Сұлулар бизнесінен сән кетті

5294

Салық пен жарнадан құтылатын салалар қатары артуы мүмкін.

Сұлулар бизнесінен сән кетті

Көркем гимнастика, балет, би, дефиле және podium-тренинг үйірмелері мен топтары бұрындары аса танымал, жоғары табыс әкелетін бизнес сегменті саналатын. Себебі, бүлдіршін қыздар мен ұлдардан болашақ сәнқойларды, сұлулық байқауларының жеңімпаздарын, танымал подиумдердің көркін ашар модельдерді солар тәрбиелейтін.

Постпандемиялық заман бәрін өзгертті. Адамзат денсаулық пен азық-түлік бірінші орында екенін түсінді. Осы орайда дағдарған сұлулар бизнесі енді мемлекеттен қолдау күтіп отыр.

Еліміз бойынша кең желісі бар "Nika" би мектебінің директоры Алла Чудинова бұл бизнесті маңызды санайды.

"Біздің шәкірттер республикалық және халықаралық байқауларда, фестивалдарда көп мәрте чемпион атанды, жеңімпаз шығып, әртүрлі елдердің сахнасында Қазақстанның атын шығарды. Біз балалар үйлерінің тәрбиеленушілеріне көмектесеміз, хореографияға баулимыз, олардың өнері мен мәдениетін, шығармашылығын дамытуға септесеміз. Хореографтар дені сау, мақсатына ұмтылған қайсар балаларды тәрбиелеуге үлес қосуда. Біз соны мақтан тұтамыз. Енді би мектептері күрделі жағдайда қалды. Мен Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевқа жүгіндім. Балалар ұжымдары коммерциялық ұйымдар арасында өз тіршілігі үшін күресуде. Орынжайлардың арендасын, педагогтеріміздің жалақысын әупірімдеп жүріп төлеуге тырысудамыз. Сапарлар мен костюмдерге қаржы керек, алайда зор табыс жоқ", – дейді ол.

Бұл би мектебі де өзгелер қатарлы ғимаратты жалға берушілермен келіссөздер жүргізіпті.

"Алматыдағы ірі бизнес орталықтарының бірінде орналасқанбыз. 14 жылдан бері сондамыз. Жыл сайын жалдау ақысын уақытында төлеп келдік, тіпті жазда өз қаржымызға жөндеу жұмыстарын жүргіздік. 2020 жылғы 16 наурыздан бері карантин шаралары енгізіліп, барлық балалар мекемелерінің қызметі тоқтатылды. Барлығымыз пандемия кезеңінде күрделі жағдайға тап болдық, табыссыз қалдық. Содан жалға берушілерімізден аренда төлеуді тоқтата тұруды сұрадық. Бірақ олар бас тартты, ешқандай дәйектемелерімізді қабылдамады. Кеңселеріміздің есігі жабық, жапсырма жапсырулы күйде тұр. Жеке заттарымызды да алып кете алмаймыз", – дейді би мектебінің директоры.

Алматы қаласының Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы бұл жағдайда бизнесмендер өз бетінше тірлік қылғаны жөн екенін нұсқады.

"Мемлекеттік органдардың үшінші тұлғалар мүддесін ұсынуына және ілгерілетуіне құқығы жоқ. Оның үстіне Кәсіпкерлік кодексінің 18-бабына сәйкес, меморгандар, соның ішінде әкімдік кәсіпкерлік нысандар қызметіне араласпауға тиіс", – деп түсініктеме берді басқарма.

Бүгінгі Үкімет отырысында Премьер Асқар Мамин Денсаулық сақтау министрлігіне қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, карантин шараларын кезең-кезеңімен алып тастау жоспарын Мемкомиссия қарауына шығаруды тапсырды. Алайда Үкімет үйірмелер мен топтардың ашылуына ұзақ уақыт рұқсат бермеуі мүмкін деген жорамал бар. Өйткені олар COVID-19 дертінің қайта өршуіне соқтыратын жаңа індет ошағына айналуы ықтимал. Әрі экономиканы ілгерілететін ел үшін өмірлік маңызды салалар қатарына жатпайды.

Сонымен қатар Нұр-Сұлтан қаласының "Көркем гимнастика федерациясы" бірлестігі де ел Үкіметіне өтінішпен жүгініпті.

Бірлестік мәліметінше, бүгінде Қазақстанда жас ұрпақты көркем гимнастикаға, сұлу тәнді қалыптастыруға үйрететін 50 мектеп, орталық және клуб бар. Оның 14-і елордада орналасқан. Соның екеуі ғана әкімдікке тиесілі, қалған 12-сі – жекеменшік нысандар.

"Мектеп, орталық және клубтардың басым көпшілігі жаттығу сабақтарын жалға алынған ғимаратта өткізеді. Пандемия кесірінен карантин және шектеу шаралары қабылданып, 16 наурыздан бері спорт залдары тегіс жабылып қалды. Оқу-жаттығу процесі де тоқтатылды. Көптеген мектеп, орталық және клубтардың табысы 90%-ға құлдырады. Олар оқытушы-жаттықтырушыларды жалақысын төлеусіз демалысқа жіберуге мәжбүр", – дейді бірлестік Ұлттық экономика министрлігіне хатында.

Федерация мемлекеттен осы күрделі кезеңде өздеріне көмек көрсетіп, әсіресе, балалармен және жасөспірімдермен жұмыс істейтін спорт ұйымдарын әлеуметтік салықты, жеке табыс салығын төлеуден, сондай-ақ әлеуметтік аударымдарды, міндетті медициналық сақтандыру жарналарын, міндетті зейнетақы жарналарын аударудан босатылатын (0 коэффициентін қолданатын) қызмет түрлері тізбесіне қосуды сұрайды.

Ол тізім Үкіметтің 2020 жылғы 20 сәуірдегі №224 қаулысымен бекітілген. Тізбе кеңейтілуі үшін оны өзгертетін жаңа қаулы қабылдау қажет.

"Салықтар мен жалақы қорынан төлемдерді есептеуде 0 коэффициентін қолдана алатын қызмет түрлерін кеңейту жөнінде ұсыныстар түсуде. Қалыптасқан ахуалды ескере отырып, Экономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі мемкомиссияның жұмысы аясында Үкіметтің №224 қаулысында көзделген қызмет түрлерінің тізімін кеңейту мәселесі қаралатын болады", – деп жауап берді ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов.

Жанат Ардақ


Telegram каналымызға жазылыңыз! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу