңге бюджет тапшылығы қалыптасты.

Салыстыру үшін айтсақ, осы қаланың 2019 жылғы шығындары – 609 млн 189,6 мың теңге, бюджет тапшылығы – 8 млн 857,6 мың теңге ғана болған. Ал кірістері – 600 млн 332 мың теңгеге жеткен.

Атап өтер жайт, шипажайлар самсай орналасқан жағажайдағы Бурабай кентінің бюджеті қаланыкінен көп: осы жылғы шығындары – 551 млн 773,8 мың теңгеге жетті. Алайда оның да бюджет тапшылығы үлкен – 76 миллион 704,8 теңге.

Кенттің төл кірістері – 475 миллион 69 мың теңге. Соның ішінде төл табысы тым мардымсыз: салықтық түсімдері – 28 млн 689 мың теңге, салықтық емес түсімдері – 3 млн 582 мың теңге. Қалғанын – 442 миллион 798 мың теңгені ол орталық бюджеттен трансферттер түрінде алады.

Былтыр Бурабай кентінің шығындары – 126 млн 899,2 мың теңге, бюджет тапшылығы бар-жоғы 915,2 мың теңге, кірістері – 125 млн 984 мың теңге, трансферттердің түсу көлемі – 59 млн 466 мың теңге болды.

Басқаша айтқанда, "қазақстандық Швейцария" – дотацияға тәуелді өлке. Содан болса керек, курорттық өңір дамуда кешеуілдеуде. Жергілікті тұрғын Нұрлан Сүйіндіков қала жолдарының нашарлығына шағымданады.

"Биыл Щучинск қаласында жолдарды жөндеу басталды. Әуезов көшесінен бастап, "Коммунистическая" көшесіне дейінгі аралық қамтылуда. Біз бұған қатты қуандық. Риза болдық. Себебі, жол жақсы болса бүкіл қаланың өңі ажарлана түседі. Алайда жөндеу жұмыстарының сапасы мен орындалу мерзімі көңіл көншітпейді.

Жолдың әбден тозған ескі жабынғысы 2 ай бұрын сүріліп тасталды. Біраз көшеде содан бері жаңасы төселмеді. Жекесі бар, қоғамдығы бар, көлік атаулы селкілдеп жүріп, елдің зықысы шығады. Салдарынан, жолдарымыз бұған дейін болған күйінен де нашарлады", – дейді ол.

"Тоқал ешкі мүйіз сұраймын деп құлағынан айырылды" дегеннің кері келген. Азаматтар өз бетінше зерттеу жүргізіп, мұның мән-жайын білген көрінеді. Қаражаттың уақытылы бөлінбеуі кесірінен құрылысшылар жұмысты орта жолда қалдырып, кетіп қалыпты. Олар ақша түскенде қайта жалғастырмақ.

Жұртшылық тротуарлар мен жүргінші жолдарының жағдайы да сын көтермейтінін айтады. Таяуда Әуезов көшесіндегі жекелеген жол телімдері дуалмен жабылып тасталғанда адамдар сол жердегі үйлеріне не бара алмай, не одан шыға алмай қалыпты. Бұл жөндеу жұмысында үйлесімсіздіктен хабар берсе керек.

Бұдан бөлек, Щучинск тұрғындары коммуналдық шаруашылық қызметіне өкпелі. Мысалы, қоқыс уақытылы әкетіле бермейді екен. Әсіресе, демалыс немесе мереке күндері қоқыс жәшіктерінің айналасы күлімсі иісі қолқаны атқан полигонға айналады, аулаққа дер кезінде тасылмаған тұрмыстық қалдықтардан "тау" түзіледі.

Өз кезегінде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі биыл "Щучинск-Бурабай курорттық аймағын сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін салу" жобасын қолға алды. Оны іске асыру нәтижесінде 12,3 шақырым сумен жабдықтау және кәріз құбырлары төселуге тиіс. Нақтылай кетсек, 2020 жылы – 4,1, 2021 жылы – 4,1 және 2022 жылы – 4,1 шақырым су желісі тартылуы керек.

Нәтижесінде, Бурабай ауданындағы Қатаркөл және Щучье көлдерінің айналасында орналасқан шипажайлар және балалардың сауықтыру орталықтары сумен жабдықталады деп күтілуде. Бұл Щучинск-Бурабай курорттық аймағын дамытудың ІІІ кезеңі аясында жүргізілуде.

Оның аясында тек сумен жабдықтауға ғана 2021–2023 жылдар аралығында республикалық бюджеттен жыл сайын 1 млрд 355,2 млн теңгеден бағытталатын болады. Осы сома қала бюджетінен 3,5 еседей көп.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу