Стадион жөндеу сәнге айналды

4140

Қайта жөндеуді бастан кешкен Қызылорда қаласындағы Ғани Мұратбаев атындағы стадион да жанкүйерлер тарапынан сын садағына ілінді.

Стадион жөндеу сәнге айналды

Осыдан бір ай бұрын Шымкенттегі Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионның қайта жөндеу жұмыстары әлеуметтік желіде сынға ұшырады. 44 миллион еуроға жөндеу жүргізу, әрине, астамшылықтың нақ өзі. Мұншама қыруар қаржыға екі жаңа стадион салуға болар еді. Енді міне қайта жөндеуді бастан кешкен Қызылорда қаласындағы Ғани Мұратбаев атындағы стадион да жанкүйерлер тарапынан сын садағына ілінді.

1969 жылы салынған Ғани Мұратбаев атындағы стадион "Қайсар" футбол клубының өз алаңындағы ойындарын өткізетін аренасы. Жарты ғасырлық тарихы бар стадионның қабырғалары қаусап, іргетасы үгітіле бастап еді. Жасыл алаңның сапасы нашарлап, жарықшамдары да істен шығып, жаасыл алаң маңындағы жүгіру жолағының да тоз-тозы шыққан. Стадион деп айтуға ауыз бармай қалып еді. Жағдайы тіпті нашарлап кеткен бұл стадионда Халықаралық жарыстар былай тұрсын, Қазақстан премьер-лигасының ойындарын өткізуге тыйым салынды. Осыдан кейін стадионды қайта жөндеу жұмыстарына 1 млрд 200 млн теңге көлемінде қаржы бөлінді. Шамамен алғанда 4 млн еуро қаржыға қайта жөндеу жұмыстары жүрді. Қазір стадион пайдалануға беріліп, "Қайсар" командасы жақын арада осы спорт кешенінде матчын өткізеді.

Әрине, 50 жылдық тарихы бар стадионды қайта жөндеу қажет. Алайда осыншама көп қаржының бөлінуі көпшілікті таңқалдырғаны анық. Жасыл алаңды тегістеп, жүгіру алаңын салу және трибуна төбесіне шатыр тұрғызып, жарықшамдар орнатуға осыншама көп қаржы кетеді деп кім ойлаған?! Барлық жұмыстар біткен соң, стадион шатырының өте ыңғайсыз салынғаны анықталды. Шатырды ұстап тұратын ортадағы тірек балкалары трибуна ортасында тұр. УЕФА талаптары бойынша трибуна ортасында мұндай құрылыс элементтері болмауы керек. Бұл бір жағынан қауіпті әрі футбол көруге кедергі келтіреді.

Келер жылы "Қайсар" командасы Еуропа лигасында ойнауы әбден ықтимал. Команда қазіргі таңда ішкі біріншілікте үздік бестік қатарында әрі Қазақстан кубогының финалына жолдама алып қойды. Біріншілік аутсайдерінің бірі "Атырауды" жеңіп, ел кубогының иегері атанса, одан келер жылы Еуропа лигасында ойнайды. Сол кезде УЕФА талаптарына сай келмейтін стадионда матчтарын өткізе алмай, Ақтөбедегі Қобыланды батыр стадионын жалдауға мәжбүр болады. 1 млрд 200 млн-ға жөнделген стадион шетте қалып, қызылордалық фанаттар Ақтөбеге ағылуы мүмкін.

Жалпы алғанда 1969 жылы салынған стадионды қаладағы көптеген спорт мектептеріне ортақ жарыс өткізетін арена ретінде қалдырып, футбол клубына орта деңгейдегі 20 мың жанкүйерге арналған заманауи стадион соғатын кез жетті. Қаланың жаңадан салынып жатқан аумағында бой көтеретін су жаңа "Сырдария" стадионының да идеясы бірнеше жыл бұрын ғаламторға шыққан еді. Қызылордалық фанаттардың жағымды жаңалыққа қуанысып, стадион құрылысының тезірек басталуын тілеген еді. Алайда бұл жоба бастаусыз қалып, ескі стадион қайта жөндеуге кетті. Ескінің аты – ескі. Енді бұл стадионды араға бес жыл салып қайтадан жөндеуге тура келеді. Демек жаңа стадион соғылмай, тозығы жеткен стадионды жөндей береміз, жөндей береміз.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу