Шыңжаң ауылдарының діни, ұлттық атаулары жойылып жатыр

917

Бұл аймақта жүздеген елді мекенге Компартия жиі қолданатын "бақыт", "бірлік", "ынтымақ" сияқты атаулар берілген. 

Шыңжаң ауылдарының діни, ұлттық атаулары жойылып жатыр Фото: АР

Қытайдың батысындағы Шыңжаң аймағының билігі ұйғырлар мен басқа да этникалық азшылықтар тұратын ауылдардың атауларын билеуші Коммунистік партияның идеологиясын көрсету үшін жүйелі түрде ауыстырып отыр. Бұл – аз ұлттардың мәдени болмысына жасалып жатқан шабуылдардың бір бөлігі. Мұны Human Rights Watch (HRW) ұйымы сәрсенбі күні жариялаған баяндамасында хабарлады.

HRW Норвегиядағы "Uyghur Hjelp" ұйымымен бірлесіп жасаған есепке сәйкес, Шыңжаңдағы 630-ға жуық ауылдың атауы исламды немесе ұйғырлардың мәдениеті мен тарихын еске салдырмау мақсатында өзгертілген.

Баяндамада 2009-2023 жылдар аралығында Қытайдың Ұлттық статистикалық бюросының тізімінде көрсетілген шыңжаңдық 25 мың ауылдың атаулары салыстырылған.

Ауыл атауларынан ұйғырлардың дәстүрлі ішекті аспабы "дутар" немесе қасиетті орынды білдіретін "мазар" сияқты сөздер алынып тасталып, олардың орнына "бақыт", "бірлік", "ынтымақ" сияқты сөздер жиірек қолданыла бастаған. Бұл терминдердің бәрі Коммунистік партияның бағдарламалық құжаттарында жиі кездеседі.

Қытай Сыртқы істер министрлігі бұл мәселеге қатысты әзірге түсініктеме бермей отыр.

Шыңжаңда 11 миллионға жуық ұйғыр мен басқа да этникалық азшылықтар тұрады. Және де бұл - Қазақстанмен шектесетін кең аймақ. 2017 жылы Қытай үкіметі мұнда ассимиляция науқанын бастады. Оған сәйкес, Шыңжаңда талай адам басқа әдістермен қатар, жаппай қамауға алынып, жаңа саясатқа бейімделіп, отбасынан ажыратылып, мәжбүрлі еңбек жегілсе керек.

Осы науқан аясында 1 миллионнан астам ұйғыр, қазақ, қырғыз және басқа да этникалық азшылықтар заңсыз лагерлерде ұсталады деген болжам бар. Дегенмен, Қытай үкіметі сол лагерьлерді "кәсіптік оқыту орталықтары" деп сипаттап, олардың сепаратизм мен діни экстремизмді ауыздықтау үшін қажет екенін айтқан еді.

2022 жылы БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі басқармасы Шыңжаңдағы құқықтардың бұзылғаны туралы айыптауларды "сенімді" деп тауып, Қытай бұл аймақта адамзатқа қарсы қылмыс жасап жатқан болуы керек деген мәлімдеме жасады.

Шыңжаң ауылдарының атауынан дінді еске салатын "Қожа" (сопылық діни ұстаздың титулы), "ханика" (сопылық діни ғимараттың түрі) және "бақсы" сияқты терминдер алынып тасталып отыр.

HRW баяндамасына жүгінсек, ұйғыр тарихын немесе 1949 жылы Қытай Халық Республикасы құрылғанға дейінгі осы аймаққа жетекшілік еткен адамдарды еске салатын атаулар да жойылып жатыр.

"Қытай билігі Шыңжаңдағы жүздеген ауылдың атауын үкіметтің үгіт-насихатын көрсететін атауларға өзгертіп жатыр. Бұл шара - Қытай үкіметінің ұйғырлардың мәдени және діни көріністерін жою әрекетінің бір бөлігі", - дейді Human Rights Watch-тың Қытайдағы директорының міндетін атқарушы Майя Ван.

Норвегияда тұратын ұйғыр тілі маманы және "Uyghur Hjelp" ұйымының негізін қалаушы Әбдуали Аюптың айтуынша, Қытай үкіметі "адамдардың тарихи жадын өшіргісі келеді, өйткені бұл атаулар аз ұлттардың кім екенін аңғартады"

Баяндаманың өзге бір тұсында ауылдардың атауларын өзгертудің көпшілігі 2017-2019 жылдары Шыңжаңдағы үкімет тарапынан қысым қызған шақта жүзеге асырылған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу