Шымкент тұрғындарының саны 1 миллион 850 мың адамға жетеді

1958

Шымқалада LRT мен "ШымКАД" салынады. Қала жатақ үйлерден іргесін аулақ салып "жоғарыға қарай" өседі.

Шымкент тұрғындарының саны 1 миллион 850 мың адамға жетеді Фото: gov.kz

Үкіметке Шымкент қаласының 2035 жылға дейінгі жаңа Бас жоспарының жобасы енгізілді. Шымкент әкімдігінің сендіруінше, "бұған дейін Қазақстанның бірде-бір ірі қаласының бас жоспарын әзірлеу кезінде осынша кең ауқымды қоғамдық тыңдаулар өткізілмеген" екен. Негізсіз емес, себебі дәл Шымкенттегідей даму мәселелері дауға толы қаланы табу қиын. Бұл түйткілдерді Inbusiness.kz талай көтерген.

"Бас жоспар жобасына қатысты алғашқы тыңдаулар 2022 жылғы маусым-шілде айларында, бір ай бойы және желтоқсанда бір апта бойы жүргізілді. Талқылауға сәулеткерлер қоғамдастығы, депутаттық корпус, партиялардың өкілдері, кәсіпкерлер тартылды. Ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер жариялады. Осыған арнап, қазақ және орыс тілдерінде 8 журнал шығарылды. Маусым-шілдеде тұрғындар мен компаниялардан 149, желтоқсанда 102 ұсыныс түсті. Барлық ескертпеге жауап берілді. Қалалық басқармалар мен бөлімдердің келісімін алған соң Шымкентің Бас жоспарының жобасы мемлекеттік кешенді қала салу сараптамасынан өтті. Шымкент мәслихатының депутаттары мақұлдады. Бүгінде құжат Қазақстан Үкіметіне бағытталды. Үкімет қаулысы қабылданған соң осы бүкіл жұмыс аяқталады, Бас жоспар бекітіледі", – деп түсініктеме берді Шымкент әкімдігі.

Бас жоспардың барша қазақстандықтарды елең еткізген басты бір жаңалығы – шымқалада елордадағыдай LRT салу.

Бұған жобада бір ғана сөйлем арналған: "меридиандық және ендік бағыттағы екі LRT желісін және бес BRT желісін салу". Бұл ретте қандай компания салатынын айтпағанның өзінде қашан салынатыны және оның қандай көздерден қаржыландырылатыны да көрсетілмеген.

Үш хайуэй – жоғары жылдамдықпен айдауға болатын айналма жолдар салу ұсынылған: Шымкент айналма автожолы (ШымКАД); үздіксіз қозғалыстың жалпықалалық маңызы бар магистральдық көшелері – Ортаңғы айналма жол (ОА) және "ішкі кіші айналма жол" (КА).

"Бозарық тамақ өнеркәсібінің агроиндустриялық аймағының бағытында, яғни қаланың жаңа бөліктеріне қарай магистралдық жолдардың құрылысын шұғыл түрде қолға алу керек. Бәйдібек Би бойындағы қазіргі жалғыз магистралдық жол өзіне түсетін жүктемені еңсере алмай жатыр. Қала әкімдігі тұрғын үй кешендерінің құрылысына жер телімдерін ақылға салмай, оңды-солды үлестірді. Енді олардың бәрі іске қосылды, тұрғынға толды. Шенеуніктер болса, сонша халық сол жақтағы баспаналарына қалай жететінін тіпті ойластырмады", – деп мәселе көтерді қала тұрғыны Антон Данилов.

Фото: instagram.com/shymkent_kelbeti/

Шымкент әкімдігі бұл проблеманы шешу жолдары қарастырылып отырғанын жеткізді.

"Қаланың орталығы мен "Бозарық" тұрғын ауданы арасындағы қатынасты жайлы ету үшін Бас жоспарда Өтегенов пен Адырбеков–Бәйтереков–Алтынсарин меридионалдық көшелерін солтүстік бағытта көктей өтетін жол салу қарастырылады. Бұл жалпықалалық маңыздағы магистралдық көшелермен автобус маршруттері жүретін болады. Бұған қоса, А-2 автожолы бойында LRT желісі салынады. Ал Бәйдібек би көшесімен BRT (жүрдек автобус, метробус) маршруты жолға қойылады", – деп нақтылады әкімдік.

Бұдан бұрын мегаполис әкімі Мұрат Әйтенов шымкенттік LRT 2035 жылға дейін тұрғызылып, іске қосылуы мүмкін екенін мәлім етті.

"Халықтың өсу қарқынына байланысты қаланың Бас жоспарына өзгерістер енгізіледі. LRT, BRT іске қосылатын болады. Сарапшылардың пікірінше, миллиондық қалаға автобустардан бөлек, көліктің баламалы түрі керек", – деді қала басшысы.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта LRT мен BRT-ның сызбалары дайындалып жатыр. Содан кейін бұл мәселені Үкімет талқылап, өз шешімін шығаратын болады.

Шымкенттікі – ұсыныс қана. Тіпті бұл жобадан бас тартылуы да мүмкін. Әйтпесе, билікке Астанадағы ЛРТ-ның жалғыз ғана желісін салу үшін Қытайдан 2 миллиард доллардан астам қарыз алуға тура келді. Жұңғо елі алдындағы сол қарызды болашақ қазақстандықтарға дейін төлеуге тура келеді.

Өз кезегінде Мұрат Әйтенов шымкенттік LRТ-ны салуға инвесторларды тарту мүмкіндігін қарастыруға сөз берді. Бірақ Әйтеновтің 2035 жылға дейін әкім болуы неғайбыл.  

Оның үстіне шымкенттік шенділер өз ЛРТ-сын елордадағыдан да кең ауқымды қылғысы келеді. Егер астаналық нұсқасы бір ғана тармақтан тұрса, ал шымкенттік жоба екі тармақтан құралмақ. Қаланың Сәулет, қала салу және жер қатынастары басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Нұрбол Жүнісбеков таяуда, шілденің соңында журналистерге шымкенттік ЛРТ жобасының егжей-тегжейін баяндады.

Фото: aigak.kz

"Егер жоба жүзеге асса, ЛРТ крест сипатындағы әдіспен салынады. Яғни, қаланың батысын, шығысын, оңтүстігін және солтүстігін байланыстырады. Бір тармағы Ташкент жағынан басталып, Республика, Қонаев даңғылдарымен өтіп, Бозоққа жетеді. Екінші тармағы Темірлан тасжолынан бастау алып, Тәуке хан көшесі арқылы Сайранға дейін барады. Бірақ дәл қазір бұл жобаға деген сұраныс өткір тұрған жоқ. Егер 2035 жылға қарай көлік қатынасына қатысты проблемалар оңтайлы шешімін таппаса, онда бұл жобаны жүзеге асырамыз. Әзірге оның қашан қолға алынатыны белгісіз. Әйтсе де  2035-2050 жылдар аралығына жоспарлап отырмыз", – деді Нұрбол Жүнісбеков.

Ресми мәлімет бойынша Шымкентте, оған қосылған ауыл тұрғындарын есептегенде, 1 миллион 74,5 мыңнан астам адам өмір сүруде. Жаңа Бас жоспарда 2035 жылға қарай қала тұрғындарының саны 1 миллион 850 мыңнан асады деп болжанған. Алматыда қазірдің өзінде бұдан да көп адам тұрады және жағдайлары ЛРТ-сыз да жаман емес.

Қазіргі Шымкент мегаполис деп айтуға ұят екені белгілі. Қала негізінен жеке тұрғын үйлерге, коттедждерге толы. Ал жаңа Бас жоспарға сәйкес, Шымкент "жоғарыға" қарай ұмсынбақ. Яғни, заңғар ғимараттарға баса көңіл бөлінеді. Бұл тұрғын үйге де қатысты.

Бүгінде Шымкент қаласының тұрғын үй қоры жалпы ауданы 19 миллион 844,9 мың шаршы метрді құрайды: шаһарда 135 740 бірлік үй бар. Онда "жетімбұрыш", баспанасыздық мәселесі өзге қалаларға қарағанда аса көкейкесті: бір тұрғынға шаққанда орта есеппен небары 18,5 шаршы метрден ғана келеді. 2035 жылға қарай бұл көрсеткішті 27,8 м2-ге дейін өсіру жоспарланған.

Қаланың тұрғын үй қоры қазіргі уақытта негізінен жеке және 2 қабатты үйлерден құралған. Олар жалпы көлемдегі 19,8 миллионның 13 миллион 850,7 мың шаршы метрін алып жатыр. Яғни, бүкіл тұрғын үйдің 70%-ы көнерген, жатаған баспана. "Қала деуге келмейді, ауыл деуге қимайды" дегеннің кері.

Нағыз мегаполиске лайық көп қабатты тұрғын үй кешендерінің үлесі барлық қордың 30%-ына жетеқабыл. Олардың жалпы алаңы 5 млн 994,2 мың шаршы метр.

Міне, осы еңселі ТК-лар үлесі алда тек арттырылады. Сонымен қатар коттедждер мен жеке үйлер тұрғызуға да ары қарай жер берілмек.

2035 жылға шейін жаңадан салынатын тұрғын үй құрылысының көлемі 31 миллион 610 мың шаршы метрге жетуге тиіс. Соның ішінде:

  • Бақшасы, шаруашылық телімі бар үйлердің үлесі – 4 млн 800 мың м2 (үлесі – 15%);
  • 2-3 қабатты таунхаустар, коттедждер сияқты аз қабатты үйлер – 1  млн 580 мың м2 (5%);
  • Көп қабатты үйлер – 25 миллион 230 мың м2 (үлесі – 80%). 

Кеңес заманында Бас жоспарда жел соғысының бағыты ескерілмепті. Салдарынан "бірқабатты Шымкентті" де түтін басып қалып жатады. Бұл елордадағыдай үлкен проблемаға айналмау үшін жаңа Бас жоспарда желдің ағынының бағыты да назарға алынған көрінеді. Шымкентте жел басым көпшілігінде шығыс жақтан соғады. Тиісінше, қаланың дамуының басты құжатында Шымкенттің батыс бөлігінде, жаңа индустриалдық аймақта ірі өнеркәсіп кәсіпорындарын орналастыру, ал солтүстік-шығыс бағытта үлкен көлемде көп қабатты үйлер салу көзделген.

Қазіргі уақытта Шымкент қаласында өнеркәсіптік аймақтарға 3 650 гектар аумақ бөлінген. Оның ішінде өнеркәсіптік кәсіпорындар мен ұйымдар – 2 340 гектарды, коммуналдық-қоймалық құрылыс кәсіпорындары – 1 310 гектарды алып жатыр.

Айтпақшы, шымкенттік шенеуніктер қаланың Бас жоспарының жобасын әзірлеуге ресейлік Санкт-Петербургтен, украиналық Киевтен және беларустік Минскіден архитекторларды тартыпты. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу