SoftBank пилотсыз технологияға $2.25 млрд жұмсамақ

3142

Әлем бойынша жүргізушісіз көлік жасау бизнесінде бәсеке күшейіп келеді

SoftBank пилотсыз технологияға $2.25 млрд жұмсамақ

Бейсенбі күні Жапонияның SoftBank’інің еншілес қоры General Motors компаниясының жүргізушісіз көліктер технологиясы бөліміне 2,23 миллиард доллар инвестиция салатынын жариялады. Бірқатар бақылаушылардың пікірінше, бұл салаға осынша қомақты қаражаттың құйылуы автономдық машиналар болашағына деген сенімнің арта түскенін білдіреді. Бір жағынан, өз бетімен жүретін "темір тұлпарлардың" соққысынан екі адам қаза тапқаннан кейін бұндай технологияның қауіпсіздігі даулы мәселеге айналып отыр.

"Нью-Йорк Таймс" газетінің хабарлауынша, екі жақты келісім бойынша, G.M. ортақ іске өз қорынан 1,1 миллиард доллар жұмсайды. Ал, жүргізушісіз көлікті оның Сан-Францискода орналасқан Cruise Holdings деген бөлімшесі шығарады. Ал, SoftBank берген миллиардтаған доллар сол өндіріске General Motors’тың Vision Fund деген қоры арқылы аударылмақ.

Детройттық автоконцерн де, Силикон жазығы да, шетелдік машина жасаушылар да қазір осы салада озу үшін автономдық технологияны қаржыландыру қорларын құрудан жарысқа түсіп отыр. Ал, өткен аптаның ортасына таман Waymo пилотсыз технология компаниясы Google’дан бөліне отырып, Fiat Chrysler концернінен 62 мың шағын автобус сатып алатынын және оларды Американың Феникс штатында жыл соңына қарай сынақтан өткізетінін жариялады. Сонымен қатар, Waymo 2019 жылдан бастап Jaguar Land Rover компаниясынан 20 мың шағын машина сатып алып, өзінің жүргізушісіз көліктерінің санын алдағы 3-4 жылда 80 мыңға жеткізетінін мәлімдеп отыр.

"Көлік санының мұнша көптігіне қарап, бұндай компаниялардың пилотсыз технологияны коммерциялық мақсатта пайдалануға жақындап қалғанын аңғаруға болады", - дейді АҚШ-тың Gartner автономдық технологияны зерттеу компаниясының сарапшысы Майк Рэмси.

Рэмсидің тағы бір сөзінше, General Motors және Waymo тәрізді компаниялардың бұл іске ұмтылысы жүргізушісіз көліктердің пайдалы бизнес екеніне сенімнің артқанын білдіреді. Өйткені, автономдық технологияға негізделген машиналар адамдарды бір жерден екінші жерге өзі жеткізеді және де оған шофер жалдап қажет емес. Дегенмен, сарапшының ойынша, бұл – өзін-өзі толық дәлелдемеген кәсіп моделі. Сонымен қатар, мұндай бизнес қымбатқа түсіп, кейбір компанияларға ауыр тиюі мүмкін. Және де жүргізушісіз транспорт құралдары алғашқы кезде өте сақ жүруге мәжбүрлейтін бағдарламамен жабдықталып, жолаушыны діттеген жеріне ұзақ уақыт бойы жеткізуі ғажап емес. "Сондықтан, қауіпсіздік адамдар үшін проблемаға айналады деп ойламаймын. Бұл жерде жолға кететін уақыт маңызды", - дейді Рэмси.

Не болса да, қазір  G.M. мен Waymo пилотсыз технологияда басты бәсекелестерге айналды. Ал, Uber’дің автономдық таксиі биыл наурыз айында АҚШ-тың Аризона штатының Темпе қаласында бір адамды қағып, мерт қылды. Сол трагедиядан кейін Uber өз бетімен жүретін көліктерін сынауды доғаруға мәжбүр.   

Бүгінде Tesla мен оның жүргізушіге көмектесуі тиіс "автопилот" деген жүйесі де жіті бақылауға алынып отыр. Өйткені, Model X спорттық машинасы наурыздың соңында жол бойындағы бетонға соғылып, автопилотқа сенген жүргізуші қаза тапты. Сол оқиғадан кейін  Tesla’ның автопилотпен жабдықталған тағы екі көлігі апатқа ұшырады. Абырой болғанда, жан тәсілім еткендер жоқ. Қазір тергеу жүріп жатыр.

G.M. тәрізді Американың Ford концерні де жүргізушісіз автомобиль бәсекесіне түсуді көздеп отыр. Ол өзінің пилотсыз көліктерін 2021 жылы шығармақ. Ал,SoftBank’ке оралсақ, бақылаушылардың ойынша, оның амбициясы жоғары, әмияны түпсіз. Себебі, бұл банк Uber’ге және Қытайдың Didi Chuxing, Үндістанның Ola, Синапурдың Grab сияқты тасымалдаушы компанияларына да инвестиция салып жатыр.

Google’ге иелік етуші Alphabet болса жүргізушісіз көлік жасау жолында он жылға жуық жұмыс істеп келеді. Ол бұл бизнесті төрт бағытқа қолдануды жоспарлап отыр: жүк машиналары мен зат жеткізетін жеңіл автомобильдерді жүргізуге, Fiat Chrysler  тәрізді концерндерге лицензия беріп, автономдық көліктерді жаппай шығаруға және пилотсыз шаттлдар жасауға.

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу