Жайылып аққан Жайықтың алабында қазір 4 млн халық күнелтіп отыр. Ғасырлар бойы бауырлас башқұрт пен қазақтың кенезесін кептірген кезі жоқ. Ақтан Керейдің Жайықты жанды суға теңейтіні де сондықтан. Өткен ғасырда индустрия бұл жердің мұнайы мен газын, металы мен минералын өндіріске салды. Содан бері тұрғындар Жайықтан көрген жақсылығын зиянкес тіршілігімен еселеп "өтеп" келеді. Енді міне, жиырма бірінші ғасырда жанды Жайық өлі өзенге айналып барады.
Жайықтың жалпы ұзындығы 2428 шақырым болса, соның 1082 шақырымы Қазақстан аумағында. Еуропада Еділ мен Дунайдан кейінгі ең ұзын өзен саналады. Башқұртстан мен Челябі, Орынбар облыстарындағы өзен–сулардың көбі осы Жайық бассейніне жатады. Ең үлкен үш саласы – Ор, Сақмар және Елек өзендері. Өзеннің бойында Орал, Атырау сияқты ірі қалаларды қоспағанда 100–ге жуық қазақстандық елдімекен бар.
Жайық неге жансызданды?
Жайық трагедиясы – Қазақстан мен Ресей ынтымағының айнасы. Өзеннің қазіргі аянышты күйіне қарап–ақ бұл ынтымақтан кім ұтып, кім ұтылып жатқанын көруге болады. Бірақ гәптің бәрі тек Ресейде десек, әділеттен аттаған болар едік.
2017 жылы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің бір топ ғалымы (Г.Б. Төлемісова, Р.Ш. Абдинов, Г.Ж. Қабдырахимова, Т.Б. Жанетов) "Жайық өзенінің экологиялық жағдайы" деген тақырыппен мақала жариялады.
"Жыл он екі ай жүргізілген экологиялық мониторинг ластанудың тұрақты көзі бар екенін көрсетті. Әсіресе нитриттердің, бор мен мұнай өнімдерінің мөлшері нормадан асқан. Зерттеу нәтижелері Жайық өзенінің Қазақстандағы негізгі ластаушы көзі Ақтөбе облысындағы Елек өзені екенін анықтады", – делінген зерттеуде. Яғни, жергілікті халыққа жұғыны ғана тиетін жерасты байлығы үстіндегі байлыққа зиян шектіруде.
Ғалымдар айтып отырған Елек өзені Ақтөбе облысынан шыққанымен, Жайыққа Ресейдің аумағында құяды. Ақтөбе хром қоспалар зауытынан, Алға қаласындағы бұрынғы химиялық зауыттың қалдық қоймасынан осы Елекке мыс пен мырыштың, хром мен бордың иондары сіңіп жатыр. Ұжымдық мақалада Ресейдегі Магнитогорск қаласының тұсында судағы фосфаттың шекті мөлшерден 1,3 есе, нитритті азоттың 1,2 есе, мұнай қалдықтарының 2 есе артатыны айтылған. Жайықтың Ресей жағында Башқұрт мыс-күкірт зауыты, Магнитогорск металлургиялық комбинаты, Ор өндірістік торабы, Медногор мыс кешені орналасқан. Ал Батыс Қазақстан аумағында жыл сайын 1,85 млн тонна зиянды қоспалар құйылатын көрінеді. Оның ішінде 1,773 млн тонна хлор, 75,5 мың тонна органикалық заттар, 1,2 мың тонна ауыр металл келіп түседі.
Ресейдегі Магнитогор металлургиялық комбинаты
Атырау ғалымдарының бұл тұжырымын "Қазгидромет" мекемесінің бюллетендері де растайды. 2019 жылы мекеме мамандары Жайықтың су сапасын ластанудың ең жоғарғы сатысы – 5-класқа жатқызды.
"Жайықтың Ресейден кірген бөлігінде су құрамындағы мыс, никель, фосфор, сүрменің қоспа концентрациясы үлкен мәндерге ие", – деп жазылған құжатта.
Судың құрамын рентген әдісімен талдау кезінде өзеннің Ресеймен шекаралас жағалауындағы топырақтың беткі қабатында хром концентрациясының мөлшерден артық екені анықталыпты. Бұл осы тұста ауа қатты ластанған деген сөз.
Қуаңшылық жайлы аңыз бен ақиқат
Жайық суының ластығы айсбергтің беткі бейнесі ғана. Ресей ғылым академиясының Орал бөлімшесіне қарасты Дала инстиутының ғалымдары Ж.Т. Сивохип пен А.А. Чибилев "Жайық трансшекаралық өзенінің экологиялық–гидрологиялық проблемалары және институционалдық әріптестіктер келешегі" атты зерттеуде кейінгі жылдары климаттың Жайық үшін жағымды боп тұрғанын айтады.
"Мемлекеттік гидрологиялық институттың болжамы бойынша 2010–2039 жылдары Уралдың (Жайықтың) жылдық ағыны нормадан 10% көбейеді. Бұл жылдың суық маусымдарында климаттың жылынуына байланысты", – деп жазылған зерттеуде.
Жайықтың біздегі бөлігінен ондай оң тенденция байқалмайды бірақ. 1946 жылы Жайықтың жылдық ағыны 25,6 км3 жетсе, 1967 жылы 2,92 км3 дейін түсіп кеткен екен. Кейін біртіндеп 10,8 км3 жеткен. Мұны ғалымдар өңірде қыс жұмсарып, күз бен көктем жауын–шашынды бола бастағанымен түсіндіреді. Мысалы, ең суы мол сала саналатын Сақмар өзенінің Қарғалы құйғанында жылдық ағын 60% артқан. Ал Жайық суының 60 пайызын Сақмардан алады. Жайықты Жайық етіп тұрған Сақмар десе де болады.
Жалпы Жайықтың өз бойында 20 ірі және орта көлемді су қоймасы салынған. Оның 11–і және ең ірілері Ресей аумағында тұр. Өзенге сай–саладан келіп құятын шағын өзендерде 3200–ге жуық бөгет бар екен. Жауын–шашынды жылдарда әлгі ұсақ өзендердегі судың 40 пайызын, құрғақ жылдары 85 пайызын осы бөгеттер тосып қалады. Жоғарғы Орал, Магнитогор, Ирикла су қоймалары Жайық бассейніндегі судың 96 пайызын ұстап тұр деген мәлімет бар. Ал Қазақстандағы бөлігінде 42 су бөгені бар. Олардың бәрін қосқанның өзінде бір ғана Ирикла су қоймасының үштен бір бөлігін әрең толтырады.
Ирикла су қоймасы
Жайық аты айтып тұрғандай, жалпақ жазираға жайылып ағады. Бұл ерекшелігі қазір Ресейге қол боп тұр. Қазақстан көршісінен "жыл сайын бәлен текше шақырым су беруің керек" деп кесіп айта алмай отыр. Өйткені әр жылда Жайықтың суы әрқалай ағады деген түсінік қалыптасқан.
"Жайық арқылы берілетін ағынның көлемі 1996 жылғы 20 маусымдағы хаттама негізінде реттеледі. Олар Жайық өзені бойынша: су орташа жылдары – 7,8 км3, құрғақ жылдары – 5,4 км3, өте құрғақ жылдары – 3 км3 құрайды. Ресей Федерациясы бұл міндеттемесін толық орындайды", – деп жазады Су ресурстары комитетінің баспасөз қызметі.
Қарапайым тілмен айтсақ, Ресейден бізге Жайық арқылы кіретін судың көлемі табиғи климат пен саяси климатқа бірдей тәуелді.
Негізі 1996 жылғы хаттамада қуаңшылық жылдары Қазақстанға Ирикла су қоймасынан бөлінетін су көлемін арттыру мәселесі де қарастырылған. 2010 жылы Қазақстан тарабы құжаттың осы тармағын алға тартып, ақыры қоймадан босатылған судың көлемі секундына 15 текше метрден 20 текше метрге көбейтілген. 2020 жылы да секундына 15 текше метрден 30 текше метрге дейін көтерілді. Тек сол үшін Батыс Қазақстанның ауылдары шулап, екі елдің Сенат төрағалары Мәскеуде кездесу қажет болды. Академик Александр Чибилев мұндай оқтын–оқтын қабылданатын мәжбүрлі реанимациялық шаралар Жайықты экологиялық апаттан құтқара алмайтынын айтады.
"Ирикла су қоймасынан босатылған су Жайықтың Орал қаласынан төменде жатқан бөлігіне жетпейді. Яғни өзеннің тартылуы жалғаса береді. Олай болмау үшін әуелі Сақмардың суын мейлінше мол бұру керек. Сондай–ақ, Батыс Қазақстан облысының Шаған және Деркөл өзендерінің ағысын реттеу керек. Сонда ғана апаттың беті қайтуы мүмкін", – дейді ғалым.
Сақмардың сұрауы кімде?
Экология, геология және табиғи ресрурстар министрлігінен Жайыққа құятын жүздеген өзеннің бойындағы 3200–ден астам тоспа мен бөгет туралы ұстанымын сұрағанбыз.
"Бүгінгі күні министрлікте Жайық өзені суының Ресей аумағында бөгелетіндігі туралы нақты және шынайы статистикалық дерек жоқ. Алайда, Бірыңғай жол картасын жүзеге асыру барысында Ресей аумағында бөгелетін судың көлемі туралы нақты мәліметтер алу көзделуде", – деген жауап алдық.
Қазір екі ел арасындағы су қатынастары 2010 жылы Өскеменде қол қойылған "Трансшекаралық су нысандарын бірге пайдалану және қорғау туралы" келісім бойынша реттеледі. Ол келісімнің қаншалықты тиімді іске асып жатқанын Жайықтың қазіргі күйі, Қараөзен мен Сарыөзеннің басындағы жағдай бізсіз–ақ айтып тұр.
АШМ мәліметі бойынша 2018 жылдың жазында Жайықта 123 тоннадан астам балық қырылған
Бұған дейін 1992 жылғы келісім аясында жұмыс жүрген болатын. Сол келісімнің авторларының бірі, Су шаруашылығы министрі болған Нариман Қыпшақбаев 1992 жылғы шартты бұзуға бастамашы болған қазақстандық шенеуніктер Жайықтың обалына қалды деп отыр. Дегенмен, Нариман Қыпшақбаевтың кезінде бекітілген келісімге де кінә артушылар бар. "Сол келісім болмаса, 30 жылдың ішінде Жайықтың өр жағында мыңдаған тоспа мен ондаған су қоймасы салынбас еді" деген пікір айтады.
Қазақта су арнасын қолдан айнытса, шамданады деген ырым бар. Мистикалық ілім сияқты көрінгенімен, нақты тәжірибеден алынған қағида негізі. Ресей академигі Александр Чибилев те Жайықтың проблемасын зерттей жүріп осыған ұқсас тұжырымға келіпті. Қысқартып айтсақ, өзен бойындағы елді мекендердің қауіпсіздігі мен өндіріс ошақтарының үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үшін "тасқынға қарсы шаралар" ұйымдастырылып отырады. Бір жерде өзеннің арнасы өзгертіледі, бір жерде тоспа салынады. Қытай мен Қазақстанның, Ресей мен Қазақстанның арасында осы мәндегі келісімдер баршылық. Бұл шаралар адам үшін қысқа мерзімде тиімді көрінгенімен, табиғат үшін ұзақ мерзімде зардапты болып жатады. Әсіресе ғылыми негіздемесі шикі немесе біржақты жасалған шаралар осындай келеңсіздікке тап келтіреді. Академик Чибилев Жайықтың сан мың саласындағы тасқынға қарсы шаралар табиғи процесті ауытқытып жіберді деп отыр. Бұрын бұл өзеннің жылдық деңгейін жергілікті жұрт көктемдегі тасқынға қарап дәл болжайтын. Қазір өйте алмайды. Өйткені тасқын кезінде жайылған суды қуып әкеп Жайыққа салатын арналардың бірі тегістеліп кеткен, бірі күреліп бітелген. Жыл сайын арнасы тазартылып тұрмағандықтан, бұта–бүрген басып, суға соқпақ бола алмай қалған салалар да бар.
Жайықтың Ресей жағындағы су қоймалары мен бөгеттері туралы бізде аз айтылғанымен, өздері ашық талқылайды. Өйткені Башқұртстан билігі мен орынборлық сарапшылар арасында бітпейтін дау бар. Ортадағы Орынбор ғалымдары Сақмарға Башқұртстан аумағында құятын салалардың бәрі бөгелгенін айтып әлек. Ал су басында отырған Башқұрстан тарабы кейінгі жылдары қуаңшылық циклі белең алып, Сақмарға келетін өзендер де тартылып жатқанын алға тартады. (Құзырлы органдар дауды шешуге шынымен ниеттенсе, ғарыштан бақылау арқылы–ақ бәрін реттейтін еді).
Орынборлық Александр Чибилевтің айтуынша, кейінгі 10–15 жылдың өзінде Башқұртстан Республикасының аумағында Ақжар, Бұзаулық, Таналық, Мақан дейтін су қоймалары салынған. 2012 жылы Сақмардың деңгейі 130 жылда болмаған деңгейге түсіп кеткен екен. Мұны Башқұртсан билігі қуаңшылықтан көрсе, академик адам қолымен жасалған тапшылық деп бағалайды.
"Жайықтың да, Сақмардың да суы жылдар бедерінде жалпы қалыпты мөлшерден ауытқып жатқан жоқ. Ал суды үлестіру тәсілінің зардаптары табиғатқа өз әсерін тигізуде", – деп жүр ғалым.
Орынборлық академик Александр Чибилев
Шынымен де "Гугл–ғаламшар" арқылы қараған адам Жайық алабының Башқұртстан мен Челябі облысындағы бөлігі жап–жасыл болып, Орынбор мен Қазақстандағы бөлігі тарғылданып тұрғанын көреді. Жайық бассейні бусандырған жасыл бойлық Қазақстан шекарасына жетіп барып бітеді.
Кешіккен келісім
2018 жылы Қазақстанның ауыл шаруашылығы министрлігі Жайықтың бойындағы 20 мың гектар орманның қурап қалғанын растады. Сусыз ну болмайтыны сияқты, нусыз су да болмайды. Өзен жағасындағы орман өздігінен қар тоқтатып, көктемде тасқынмен шайылып кетпей, арнаға біртіндеп құйылуына септігін тигізеді. Кеңінен көсіліп ағатын Жайық үшін бұл өте маңызды дүние. Бір сөзбен айтсақ, Жайықтың жағасындағы әрбір экологиялық оқиға қазір жығылғанға жұдырық болып тиіп жатыр.
2020 жылдың қазан айында Қазақстанның Экология, геология және табиғи ресрурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев пен Ресейдің Табиғи ресурстар және экология министрі Александр Козлов "Жайық, Ертіс және басқа ірі өзендердің бассейндеріндегі зерттеулер саласындағы ынтымақтастықты арттырудың бірыңғай жол картасына" қол қойды.
Ендігі бір үміт осы құжатта. Өйткені, Жайықтың қазіргі ахуалын қос мемлекет табанды түрде зерттеуге уағдаласып отыр.
Жайықтың экожүйесін қалпына келтіруге арналған дәстүрлі халықаралық экспедиция мүшелері
"Бірыңғай жол картасын іске асыру барысында Жайық өзені бассейнінің Ресей аумағында орналасқан гидротехникалық құрылыстардың толық тізімін құрастырып, олардың су қалыптасу процесіне әсері зерделенеді. Бірыңғай жол картасының іс–шараларын іске асыру және зерттеу барысында әзірленген ұсыныстар Жайық өзені бойынша бағдарламаға енгізіледі", – дейді қазақстандық вице–министр Ахметжан Пірімқұлов.
Вице–министр айтып отырған екіжақты бағдарлама шеңберінде Жайық бассейніндегі өзен–сулардың ағысын реттеудің экологиялық салдарын бағалап, Жайықты қалпына келтіруге жол ашатын ғылыми–зерттеу жұмысы жүргізілмек. Биыл сол зерттеу жұмысының техникалық міндеті әзірленсе, 2022–2023 жылдары жүзеге асыру жоспарланған. Зерттеуге Қазақстан аумағында Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің, оның облыстық департаменттерінің, "Қазгидромет" РМК–ның, жергілікті әкімдіктердің мамандары тартылмақ.
Екі елдегі зерттеулердің нәтижесі Жайық трансшекаралық өзені бойынша бірлескен ғылыми–техникалық сарапшылық кеңесте ортаға тасталып, соның негізінде нақты шешімдер қабылданады. "Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің" дегендей, біздің сарапшылардың біліктілігі мен табандылығы осы отырыстарда білінбек. Өйткені қай тараптың ғылыми дәйегі нанымды, ұсынысы негізді болса, сол жаққа тиімді шешімдер қабылдануы мүмкін. Ал Қазақстанның су шаруашылығында білікті мамандардың тапшы екені көптен бері айтылып жүр. Су төңірегіндегі халықаралық келіссөздерде Қазақстанның мүддесі дұрыс қорғалмай жатса, ол мемлекеттік саясаттың табансыздығынан емес, сарапшылардың физикалық тұрғыда үлгермей жатуынан, яғни маман тапшылығынан деген түсінік те бар. Бұл уәждің де жаны бар. Қазір елімізде гиротехникалық мамандар даярлайтын оқу орындарын санасаңыз, бір қолдың саусағына да толмайды. Ал бұл жағынан Ресейдің ұпайы түгел. Ғалымдарды мемлекеттік органдардың там–тұм тапсырысына телміртпей, жүйелі бағыт беріп отыратын Ғылым академиясы да ықпалын жоғалтқан жоқ. Скептиктер бұған дейін де Жайыққа жанашырлықпен құрылған талай комиссия мен келісімнің қағаз жүзінде қалғанын жақсы біледі. Бірақ Ресей аумағында жатқан гидротехникалық нысандарды түгендеп, олардың су қалыптасу процесіне әсерін зерделеу туралы талаптар тұңғыш рет ресми құжатқа еніп отыр. Екі елдің де өкілдері саяси амбициялар мен өндірістік лоббиден Жайықтың келешегін биік қойса, бұл бағдарлама алдыңғы келісімдердің аяғын құшпас еді.
Министрлердің мәмлеге келген сәті
Ресей тарабын бұл келісімді аяғына дейін жеткізуге жетелейтін үлкен бір себеп бар. Ертіс өзені бойынша да дәл осындай келісім жасалып отыр. Мәскеу Ертістің суы Қазақстан аумағында үш есе көбейіп барып, Ресейге кіретінін жақсы біледі. Жыл сайын Қытайдан бізге Ертіс арқылы орта есеппен 9,2 км3 су келеді. Ал Ресейге орташа есеппен 27,1 км3 кетеді. Бұл – "Қазгидромет" мекемесінің мәліметі. Ресейге осы режимнің сақталғаны керек. Жайық пен Ертіс бассейіндерін реттеу келісімі сол үшін де қатар бекітіліп отыр.
Жайық трагедиясы Қазақстан мен Ресей ынтымағының айнасы дедік қой, қасаң статистиканың өзі соған дәлел. Экология министрлігінің мәліметі бойынша, 2015 жылдын бері Ресей Федерациясынан Қазақстанға Жайық бойындағы Январцево трансшекаралық гидробекеті арқылы 34,005 км3 су келген. Ал Ертіс өзені бойынша Прииртышское трансшекаралық гидробекеті арқылы Қазақстаннан Ресейге 157,46 км3 су кеткен. Жалпақтап айтсақ, Жайық арқылы Ресейден бес жылда алған суды Ертіс арқылы бір–ақ жылда қайтарып жатырмыз.
Қазақ технология және бизнес университетінің оқытушысы, экономика ғылымдарының кандидаты Сапарбай Жобаев кезінде Сібірдегі өзендерді бұру арқылы Арал мәселесін шешу ұсынылғанын есімізге салды.
"Ресейге барып, Обь өзеніне түсіп, Солтүстік мұзды мұхитқа кетіп жатқан сулардың Ресей үшін соншалықты қажеттігі жоқ сияқты. Совет дәуірінде солтүстікке кетіп жатқан Енисей, Обь өзендерінің біраз бөлігін Орта Азияға бұру мәселесі көтерілген. Мұндай тәжірибе Еуропада бар. Германия солтүстікке кетіп жатқан бір өзеннің арнасын бұрып, сусыз өңірін суландырған. АҚШ–та да осындай тәжірибе бар. Тіпті бірнеше мемлекетті басып өтетін Нілдің арнасы да сан рет өзгертілді. Бұл мәселені Ресеймен бірлесіп, сауатты шешеміз десек, Тобыл мен Есілдің Обь өзеніне кетіп жатқан суларын Ресейдің келісімін ала отырып, Арал, Жайық, Ойыл, Ембі сияқты проблемалық көздерге бағыттауға болады. Әрине, бұл өте үлкен инвестицияны, қомақты шығынды қажет етеді. Бірақ болашақта бәрібір осыған барамыз–ау деген ойым бар", – дейді сарапшы.
Еділден алар еншіміз қандай?
Шығын дегеннен шығады, былтыр мамыр айында "Қазсушар" мекемесінің Батыс Қазақстан облыстық филиалының басшысы Нұрболат Жұмағалиевтің мәлімдемесі интернетті кезіп кетті. Оның сол кезде жергілікті журналистерге берген мәліметіне сүйенсек, республикалық бюджеттен 1 млрд 964 млн теңге Еділдің суын сатып алуға бөлініпті. Бұл ақшаға 72 млн текше метр ғана су тиген. Ал Батыс Қазақстан халқының Еділ суына деген қажеттілігі кемінде 107 млн текше метр болғандықтан, қосымша қаражат қажет болған. Жергілікті әкімдік жағдайды баяндап, Қаржы министрлігіне хат та жолдап, қалған 35,7 млн текше метр суды алу үшін тағы 999 млн 100 мың теңге сұраған.
"Кіші Өзен мен Үлкен Өзеннің суы жетпегендіктен, 50 мыңнан астам адам мен 971 мың бас мал сусыз қалайын деп отыр. Қазталов, Жанғалы аудандарын ауыз сумен қамтамасыз етіп тұрған 14 су тазарту имаратына да су жетпейді. Қос Өзеннің алабында 70 мың гектар суармалы жер бар. Ол алқаптарға да су жетпей жатыр", – деген болатын Нұрболат Жұмағалиев.
Әңгіме Ресей аумағында жатқан Саратов каналының суы туралы болып тұр. Ахметжан Пірімқұлов жыл сайын бюджеттен миллиардтап бөлінетін қаражат судың өзін сатып алу үшін емес, су жеткізетін каналды күтіп ұстап, сорғының көмегімен еңістен өрге қарай су айдауға кететін шығындарды өтеу үшін жұмсалатынын айтады.
"КСРО кезінде Ресей Федерациясының Волгоград облысының және Қазақстан Республикасының Батыс Қазақстан облысының аумағын сумен қамтамасыз ету мақсатында Саратов және Палассов суару–суландыру жүйесі салынып, Батыс Қазақстан облысының су тапшы аудандарына Еділдің суын сорғы станциялары арқылы беру туралы шешім қабылданған. 2010 жылы сол шешім күшінде қалды. Бұл жерде сол бір шешім бізге тиімді екендігін атап өтеміз. Себебі Қараөзен мен Сарыөзен бассейндерінің су ресурстары ол жердегі елді мекендердің суға деген сұранысын қанағаттандыруға жеткіліксіз. Сонымен қатар, Қазақстан тарапы қаражатты Ресейден алынатын судың көлеміне емес, сол суды сорғы арқылы беруге кететін шығынды өтеуге төлейтінін хабарлаймыз және бұл суды сатып алу болып табылмайды", – деп жазылған вице–министрдің жауабында.
Ал Нариман Қыпшақбаев суды канал арқылы сорғымен айдау үшін жыл сайын миллиардтаған қаражат кетуі мүмкін емес деп отыр. Судың қымбаттауына қазақстандық кеден қызметінің трансшекаралық өзен суын импорттық тауар ретінде ресімдеп, баж талап етуі себеп болған көрінеді.
P.S. Трансшекаралық өзендер проблемасы журналист қауымға тәуелсіздік алған кезден бастап "азық" болып келеді. Жуыр маңда күн тәртібінен түсе қоятын түрі жоқ.
Кейде тіпті осы әрекетіміз "Кедейдің кіжінуі бітпейді" дейтін мәтелді еске салатындай. Жайықтың тайдай тулаған бекіресі, Ертіс пен Іленің уыз нәрі, Сырдарияның сұлу суреті арнасынан ауып, халық аузындағы ән мен жырда ғана қалып барады. Аралдың алдында екі тізгін бір шылбырымыз өзгенің қолында болып еді деп ақталдық. Ал трансшекаралық өзендер ертең сол Аралдың кебін кисе, не деп кешу сұраймыз? Трансшекаралық өзендер проблемасы – келер буынға қалдыруға келмейтін, қазіргі ұрпақтың мойнына аманат боп жүктелген міндет.
Есімжан Нақтыбайұлы
Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз !