Шығыс Қазақстанда екі бірдей ауыл ауызсусыз отыр

1910

Ауылға құбыр тартқанымен, су әлі жоқ.  

Шығыс Қазақстанда екі бірдей ауыл ауызсусыз отыр

Шығыс Қазақстандағы Самар ауданында екі бірдей ауыл ауызсусыз отыр. Тұрғындар суды жер құдықтан алуға мәжбүр, деп жазады inbusiness.kz тілшісі. 

Жоба бойынша Көкжыра ауылын ауызсумен қамту жұмыстары 2020 жылдың соңында аяқталуы керек болған. Өкінішке қарай, тұрғындар әлі күнге дейін қарақұдықтан су ішіп отыр. Әкімдіктің "әне-міне" деген уәдесінен жалыққан тұрғындар редакциямызға хабарласты. 

– Ауызсуымыз жыр болды. Күте-күте зарығып біттік. Қазір үйіміздің ауласындағы қарақұдықтан су ішіп отырмыз. Басқа амалымыз жоқ. Әу баста "бәрін қарық қыламыз" деген сөздерінің нәтижесі осы, міне. Сусыз қалдық. Ауызсуды осы қыстан қалдырмай кіргізіп берсе, – дейді Көкжара аулының тұрғыны Назира Қоқашпаева.

Айта кетейік, Самар ауданы биыл ғана жеке аудан болып құрылған. Осыған дейін Көкпекті ауданына қараған. 2020 жылы Көкпекті ауданының әкімінің орынбасарының мәліметінше,  Көкжыра ауылындағы су құбырларын тарту жұмыстарын "Дороги Востока" ЖШС жүргізген. Жобаның жалпы құны 484,645 млн теңгені құраған. 

Тұрғындар мердігер су тарту жұмыстарын халықтың емес, өз ыңғайларына қарай жүргізгенін айтады. Олай дейтініміз, кейбір үйге су кіргізу үшін ұзындығы 70-80 метрлік терең арық қазу керек екен. 

– 10 баланың анасымын. Үйдің маңайына дейін қазып әкеп беремін деді, оны әрі қарай тартатын менің құралым жоқ, екі балам – студент. Мектепте алты оқушым бар, балабақшаға бартын 2 жастағы ұлым бар, оны қалай кіргізем, – дейді Көкжара аулының тұрғыны Райхан Құсайынова.

Көкжырадағы су тарататын станция расымен де жұмыс істеп тұрған нысанға ұқсамайды. Маңайын арам шөп басып жатыр.Оның үстіне әр жерден қазылған ордан мал өте алмай жүр.

Іргедегі Құлынжон ауылында да осындай жағдай. Жергілікті жұрт екі жұмысшы бір трактор атқарған шаруадан нәтиже көрмедік деп зар илеп отыр.

Округ әкімі ауыз судың берілмеуіне тұрғындардың өзі кінәлайды. Өйткені жоба басталғанда әр ауылдан 40-50 адам су  тартқызамыз деп қолдапты. Енді ол ойларынан айнып қалған. 

–  Ауылға су құбырларын тартып, әр үйдің жанына дейін құдық орнатып бердік. Енді сол құдықтан үйге су кіргізу мәселесі бізге қарамайды. Өздері кіргізу керек. Әр үйдің ішіне дейін су тартуға бізде қаржы жоқ, - дейді Құлынжон ауылдық округінің әкімі Самарқан Демесінов.

Алайда ауылдықтар магистарльға су келіп тұрғанына күмәнмен қарайды. Сондықтан округ әкімі ауыл тұрғындарымен арнайы комиссия құрып, құбырдың жұмыс істеп тұрғанын дәлелдейтін болды. Тұрғындар тек содан кейін ғана үйлеріне су құбырын тартып кіргізбек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу