Табысын әлеуметтік жобаларға жұмсайтын жан

Маржан Кәрімжанқызы Маржан Кәрімжанқызы
4756

Мүмкіндігі шектеулі балаларға арнап орталық ашқан адамға облыстық әкімдік пен өңірлік кәсіпкерлер палатасы қолдау көрсетіп отыр. 

Табысын әлеуметтік жобаларға жұмсайтын жан

Айгүл Разақованың есімі жамбылдықтарға етене таныс. Талдырмаш қана әйел азаматшаның бойында соншама үлкен істерді қиналмай атқаруға күш қайдан пайда болады десеңізші?!

Сонау 2004 жылы өз үйінің ауласында мүмкіндігі шектеулі балаларға арнап "Айналайын" орталығын ашқан Айгүл Разақованың бүгінде ісі өрге домалап, қайырымдылығы мен жаңашылдығы көпке үлгі болып отыр.

Айгүл "Айналайын" алғаш құрылғанда онда санаулы ғана бала келіп, оларды қолдан түрлі бұйым жасауға баулығанын еске алады.

"Жалғыз қызым болғандықтан, оның өзі секілді замандастырымен бірге емін-еркін ойнап өскенін  қаладым. Сондықтан үй маңындағы көршілерден бастап, басқа ауланың балаларының басын қосып, түрлі шаралар ұйымдастырып жүрдім. Жазғы демалыстардың бірінде сол балалардың барлығы дерлік далада құр ойын қуып, текке күнін өткізіп жүргенін байқадым. Сөйтіп оларды қандай пайдалы іспен жұмылдыруға болатынын ойладым. Нәтижесінде үйдің ішінде шағын қолөнер орталығын ұйымдастырып, аулама қазақтың киіз үйін тіктіріп қойдым. Балалардың барлығы сол киіз үйді төңіректеп, қызықтап жүргенін көріп, оларды сол үйді безендіруге баулыдым. Қазіргі ісіміз осылай басталды", – дейді ол өткен күнді еске алып.

Айта кетейік, орталықта тігілетін ұлттық бұйымдар "Қазақстанның 100 үздік тауары" тізіміне енгізілген. Алдағы уақытта бұл туындылар ЭКСПО-2017 көрмесі аясында ұйымдастырылатын отандық өнімдер бұрышына қойылады.

Айгүл көпшілікпен байланысы шектелген, көбінесе үйде отыратын балалардың ел қатарлы қалыптасуына көңіл бөлді. Алғашында жазғы лагерь есебінде ұйымдастырылған "Айналайын" өзінің игі ісінің және қолдан тіккен қазақша бұйымдарының арқасында айналасына тез танылды. 2010 жылы  "Клуб ЮНЕСКО" мәртебесіне ие болады.  

Бүгінде "АК" маркасымен қыз жасауының заманауи үлгілерін өндіріп отырған орталықта 500-ден астам бала білім алып, білігін шыңдауда. Олар жасаған фирмалық заттаңбасы бар тауарлар Австрия, Америка, Франция және Ұлыбритания сынды шет елдерге жол тартуда. Көздің жауын алатын әдемі бұйымдар елге келген шетелдік туристерді де бей-жай қалдырмайды.  

Орталық жұмысы қазақы бұйым тігумен шектелмейді, мұнда қолөнер мен дамудың барлық түрлеріне арналған үйірмелер жұмыс істейді. Атап айтқанда, еріктілер, қоршаған орта, тігін тігу, театр, би, өнер және басқа да сабақ жүргізіледі.

Орталық жұмысы тұрақты қаржыландыруды қажет ететіндіктен Айгүл бірнеше жыл бұрын ұйымдағы тігін цехының кешенінде жеке кәсіпорын құруға шешім қабылдайды. Бүгінде басшының жетекшілігімен төрт шебер киіз үйлерді безендіруге қажетті өнімдерді, қалыңдық жасауын, жұмсақ қаңқасыз балалар жиһазын және басты өнім – балалардың жұмсақ логикалық пазлдарын жасайды.

Жұмсақ пазлдар өзіндік ерекшелігімен дараланады. Жоба жетекшісі бұл бұйыммен жергілікті нарықты толық қамтып, пазлдарды балабақшаларға ұсынып көргісі келеді. Өйткені жұмсақ пазлдар бұйым болумен қатар, балалардың ой-санасының жетілуіне көп көмек тигізеді екен.

"Жұмсақ пазлдар тек білім беру мекемелерінде ғана емес, әрбір отбасында болса нұр үстіне нұр болар еді.  Өйткені оны ата-ана мен балаға бірлесіп қолдануға болады. Нәтижесінде бір отбасыға ортақ ойын пайда болады ал аналар тігін тіге алмаса да, қыздарына құрақ көрпенің қандай технологиямен жасалатынын көрсете алады, – деді Айгүл Разақова.

"АК" маркасының тауарлары  түсі мен тігілу технологиясымен, дизайны және матасының сапасымен ерекшеленеді. Мұның себебін Айгүл Разақова тауарлардың экспортқа бағытталып тігілетіндігімен түсіндіреді.

"Көбінесе біздің өнімді шетелдік туристерге  ұсынуға алып жатады. Ал "Болашақ" бағдарламасымен шет мемлекеттерде білім алып жатқан жастарға ата-аналары құрақ көрпелерді арнайы сатып алады. Біз шетелдіктерді қазақтың ұлттық бұйымдарына қызықтыру үшін көп ізденеміз. Сәйкесінше өнімдеріміздің сапасына ерекше назар аударамыз.

Бір қарағанда ұлттық бұйымдарды бизнес көзіне айналдырып , табыс тауып отырғандай болып көрінетін "Айналайын" орталығының тыныс-тіршілігіне терең бойласаңыз, мәселенің мүлде басқа қырын көресіз. Өйткені мұнда басты мақсат баю емес, жұмыссыз жүрген қыз-келіншектерге қызмет беру, мүмкіндігі шектеулі балаларға орта қалыптастыру, қазақтың дәстүрі мен жөн-жоралғысын жаңғырту, сол арқылы тәуелсіз Қазақстанның қарыштап дамуына үлес қосу.

Ерекше атап көрсетерлігі, Айгүл сатылымнан түскен табысты қарақан басына я болмаса отбасына емес, әлеуметтік жобаларға жұмсайды. Оның бастамасына облыстық әкімдік пен өңірлік кәсіпкерлер палатасы жан-жақты қолдау көрсетіп отыр. Бұл көмек Айгүлді алға жетелеп, көңіліне демеу болып тұр.

Маржан Кәрімжанқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу