Солтүстіктегі жер дауы: Полиция қылмыскерді іздеуді "уақытша" тоқтатып қойды

2077

СҚО Айыртау ауданындағы бес ауылдың жері несие беретін ұйымға заңсыз кепілге қойылған. Төрт жыл бұрын. 

Солтүстіктегі жер дауы: Полиция қылмыскерді іздеуді "уақытша" тоқтатып қойды

Бірақ полиция inbusiness.kz тілшісіне кінәлілерді анықтай алмай отырғанын ашық айтты. "Қылмыстық іс уақытша тоқтатылды", – деді.

Дұрыстап түсіндірейік, Қарақамыс, Дәуқара, Егіндіағаш, Светлое және Бірлестік деген ауылдардың 42 мың гектардан астам жері заңсыз сатылып кетуі ықтимал екенін кеше жазғанбыз. 

Аталмыш жерлерді сенімгерлікпен басқарып отырған "Жарқын-СК" деген компания 2017 жылы "Аграрлық несие корпорациясы" ұйымынан қомақты қарыз алған (Әділет министрлігінің ақпарынша, компания 692 миллион теңгеден артық берешек). Бірақ олар несие аларда жерді кепілге заңсыз қойып отыр. Анығында, тұрғындардың (пайшылардың – авт.) атынан келісімге қойылған қол "жасанды" болып шықты.

Полиция да, прокуратура да мұны растайды. Растайды, бірақ сонда да кінәлілерді "анықтай алмайды".

"Жарқын-СК" ЖШС қатысушыларының 2017 жылғы 26.05. жалпы жиналысының хаттамасында жалған қолдарын қою фактісі бойынша ҚР ҚК 385-бабының 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілді. Оның шеңберінде қолжазба мен қолдарға сот-сараптамалық зерттеулер тағайындалды. Зерттеу нәтижесі бойынша қолдардың бір бөлігінің жалған екені анықталды.

Алайда сотқа дейінгі тергеу барысында жалған құжатты жасаған күдікті тұлғалар анықталмады. Осыған байланысты қылмыстық істің тергелуі уақытша тоқтатылды. Аталған шешіммен Айыртау аудандық прокуратурасы келісті", – деп жазбаша жауап жолдады Полиция департаменті. Айтпақшы...

"Аграрлық несие корпорациясы" АҚ-дан несие алған кезде "Жарқын СК" ЖШС атынан қарыз алу шартына оның бұрынғы директоры А.М. Елмаганов қол қойды", – деген болатын облыс прокурорының міндетін атқарушы Әбу-Әли Саттар.

Бірақ құзырлы органдар тегі аталған азаматты кінәлі деп есептемейтін секілді. Сонда олар жалған қол қоюды "ұйымдастырып жіберген" адамның дәлме-дәл кім екенін қалай таппақ екен? 

Несие аларда "Жарқын-СК" компаниясының бұрынғы басшылығы "жасанды" құжат пайдаланғанын өздері де білмеген бе сонда?

Ал несие ұйымынан шыққан қомақты қаражаттың "ізі", "цифрлық ізі" қалмаған ба?

Тасқын Болатұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу