Монополистермен күресуге тиісті органның тірлігі қоғамның көңілінен шықпай отыр. Оның қызметін былтыр тіпті ел Президенті қатаң сынға алды. Содан бері бұл құрылымның күшейіп кеткені, ісінде тегеурін мен пәрмен пайда болғаны байқалмайды. Бұл меморганның әрекетсіздігі халықтың, бизнестің және сарапшылардың ашу-ызасын туғызуда.
Халықаралық құқықтық ұғымға сәйкес, монополияға қарсы орган – нарықты реттеуші үкіметтік ұйым. Тиісінше, нарықтық экономикадағы барлық елде осындай орган бар.
Оның екі түрлі өкілеттігі болуы тиіс. Біріншіден, нарықтық биліктің бір қолда немесе шектеулі топ уысында шоғырлануына тосқауыл қояды, яғни фирмалардың өзара бірігуін бақылайды, ірі монополиске айналған компанияны мәжбүрлі түрде бөлшектейді. Екіншіден, нарықтағы ірі фирмалардың өзара ымыраласып, бірдей баға белгілеуіне жол бермейді.
Заманауи әлем тарихында ең бірінші антимонополиялық заң 1889 жылы Канадада қабылданыпты. Бір жыл өткенде АҚШ-та "Шерман акті" өмірге жолдама алды. Ресейде ФАС деген аббревиатураны естісе, алпауыттардың тізесі дірілдеп кетеді. Себебі, қаруланған төл жасағы бар бұл қаһарлы мекеме "Газпром", РЖД, "МЕТРО Кэш энд Керри", Google секілді жаһандық танымал компаниялармен айқасып, миллиардтаған айыппұл төленттірді.
Басшысы айыппұлдан рекорд жасаған...
Қазақстанда 1991 жылы Қазақ КСР-інің Жаңа экономикалық құрылымдарды қолдау және монополиялық қызметті шектеу мемлекеттік комитеті құрылды. Оны қазақстандық неміс Христиан Дриллер екі жылдай басқарды. 1993 жылы ол Антимонополиялық саясат жөніндегі мемлекеттік комитет болып қайта құрылды. Осы кезден бастап 1996 жылдың сәуіріне дейін оның тізгіні атеист Пётр Своикке берілді. Одан кейін 1996 жылдан 1999 жылға дейінгі аралықта Николай Радостовец төрағалық еткен мерзімде мекеменің атауы 5 рет өзгерді, тіпті агенттік болып қайта құрылды. ХХІ ғасыр басында оған "табиғи монополияларды реттеу" және "бәсекелестікті қорғау" сыртында "шағын бизнесті қолдау" саласы да беріліп, атауында сол көрініс тапты. Содан соң талай реформаны бастан кешті.
2012 жылдың қаңтарынан 2014 жылдың шілдесіне дейін Мұрат Оспанов алпауыттарға қарсы агенттіктің басшысы болды. 2014 жылдың 1 шілдесінде оны 300 мың доллар пара алу үстінде қаржы полицейлері ұстады. Сот оның айыбын мойнына қойып, 1 миллиард 101 миллион теңгеден астам сомаға айыппұл салды. Қазақстан тарихында жеке тұлғаға қатысты бұрын-соңды болмаған орасан зор айыппұлды М.Оспанов 6 ай ішінде төлеп тастады.
Бүгінде осы орган қаққа бөлінген: орнына Ұлттық экономика министрлігінің Бәсекелестікті қорғау және дамыту комитеті және Табиғи монополияларды реттеу комитеті құрылды.
Құтырған монополист елді заржақ етеді
"Өткенді аңсамаймыз, әрине. Бірақ менің ойымша, бұрындары антимонополиялық агенттік қауқарлы, біршама тәуелсіз болатын. Қазіргі кезде одан Ұлттық экономика министрлігінің құрамындағы елеусіз екі комитет қалды. Олар бір суррогат әрі салықтық масыл ұйым. Бұлардың өзі түгіл, сайтын табу күрделі. Осы орайда антимонополиялық қарым-қатынастар саласындағы кепіл рөлін мемлекеттің қалай атқарып отырғаны түсініксіз. Сала алпауыттары есіріп бара жатса, халық пен бизнес кімге шағымдануы керек? Қазақстандықтарға бұл комитет түгіл, Ұлттық экономика министрлігінің немен айналысатыны белгісіз. Экономика үнемі дағдарыста", – дейді саясаттанушы Азамат Құрманғали.
Ол бір қарапайым мысал келтірді. Өткен жылы Мәжіліс депутаттарының табандауымен ұялы байланыс операторлары "4 апталық абоненттік ақы есептеу" секілді алаяқ схемасынан бас тартуға мәжбүр болды. Әйтпесе, ол ұялы байланыс қызметін тұтынушылардың бір жылда 12 емес, 13 рет ақы төлеуіне әкелді.
Дегенмен, 30 күндік ақы есептеуге қайта ауысқан операторлар енді басқа қулыққа көшті. Олар тарифтік пакеттердегі интернет трафигінің гигабайттарын ұлғайтқан сыңай танытып, абоненттік ақыны көтерді. Шынында, ол ұлғайтудың пайдасы шамалы: мобильді интернеттің тіпті Нұр-Сұлтанда нашар екені сонша, оның жылдамдығы онлайн фильм көруге мүмкіндік бермейді. Мессенджерлер арқылы келетін қарапайым бейнероликтердің өзін ұзақ жүктейді. Мысалы, Kcell-дің "Активінде" айына 1360 теңге тұратын тарифі болатын. Бүгінде "Престиж+" тарифінің абоненттік ақысы 2590 теңгеден 9590 теңгеге дейін барады. Рас, "Jana 1990" тарифі де бар, бірақ ол да қымбат: 50 минут сөйлесіп, 5 гигабайт қана интернет трафигін пайдаланғаны үшін 1990 теңге сұрайды. Туындаған сұрақтарға жауап алу қиын: оператордың байланыс телефоны бойынша бот жауап береді.
"Монополистерге қарсы құрылым ұялы операторлардың тарифтік жоспарларына халық көзімен қарамай отыр. "Бұлар монополист емес" деп қол сілтей салады. Мысалы, 30 күндік есептеуге көше салысымен, "Кар-тел" ЖШС-інде 4 апта кезіндегі 8 GB интернеті бар 1890 теңгелік тариф жойылды. Оның орнына Билайн бұрынғы 4 апталық жүйеде қалуды немесе 50% жеңілдікпен 2590 теңге тұратын қымбат тарифке көшуді ұсынады. Шағым айтайын десең, байланыс орталығына "робот Дана" деп аталатын автожауапқатқышты қойып қойған. Онысы тұтынушыны қасақана жаңылыстырады. Тірі адам түріндегі операторымен тек ақылы қосылыспен ғана сөйлесе аласың!" – деп ашынады Азамат Құрманғали.
Айтпақшы, оның айтуынша, Билайнда да 5 GB интернет пен 50 минут сөйлесуді қарастыратын 1990 теңгенің тарифі бар. Басқа тарифтері "Активтегідей" 2590 теңгеден басталады. Алайда меморган бұдан да баға бойынша сөз байласуды көріп отырған жоқ.
"Баға бойынша мәмілелесіп алса керек, ұялы байланыс операторлары 4 апталық тарифтен 30 күндікке көшу бойынша жақсы идеяны жарға жығуда: жасырын және негізсіз тариф көтерді. Осыдан кейін халықтың билікке деген сенімі тоқырайды. Президенттің тапсырмаларын бұлар популистік бос байбаламға айналдырды", – дейді қоғам белсендісі.
Тергеулерден тегеурін кетпеді ме?
Жалғыз ұялы байланыс қана емес, сондай-ақ кабельді телевизия, жылу, жарық, су, азық-түлік, дәрі-дәрмек және басқа да салаларда нарықтың алпауыт ойыншыларының шектен шығып, адал бәсекенің тоз-тозын шығаруы елдің ашу-ызасын тудырып отырғаны сөзсіз.
Ал алпауыттармен алысуға тиіс меморгандар не бітіруде?
Бәсекелестікті қорғау және дамыту комитетінің төрағасы Рустам Ахметов көкейкесті сауалға өзінше жауап қайырды.
"Жалпы, 2020 жыл басталғаннан бүгінге дейін біздің комитет 54 тергеуге бастамашы болды. Олар бәсекені қорғау саласындағы заңнаманың бұзылуына байланысты қозғалды. Тарата айтсақ, соның ішінде 15-і – бағаға қатысты өзара ымыраласу және экономикалық қызметті үйлестіру белгілері бойынша. Тағы 19-ында – үстем және монополиялы жағдайын асыра пайдалану, 12-сінде – мемлекеттік органдардың бәсекелестікке қарсы іс-әрекеттері, 5-еуінде – адал емес, жосықсыз бәсекелестік, 3-еуінде – бәсекеге қарсы келісілген іс-қимылдар бойынша тергеу басталды", – дейді комитет төрағасы.
Оның мәліметінше, қазіргі уақытта осы аталған тергеулердің төртеуі аяқталды. Оның екеуіне қатысты тергеу қорытындыларын бекіту туралы бұйрықтар күшіне еніп, материалдар сотқа жолдануда. Қалған екеуінің нәтижесі бойынша тек ұйғарым ғана енгізіліпті.
"2019 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда, Бәсекелестікті қорғау және дамыту комитетінің тергеулерінің саны 15,5%-ға кеміді", – деді ведомство басшысы Р.Ахметов.
Назар аударар жайт, кәсіпкерлер де, қазақстандықтар да алпауыттардың әрекетіне шағымданып, ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы Асан Дарбаевқа арыз жазады. Бірақ одан стандартты сырғытпа жауап алады: "Сіз бұл мәселемен ҰЭМ Бәсекелестікті қорғау және дамыту комитетіне жүгінгеніңіз жөн. Қандай да бір нарықтағы үстем және монополиялы жағдайды теріс пайдаланудың алдын алу және жою соның құзырына кіреді".
Жанат Ардақ