Сотталғандардың саны 30 мың адамға азайды

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
1720

Жазасын өтеушілерге жағдай жасалмаған. 

Сотталғандардың саны 30 мың адамға азайды

Теміртордың арғы жағында жазасын өтеп жүрген жандардың 30%-ы ғана жұмыс істеу мүмкіндігі берілген. Себебі 2019 жылдан бастап мемлекеттік сатып алу порталы арқылы сотталғандарды жұмыспен қамтитын кәсіпорындармен, оның ішінде қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерімен бір жерден тапсырыс берушімен тікелей шарт жасауға шектеу қойылған.

Сенатор Владимир Волковтың сөзінше, түрмелердегі тозығы жеткен өндірістік инфрақұрылым мен заманауи өндірістік қуаттың тапшылығы кәсіпкерлерді ынталандырмайды. Олар қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде қолға алынған бизнес құрдымға кетеді деп қорқады.

"Сотталғандарды жұмыспен қамту еңбек дағдысын дамытумен қатар  жәбірленушілерге келтірген шығынды өтеуге және отбасына қаржылық көмек көрсетуге мүмкіндік берер еді. Өкінішке қарай, қалыптасып отырған жағдай бас бостандығынан айырылғандардың үмітін үзді", – деді Владимир Волков.

Оның айтуынша, заңнамалық реформа мен қылмыстық саясатты ізгілендіру бастамасы түрме халқын 30 мың адамға азайтты. Осылайша Қазақстан әлем бойынша түрме рейтингінде 100-орынға орналасты.

"Бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны тиімді орындау және сотталғандармен жеке жұмыс жүргізу үшін оларды камерада ұстау қажет. Бірақ елімізде жұмыс істеп тұрған 66 түзеу мекемесінің тек тоғызында ғана камерада ұстау мүмкіндігі бар. Халықаралық стандарттардың басты талабы – отрядтық ұстаудан камералық жағдайға көшу. Түзету колонияларының көпшілігі өткен ғасырдағы кеңестік құрылыстың мұрасы. Барақтардағы бөлмелерде 100-120 адам тұрады. Бүгінгі таңда 42 түзеу мекемесі қайта жаңартуды талап етеді", – деді сенатор.

Владимир Волков бұл мекемелерде лауазымды тұлғалар тарапынан жасалатын тәртіп бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу үшін бейнебақылау орнату қажет екенін алға тартты.

"Қазіргі таңда қылмыстық-атқару жүйесіне қарасты мекемелердің 30%-ы ғана бейнебақылау жүйесімен қамтылған", – деді ол.

Сенатордың сөзінше, сотталғандарды медициналық көмек көрсету мәселесі өзекті болып тұр.

"Қылмыстық-атқару жүйесінде сотталғандарды медициналық көмекпен қамтамасыз ету ісінде шешімін таппаған, жылдар бойы қордаланып қалған  мәселелер бар. Мұндағы медициналық қызмет көрсету сапасы сын көтермейді. Бұлай болуға тиісті емес. Сотталғандардың медициналық қызметпен толық қамтамасыз етілмеуі, қажетті мамандардың болмауы – адам құқығын шектеу. Мәселені уақыт оздырмай шешу керек", – деді депутат.

Абылай Бейбарыс


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу