Субсидия арқасында биыл ел ауыл шаруашылығы өнімдерінен тарықпайды

3064

Қазақстанда барлық дақылдар бойынша егіс жұмыстары аяқталғаны мәлім болды.  

Субсидия арқасында биыл ел ауыл шаруашылығы өнімдерінен тарықпайды Фото: inbusiness.kz

Қаулаған дала өрттеріне, температуралық аномалиялар мен қуаңшылыққа, су ресурстарының тапшылығына байланысты Қазақстанның биыл жинайтын егін ауқымын болжауға халықаралық сарапшылар аса сақ қарап отыр. Дегенмен, мемлекеттің қуатты қолдауы, субсидиялардың мол болуы арқасында сала күйремейтін көрінеді. Бірақ көрсеткіштердің төмендеуі байқалуы мүмкін. Соның өзінде Қазақстан ауыл шаруашылығы дақылдарының көп түрінен тарықпауға тиіс. Алған өнімі өз халқын қамтуға жетеді, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Бидай бойынша халықаралық кеңес (International Grains Council немесе IGC) алдағы 2023–2024 маркетингтік жылда Қазақстан 14,5 миллион тонна бидай алады деген сақ болжамын жариялады. Бұл деректерді ұйым сарапшылары мамырдағы есебінде келтірді. Салыстыру үшін айтсақ, биылғы 30 маусымда аяқталатын 2022–2023 маркетингтік жылдағы бидай көрсеткіші 16,4 миллион тонна болған.

"2022–2023 маркетингтік жылда Қазақстан астықтың барлық түрін 21,1 миллион тонна көлемінде өндірген болатын. Соның ішінде бидайдың үлесі – 16,4 млн тонна. Бұдан бөлек, Қазақстан 1,8 миллион тонна астықты (оның 1,7 млн тоннасы – бидай) шетелден импорттады. Осы көлемнен ішкі нарықта 10,1 млн тоннасы қалды. Бұл азық-түлікке, жемазыққа, қайта өңдеуге бағытталды. Ал 11,1 млн тонна астық экспортқа сатылды (оның ішінде 10,1 млн тоннасы – бидай). Осылайша, Қазақстан жаңа маусымға 2,6 млн тонна астық (оның 2 млн тоннасы бидай) қалдықпен кіреді", – деп мәлім етті IGC сарапшылары. 

Жаңа маусымға астық болжамы қандай?

Бидай бойынша халықаралық кеңестің жорамалына жүгінсек, 2023–2024 маркетингтік жылда Қазақстан жалпы көлемі кем дегенде 19,1 миллион тонна астыққа қол жеткізеді. Оның арасында бидайдың еншісі 14,5 млн тонна болмақ. Егер бұл болжам шындыққа айналса, онда бидай шығымдылығы ағымдағы маркетингтік жылдағыдан 1,9 млн тоннаға төмен болуы мүмкін. Бірақ халықаралық ұйым сарапшылары осының өзі республиканың барлық қажеттіліктерін қанағаттандыруға жететініне назар аудартты. Қазақстан жылына 6 миллион тонна бидай тұтынады. Бұл ретте халық нан, тоқаш және басқа да өнімдер түрінде 2,5 млн тоннасын жейді. 1,6 млн тоннасы малдың азығына кетеді. Сонымен қатар тамақ өнеркәсібінің де қажеттілігі өтеледі.

Қалдықты қоса алғанда, мемлекет келесі жылғы 30 маусымға дейін астықтың барлық түрінің ең кемі 10 миллион тоннасын экспортқа өткізе алатын көрінеді. Бұл ағымдағы маусымның көрсеткішінен 1 миллион тоннаға кем.

Әрине, мұның бәрі тек болжам. Егер Үкімет тиісті қолдау көрсетсе, ал аграршылар өнімді, тиімді жұмыс жасаса, ақырғы нәтиже барлық үміт пен болжамнан асып түсуі ғажап емес.

Бұған қоса, "Қазгидромет" 2023 жылы республикада егін үшін қолайлы ауа райы болады деп болжап отыр. Маусым айында республика аумағының басым бөлігінде ыстықпен бірге жауын-шашын да күтіледі.

Оның үстіне биыл елде егіс көлемі ондаған мың гектарға артты. Яғни, Бахрейн сияқты тұтас бір мемлекеттің территориясына (70 мың гектар) жетеқабыл көлемге ұлғайды.

Осы жылы көктемгі егін жұмыстарын соңғы болып, Ұлытау облысы аяқтапты. Оның бәрінен кешігуіне жаңа облыста жауын-шашынның көп жаууы себеп болды. Бұл да елге төгілген нұр болса керек. Ал өзге өңірлер дән себу жұмыстарын мамырда тәмамдаған екен.

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев көктемгі егіс жұмыстарының алдын ала қорытындыларын жария етті. АШМ-ға түскен аймақ әкімдіктерінің деректері бойынша 2023 жылы жалпы алғанда 23,4 миллион гектарға егін егілді. Бұл былтырғыдан 68,6 мың гектарға көп.

"Жекелеген егістік түрлеріне тоқталсақ, дәнді дақылдар – 15,6 млн гектарға, майлы дақылдар – 3,3 млн гектарға жуық алқапқа егілді. Картоп алқабы ұлғайтылды: 197,5 мың гектарға жетті. Қант қызылшасының алқабы 19 мың гектарға жеткізілді, бұл 2022 жылғы деңгейден бірден 7,4 мың гектарға көп. Егіс науқаны кезінде тұқым материалын, арнайы техниканы және ЖЖМ қамтамасыз етуде проблема байқалмады", – деді министр Е.Қарашөкеев.

Мемлекеттік қолдаудың оңды бір тәсілі – ауыл шаруашылығы өндірушілеріне арзан жанар-жағармай ұсыну. Әйтпесе, елде дизель бағасы ұшынып тұр. Онсыз отандық астықтың құны қатты қымбаттауы мүмкін. Сондықтан АШМ қазірден бастап, алдағы егін жинау науқанын жүргізу үшін арзандатылған дизель отынына өтінімдер жинап жатыр. Ол өтінімдер тізімі Энергетика министрлігіне жіберіледі.

2023 жылғы маусымның басындағы жағдай бойынша Gosagro.kz порталында фермерлер 368,2 мың тонна арзандатылған дизель алуға 28,5 мыңнан астам өтінім ұсынды.

Тыңның түлеуі тыңайтқышқа тәуелді

АШМ дерегінше, биылғы жылы егіс алқаптарына шамамен 704 мың тонна тыңайтқыш енгізу көзделіп отыр. Ербол Қарашөкеев осы мақсатта субсидияларды алуда егіншілер кезіккен барлық проблемалар шешілгенін мәлім етті. Төлем өңірлерді қаржыландыру жоспарына сәйкес жүзеге асырылады.

Маусым айындағы жағдай бойынша фермерлерге 464,7 мың тоннадан астам тыңайтқыш жөнелтілді. Яғни, ауыл шаруашылығы өндірушілері өздеріне қажет тыңайтқыштардың 66%-ына қол жеткізді.

Жалпы, АШМ мен республикалық жедел штаб көктемгі егіс жұмыстарын жіті қадағалады, енді алдағы егін жинау науқанын өткізу мәселесін бақылауда ұстап отыр.

Егін бітік шығып, мол өнім алу үшін аса қажет дүние – тыңайтқыштар. Мемлекет оның бағасының жартысына дейін субсидиялайды. Сондықтан осы маңызды жайтқа жеке тоқтала кеткен жөн.

Ағымдағы жылы бұл салада бірнеше бағытты қамтитын кешенді жұмыстар қолға алынды. Бір жағынан, шетелдік және отандық тыңайтқыштарды сатып алуды субсидиялау аясында қазақстандық фермерлерге 7,5 миллиард теңге төленді.

Тарата айтсақ, шаруалардан бүгінгі күнге дейін тыңайтқыштарды субсидиялауға жалпы саны 13 251 өтінім түскен. Өңірлердің ауыл шаруашылығы басқармалары 9027 өтінімді өңдеді. 2040 өтінім қабылданбады. Ал 7,5 млрд теңге сомасына 2184 өтінім мақұлданды және тиісті сома аударылған.

"Бұған дейін Gosagro.kz порталында  өтінімдердің үштен бірі қабылданбаған еді. Мемлекеттік қолдаудан бас тартудың негізгі себебі – субсидиялау қағидаларына сәйкес 2023 жылғы 1 қаңтарда күшіне енген агрохимиялық картограммалардың болмауы, сондай-ақ алқаптарды  цифрландырудағы қиындықтар. Солтүстік аймақтармен салыстырғанда оңтүстікте шағын егістіктері бар фермерлер басым. Бұл мәселені шешу үшін АШМ биылғы 25 сәуірде аталған қағидаларға түзетулерді бекітті. Нақтыласақ, агрохимиялық картограммаларды пайдалану жөніндегі қатаң талапты алып тастады. Сондай-ақ 2023 жылғы 31 желтоқсанға дейін "Қазақстан Ғарыш Сапары" ұлттық компаниясы егістіктерді цифрландыруды кейінге қалдырды", – деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігі.

Дегенмен, талап кейін қайтарылады. Ендеше алдағы жыл басына дейін фермерлер өз егістіктерін құқық белгілейтін құжаттарына сәйкес міндетті түрде түзетуі қажет. Тиісті кестені министрлік "Қазақстан Ғарыш Сапары "ҰК" АҚ-мен бірлесіп дайындап жатыр.

Ақпарат құралдарында, әлеуметтік желіде біраз фермер барлық құжаттары сақадай сай болса да, субсидия берілмегеніне шағымданып жүр. Бұл шындық болып шықты. Анықталғандай, адал ауыл кәсіпкерлерінің субсидияларды алуына облыс әкімдіктерінің тыңайтқыштарды субсидиялау тізбелері мен нормалары туралы тиісті қаулыларын шығармауы тосқауыл болыпты. Әкімқаралар салғырттық танытып, фермер үшін өмірлік маңызды нормативтерді тек наурызда құрастыруға кірісіп, мамырға дейін асықпай бекіте бастаған.  Салдарынан, маусым айының басында Атырау облысында қаулы әлі күнге қабылданбағаны әшкереленді. Өңірлік әкімдік Үкіметті ол құжат таяуда күшіне енеді деп сендірді.

Тұтастай алғанда, сала ақырындап ретке келтірілуде. Тыңайтқыштарды субсидиялауға өтінімдерді беру бұрынғыдай жеке қолдарға тиесілі порталдарда емес, мемлекеттік Gosagro.kz порталы арқылы жүргізіледі екен және толық автоматтандырылған. Деректерді "қолмен" енгізуге жол бермейді. Бұл мемлекеттік қолдау алу кезінде адами факторды болдырмайды, яғни бюджет қаражатын тиімді және ұтымды пайдалануға мүмкіндік береді.

Екінші жағынан, Үкімет биыл Қазақстанда өндірілетін субсидияланған тыңайтқыштарды сыртқа шығаруға жол бермейтін шаралар қабылдап жатыр. Әйтпесе, арзандатылған тыңайтқыштардың көрші елдерге арзанға сату деректері кездескен. Осыған тоспа қою мақсатында ел Үкіметінің қаулысымен тек өндірушілер ғана экспорттай алатын тыңайтқыштардың жекелеген түрлерінің тізбесі бекітілді.

Аталған норма отандық фермерлерге аса қажет аммоний нитраты және аммофос сияқты тыңайтқыштар түрлеріне қатысты болып отыр. Ішкі нарықты дәл осы тыңайтқыштармен қамту маңызды. Сол себепті Үкімет олардың құнының 50%-ын бюджеттен өтеп, субсидиялайды. Осы мүмкіндікті алыпсатарлар да пайдаланып кетіп жүр. Олар фермерлермен, жауапты тұлғалармен ымыраласып, сыртқа экспорттайтын тыңайтқыштарды жарты сомасына дейін арзандатып алады. Кеден органдары елімізде субсидияланатын тыңайтқыштарды өндірушілерден бөлек, экспорттаушылардың да алуының фактілерін тіркеуде. Бұл бюджетті шығынға батырады, әрі сол тыңайтқыштарға шын зәру отандық аграршыларды құралақан қалдырады.

Сондықтан Үкімет тыңайтқыштардың осы түрлерін оларды өндірушілерге ғана экспорттауға айрықша құқық беру туралы шешім қабылдады. Отандық аграршылардың тыңайтқыштарға сұранысы өңір әкімдіктерінің өтінімдеріне сәйкес басым тәртіппен қамтамасыз етіледі.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу