Сингапурдан саяхатшыларды бұрып әкетер нысан ашылды

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
5995

Астанада бірегей туристік нысан ашылды. Оны алғашқы болып, елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі тамашалады.

Сингапурдан саяхатшыларды бұрып әкетер нысан ашылды Фото: informburo.kz

Бұл жоба 23 миллиард теңгеге түсіпті. Оның 12 миллиардын жеке бизнесмендер салған.

Астана әкімдігінің хабарлауынша, Ботаникалық бақ "ғылыми жаңалықтар ашылатын әрі қалалықтар демалатын орын" қызметін атқаратын болады. Мұнда "ғылыми-зерттеу, ағарту жұмыстарымен айналысуға мүмкіндік туады". Әсіресе, оқушылар мен болашақ ғалымдар өсімдіктер әлемімен кітап не экран бетінен емес, осында тірі күйінде таныса алады. Сондай-ақ бұл туристерді де тартатын көрнекті орындар қатарына қосылмақ.

Мысал үшін айтсақ, расында әлемдегі көптеген саяхатшылар Singapore Botanic Gardens-ті көру үшін ғана Сингапурге сапар шегеді. Онда Голливуд та бірталай кинотуындыларын түсіріп, ғажайып декорация ретінде пайдаланды. Бұл шамамен 130 жылдан бері осы арал-мемлекеттің басты бір мақтанышына айналған, адамзатты тропикалық өсімдіктер әлемімен таныстыратын нысан.

Сингапур ботаникалық бағы ішінде сан түспен құлпырған тамаша гүлдерге тәнті ететін жабық әрі бірегей "Орхидея ұлттық паркі" орналасқан. Онда орхидеяның 1 мың түрі және 2 мың гибридті сорты өседі. Сингапур бағында, сондай-ақ 14 жастан кіші балалар үшін Jacob Ballas балалар бағы ұйымдастырылған. Қазақстан да үлгі еткелі отырған ол бақта жас зерттеушілерге ғылыммен ойын арқылы танысу, су мен өсімдіктің адам өміріндегі рөлін білу ұсынылады. ЮНЕСКО 64 гектарға қанат жайған Singapore Botanic Gardens-ті адамзаттың мұрасы тізіміне қосты.

Әрине, Астаналық ботаникалық баққа ол дәрежеге жетуге дейін әлі алыс. Мұнда да жабық гүлбағы, нақты айтсақ, тропикалық, шөл өсімдіктерін өсіруге арналған 2 жабық жылыжай-оранжерея бар екен.

Оның да туристер үшін тартымды биік деңгейге жету перспективасы алда болса керек. Өйткені дәл Сингапурдағыдай "Батпақты флора бағы", "Дәмдеуіштер мен жұпар иісті шөптер бағы", "Имбир бағы", "Күн сағаттарының бағы" деген сияқты сан тақырыпты бағыттар әзірше мұнда жоқ.

"Қабанбай батыр даңғылы – Түркістан көшесі – №24 және №26 көшелер" тоғысында орналасқан, негізгі ғимараты пирамида пішіндес Ботаникалық бақтың және оның саябағының жалпы ауданы 92 гектарды алып жатыр. Алда көлемін кеңейте беру және жүз гектардан да асыру жоспарланған.

Осы ботаникалық бақта үлкен шаһардан алысқа шықпай-ақ, тұмса табиғаттың тамаша күйіне елтіп, саумалдай ауасына балқып, ләззат ала аласыз. Келушілер елімізде, тіпті құрлығымызда кездеспейтін кейбір экзотикалық гүлдер түрлерін қызықтап, кішігірім көл жанында тынығып, көркем мүсін-скульптураларға сұқтанып, суретке түсіп, ирелеңдеген жолдармен сағаттар бойы серуендеу мүмкіндігіне ие болады.

"Осындай бірегей ботаникалық бақ жасаудың идеясы елбасыға тиесілі. Ең бастысы, бұл қала тұрғындары мен қонақтарға арналған, спорттық алаңдармен де жабдықталған жайлы парк болуға тиіс. Осы кеңістік еш шектеусіз, тұрғындардың барлығына бірдей қолайлы болуы керек. Осында келушілердің өздерін жақсы, қауіпсіз сезінуі маңызды. Сондықтан бейнекамералар орнатылды, стационарлық дәретханалар қойылды, спорттық серуендейтін жолдар жасалды", – деді Астана әкімі Әсет Исекешев.  

Ботаникалық бақта бастапқы кезеңде балаларға арналған 2 ойын алаңы, 20 тренажер, 2 футбол алаңы, 4 теннис алаңы, 4 волейбол және 2 баскетбол алаңы, ұзындығы 14,2 шақырымдық веложол, 11,8 жаяу жүгіру жолы, демалысқа арналған 4 алаң, жарықтандырылған 8 үлкен және 18 кіші аэродинамикалық фонтан, бұдан басқа WI-FI бар орындықтар орналасады.

"Астана-Жасылқұрылыс" АҚ дерегінше, бақтағы ағаштардың жалпы саны 95 мыңға жетеді. Нақтырақ тоқталсақ, қара қайың, қызыл үйеңкі, өзен жағасында өсетін үйеңкі, үшкір жапырақты үйеңкі, дала үйеңкісі, боз арша, маньчжурия жаңғақ ағашы, сібір майқарағайы, жергілікті қарағай, бүрлі ағаш, виргин мойылы және басқа да ағаштардың түрі бақтың ажарын аша түспек.

Ботаникалық бақ құрылысы 2016 жылы басталған болатын. Жобаны іске асыру барысында дөңгелек алаң (кіреберіс аймағы), жасанды су қоймасы, ақпарат орталығы, жаяу жүргіншілер көпірі қосымша қарастырылды. Бүгінде мұнда 45 мың шаршы метр алаңды құрайтын жасанды көл, жаяу жүргіншілер көпірі, велосипед және жүгіру жолдары салынды.

Сондай-ақ жоба бойынша осында ғылыми зерттеулер, танымдық, оқу-ағарту, ойын-сауық, экологиялық және табиғат қорғау іс-шараларын өткізу көзделген. Астана тұрғындары мен қонақтары үшін заманауи бақ қақпасы барлық маусымда, жыл он екі ай бойы ашық болмақ.

Айтқандай, бұл бас қаламызда ашылып отырған жалғыз жаңа саябақ емес. Орталық саябақ пен осы ботаникалық бақ сыртында, "Абу-Даби плаза" кешені тұсында, Ақмешіт және Түркістан көшелері аралығында орналасқан, "Желілік-Линейный" деген жұмысшы атауы бар тағы бір парктің бірінші кезектегі құрылысы іске қосылды. Жаңа саябақтың аумағында 2 "құрғақ фонтан", екі балалар алаңы, 2,2 шақырымдық велосипед жолы мен скейт алаңы салынған. Жоба бойынша бірінші кезек аясында саябақта Шиелі, Алмалы, Еменді, Шетенді аллеялары болады.

Әсет Исекешев бірнеше тұрғын үйлердің жанында бой түзеп келе жатқан бұл саябақтың маңыздылығына назар аудартады. Әкімнің сендіруінше, саябақ отбасылық демалысқа арналған танымал орынға айналады.

Қаладағы жаңа нысандармен танысу барысында мемлекет басшысы Астанада жаңа "Жетісу" паркін ашты. Елордалықтар біледі, бұған дейін ол "Арай" паркі деп аталған-тын. Астананың 20 жылдығына орай Алматы облысы оны қайта жөндеуден өткізіп, жаңа форматта түзіп, "Жетісу" деген атаумен ел игілігіне қайта тапсырып отыр.

"Керуен", "Апорт", "Қоржыннан төгілген алмалар", "Шарын шатқалы", WI-FI ағашы – осының бәрін Арай мен Сарайшық көшелерінің қиылысында орналасқан осы "Жетісу" саябағында көруге болады.

Өңір әкімі Амандық Баталов Нұрсұлтан Назарбаевқа саябақта Алматы облысының көрнекті орындарының бәрі көрініс тапқанын айтты. Оның кіреберісінде Жетісуді бейнелейтін жеті арка, субұрқақтары бар басты аллея орналасқан. Сондай-ақ тау сілемдерінің көрінісі және киіз үйге ұқсас орын-жайлары бар "Апорт" алаңы, түрлі жастағы балаларға арналған "Тәңірі" алаңы, шаған аллеясы, "Тамғалы тас" петроглифтері бейнеленген тастар және Шарын шатқалының үлгісі бар.

Жаңа парк ландшафтық серуен, кіреберіс және орталық аллея, ойын, көлік қою және тамақтану аймақтарынан тұрады. Демалу аймағында субұрқақтары бар бас аллея, Алматы облысының символы – Апорт алаңы, тауға ұқсас құздар орналастырылған. Халықтың спорттық белсенділігін арттыру мақсатында жобада түрлі алаңдар қарастырылған. Атап айтқанда, үстел ойындарына арналған жабдықтар, роллердром, қыста да, жазда сырғанақ алаңдары ретінде пайдаланылатын жоталар бар. Саябақты ұзындығы 1200 метрді құрайтын веложол қоршайды. Қыста оны шаңғы жолы ретінде пайдалануға болады.

"Тәңірі" алаңының ортасында WI-FI ағашы орнатылған. Металдан құрастырылған күн панельдерінде жарықдиодты шамдары, батареялары мен аккумуляторлары бар композиция сымсыз интернет желісіне қосылуға, электронды гаджеттерді қуанттандыруға мүмкіндік береді.

Ашылу рәсімі аясында Қазақстан Президенті мен көрермендер үшін сахнада Алматы облысының танымал әртістері және этномәдени орталықтарының өкілдері өнер көрсетті. Нұрсұлтан Назарбаев шараға қатысушылар алдында сөз сөйледі.

–Бүгінде мерейтойлық шараларға барлық облыстар көмек көрсетіп, қолдау білдіріп жатыр. Өйткені, Астана – бүкіл Қазақстанның жетістігі! Бас қала құрылысына өңірлердің бәрі атсалысты және қазір мұнда еліміздің әр түкпірінен келген адамдар өмір сүреді. Біз ХХІ ғасырда ғаламат дүниені бірге жасадық. Адамзат тарихында мұндай қалалар ешқашан 20 жылдың ішінде салынбаған. Ал, біз салдық! – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев сөз соңында қазақстандықтарды алдағы елорда күнімен құттықтап, бақ-береке тіледі.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев елорданың Алматы ауданында орналасқан "Жерұйық" саябағын аралап көрді. Онда Елбасыға 19 жыл бұрын өзі отырғызған алғашқы ағаш көрсетілді.

Ең бастысы, астаналықтар мен қала қонақтары үшін тегін серуен құратын орындар көбейді. Таза ауада қыдыру тек эстетикалық ләззат сыйлап қана қоймай, сонымен бірге денсаулыққа да пайдалы екендігі осындайда еске түседі.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу