Осылайша, шылымқорлардың жеңсік өнімі кейінгі 5 жылда бірден 2 еседей қымбаттап отыр.
Мысалы, 2020 жылғы 1 қазаннан бастап фильтрлі, фильтрсіз 20 тал сигаретке және папиростарға, яғни, 1 қорабына 470 теңге ең төменгі бөлшек сауда бағасы белгіленген болатын.
Енді биылдан бастап ең төменгі баға 870 теңгеге дейін көтеріліп отыр.
Бұл туралы Қаржы министрлігінің кеден мен салыққа жауапты Мемлекеттік кірістер комитеті хабарлады.
Ведомствоның хабарлауынша, бұл жаңашылдық Қаржы министрінің 2022 жылғы 22 ақпандағы "Фильтрлі, фильтрсіз сигареттерге, папиростарға, сигариллаларға және қыздырылатын темекісі бар бұйымдарға ең төмен бөлшек сауда бағаларын белгілеу туралы" №196 бұйрығына сәйкес, өмірге жолдама алды.
Еліміздің бас қаржыгері Ерұлан Жамаубаев болып тұрған тұста қабылданған бұл бұйрыққа Қаржы министрі Мәди Такиев 2024 жылғы 4 шілдеде №419 бұйрығымен өзгеріс енгізді. Ол былтырғы 15 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді.
"Темекі өнімдерінің өндірілуі мен айналымын мемлекеттік реттеу туралы" заңының 5-бабы 2-1) тармақшасына сәйкес бұйырамын. 20 (жиырма) фильтрлі, фильтрсіз сигаретке, папиростарға, сигариллаларға және қыздырылатын темекісі бар бұйымдарға:
- 2024 жылғы 15 шілдеден бастап 2024 жылғы 31 желтоқсанды қоса алғанға дейін 820 теңге;
- 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап 870 теңге мөлшерінде ең төменгі бөлшек сауда бағалары бекітілсін", – делінген жаңарған бұйрықта.
"Ең төменгі шегінің көтерілуі сөзсіз, темекі бұйымдарының бөлшек саудадағы бағасының қымбаттауына әкеледі. Жалпы, ең төменгі бөлшек сауда бағаларын енгізудегі басты мақсат – халық арасында темекіні тұтынуды азайту және шылым шегудің адамдар денсаулығына теріс әсерін төмендету болып табылады", – деп түсіндірді Мемкірістер ведомствосының сарапшылары.
Бұл жаңалық еліміздегі барлық шылымқордың қалтасына және отбасылық бюджетіне әсер етеді. Өйткені ереже бойынша бұдан былай әр қорабы 870 теңгеден арзан тұратын бірде бір темекі болмауға тиіс.
Бұл шектен мың есе қымбат баға белгілеймін десе өндіруші мен сатушының өз еркі. Бірақ бұдан арзан болмауға міндетті.
Қазақстанда контрафакт және контрабанда темекі өнімдерінің қаптап кеткенін Қаржы министрлігі жоққа шығармады.
"Қазақстан заңдарының талаптары тиісті дәрежеде орындалмайды. Оларды бұзғаны үшін салмақты әкімшілік жаза болмағандықтан, саудагерлер ол талаптарды елемейді. Мұны тауарларды таңбалау мен қадағалаудың ақпараттық жүйесінен алынған мәліметтер куәландырады. Бір жыл ішінде бөлшек саудада халыққа өткізілген 1,02 миллиард таңбаланған темекі өнімдерінің тек 7,5%-ы ғана бақылау-кассалық машиналар арқылы сатылды. Темекі өнімдерінің бөлшек саудасынан бюджетке түспеген табыс кемінде 22 миллиард теңгеге бағаланады", – деп хабарлады министрлік.
Сондай-ақ 2022 жылдан бастап 2024 жылдың 1 тоқсанына дейінгі аралықта 15 миллиард теңгенің заңсыз темекі өнімі тәркіленді.
Мысалы, таяуда Солтүстік Қазақстан облысына жол талғамайтын көлігімен темекі және "самопал" арақ тасып жүрген азамат ұсталды.
Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның полиция бөлімінің қызметкерлері "Браконьер" рейдін жүргізу барысында Көкалажар ауылдық округінің маңында, "Көкшетау-Рузаевка" автожолында тұрған Toyota Surf автомобиліне назар аударады. Көкшетау қаласының 42 жасар тұрғыны аздап тынығып алу үшін жол бойына тоқтапты.
Оның көлігін тексерген полицейлердің артқы орындықтағы жәшіктерге көзі түседі. Ер адамның 0,5 және 5 литрлік құтыларда жалпы көлемі 190 литр жалған ішімдік және акциздік маркасы жоқ 500 қорап темекі апара жатқаны анықталды. Ол тек айыппұлмен құтылуы мүмкін, заңнамада бұл үшін қылмыстық қудалау қарастырылмаған.
Сондай-ақ СҚО полицейлері Петропавлдың базарларының бірінде темекілерді ешқандай акциздік маркасыз сатып жүрген саудагерді әшкереледі. Жеке кәсіпкердің бутигінен әртүрлі аталымдағы 2 850 қорап шылым тәркіленді. Кәсіпкерге қатысты жиналған материал процессуалды шешім қабылдауы үшін СҚО мемкірістер департаментіне бағытталды.
Оған әрі кетсе, "темекі бұйымдарын сәйкестендіру құралдарымен таңбалау (қайта таңбалау) қағидаларын бұзғаны" үшін 150 АЕК айыппұл салынуы мүмкін. Темір торға қамалмайды.
2024 жылдың соңында Ұлттық статистика бюросы елдегі темекі тұтыну туралы зерттеуінің қорытындыларын жариялады. Зерттеу көрсеткендей, қазіргі кезде Қазақстан халқының шамамен 20,7%-ы темекі тартады. Яғни, бұлардың қатары артып барады. Өйткені 2023 жылғы көрсеткіш – 19,4% болған.
Қазақстанда ерлердің 39,8%-ы, әйелдердің 7,6%-ы шылым шегеді.
Темекі тартпаса, тұра алмайтындардың үлесі ауылда 22,3%, қала тұрғындары арасында – 20%.
Ең көп шылымқорлар Шығыс Қазақстан облысында тұрады: өңір тұрғындарының 27,6%-ы темекіге тәуелді.
Шылымқорлар санының өсуі мемлекет қабылдап жатқан шаралардың жеткіліксіз әрі тиімсіз екенін байқатады.
Сұраныс ұлғайған соң ұсыныс та артты. Бүгінде темекі өнімдерін өндіруді, импорттауды, көтерме және бөлшек саудада өткізуді жүзеге асыратын, жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің саны келесідей:
- Қазақстанда темекі өнімдерін өндірушілер – 4 субъект, оның ішінде 2-еуі – шағын бизнес, 2-еуі – ірі бизнес;
- Темекіні шетелден импорттаушылар – 56 субъект, оның 4-еуі – ірі бизнес, 3-еуі – орта бизнес, қалған 49-ы – шағын бизнес;
- Таратушы дистрибьюторлар – ірі бизнес санатына жататын 2 субъект;
- Көтерме сатушылар – 235 субъект, оның 6-ауы – ірі бизнес және 229-ы – орта бизнес;
- Бөлшек сатушылар – еліміз бойынша 43 785 субъект.
Оның ішінде 37 565-і – шағын бизнес, 181-і – орта бизнес, 109-ы – ірі бизнес. Қаржы министрлігі қалған 5 979 тұлға бойынша Кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімінде олардың санаттары туралы деректер жоқтығын хабарлады.