Тайбұға кім немесе "Қазақта мемлекет болмаған" деушілерге алғашқы ғылыми жауап

6132

"Алдағы жоспар – Ресей мен Қазақстанда ескерткішін орнату, деректі және көркем фильмдер түсіру, тарихи тұлғаны мектеп оқулығына енгізу"

Тайбұға кім немесе "Қазақта мемлекет болмаған" деушілерге алғашқы ғылыми жауап

Елордада "Ұлы даланың жеті қыры: Сібір Ұлысы және Тайбұға Қазақстан тарихында" атты ғылыми конференция не үшін өткізілді, ғалымдар нені көздейді? Бұл сұрақты inbusiness.kz тілшісі ғалым Факия Шамшиденова мен іс-шараның ұйымдастырушысы Асылхан Игібаевтан сұрады.

Тайбұға хан туралы не білеміз?

Конференция барысында ХІІІ-ХVІІ ғғ. Тайбұға Ұлысы және Батыс Сібір: саяси-әлеуметтік мәселелері" атты кітаптың тұсауы кесілді. Авторы: Факия Шамшиденова, Қазақ Ұлттық қыздар педагогикалық университетінің қауымдастырылған профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты.                                                                                  "Сібір жылнамаларында" Шыңғыс ханды тәрбиелеген Тұғырыл хан, яғни Оң ханның шежіресі айтылады. Міне, Тайбұға – сол Оң ханның ұлы. Билік институтын жастайынан көріп өскен ол Батыс Сібір жеріндегі Сібір хандығын басқарған. Жалпы тарихшы адам тарихи антропология деген әдісті білуі керек. Ол дегеніміз – әлеуметтік-мәдени кеңістіктегі бүкіл менталитетінің ерекшелігімен тұлғаны тану. Міне, біз осындай талдау жүргізгенде Тайбұға болмысы бүтін тұлға екені белгілі болды. Біз Тайбұғаның Сібір хандығының басында болып, ұлыстық билеу жүйесін басқарғаны тегін емес деген пайымдама жасадық", – деді Факия Шамшиденова.

"Көшімді ғана айтамыз"

"Сібір хандығы десе, Көшімді айтамыз, ал одан бұрын билік жүргізген Тайбұғаны ұмытып кетеміз. Бұл өте өкінішті. Тайбұға билік еткен кезең негізінен 14-ғасырға жатады. Оның қазақ тарихындағы орыны дегенде, бізде жаңсақ пікір қалыптасқан. "Ол қазіргі Қазақстан жерінде болған жоқ, ендеше тарихқа қажеті қанша?" деген пікір айтушылар бар. Бұл дұрыс па? Дұрыс емес. Өйткені қазіргі территроиямыздан да тыс жерлерде болған тайпаларымызды зерттеуіміз керек. Мысалы, Алтай тауының төрт жағын да түркі тайпалары мекендеген. Ол жер Керей хандығының ұлысы болғаны дәлелденген. Сондықтан біз Батыс Сібір қазақ халқының атамекені деген тұжырым жасаймыз", – дейді ғалым.

Кім ұмыттырды?

"Батыс Сібір қазір кімнің территориясында тұр? Ресейдің мемлекеттік шекарасында тұр. Міне, сондықтан олар шовинистік пиғылда барлығы біздікі деп есептейді ғой", – дейді ғалым.

"Сібір татарлары" деген кімдер?

"Сібір татарлары" деген атау өте қате. Мұны татардың Файзрахманов бастаған тарихшылары айтып кеткен. Мұны Сібір түркілері немесе Сібір түркі тайпалары деп атауымыз керек. Бұл жерде керей, онгут (уақ), меркіт тайпалары мекендегені белгілі", – деді Факия Шамшиденова.

Ендеше Сібір хандығының жері қайда?

"Алтын Орданың территориясы қазіргі Қазақстан территориясынан да үлкен болған деп жатамыз ғой. Өйткені Жошы Ұлысына Батыс Сібір жері қараған. Сібір хандығы осы өлкеде Алтын Орда құлағаннан кейін құрылған. Оның территориясы – қазіргі Ресейдің шығыс аймағы: Алтай өлкесі, Кемерово, Курган, Новосібір, Омбы, Томск және Тюмень облыстары. Жерінің аумағы: 2 427 шаршы шақырым. Оның 92 пайызы Батыс Сібір жазығында, сегіз пайызы Алтай тауы, Кузнецк алатауы және Салайыр бұйратында болған. Географиялық жағынан алғанда, бұл жер – тундра. Тундра жұрты дейміз", – деді ғалым.

"Қазақта мемлекет болмаған" деушілер неге сүйенеді?

"Бірдеңе сүйенген кісі "мынандай дерек негізінде" деп айтуы керек. Ондай айтылмайды, құр сөзге салады. Бұған берген жауабымыз – осы зерттеу еңбегіміз деп біліңіз. Біз ол жерде қазақ тайпалары мекендеп, хандық құрғанын дәлелдедік", – деді ғалым.

Ғалым ұсынысы

"Мысалы, Қытай қай елмен шекарасы түйіссе, сол жерден институт ашып, зерттейді. Олардың Қиыр Шығыспен түйіскен жерінде Харбин қаласы бар, сонда Сібір институтын ашып отыр. Бізге де Сібір зерттеу институтын ашу керек. Мұны конференциядағы баяндамамда да айттым. Өйткені қазақ тарихын қазіргі шекарамыздың аумағында ғана зерттеу дұрыс емес. Қазақтар мекендеген барлық жерді танып-білу – біздің міндетіміз. Бізге осындай өркениетті дүниені неге үйренбеске?" – деді Факия Шамшиденова.

Деректерді қайдан алдыңыз?

"2002 жылы Ғылым академиясының Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтында дәл осы кітабымның атымен докторлық диссертациям бекітілген болатын. Жетекшім – Көмеков. Жұмысым 2010 жылы дайын болды, өкінішке қарай, қорғау кезегі келмеді. Менімен бірге бірнеше адамға кезек келмеді. Себебі классикалық тұрғыдағы диссертациялық кеңестер жабылды. Өйткені Қазақстан Болон процесіне қол қойып, үш сатылы білімге ауысты. Еңбегім енді Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай шықты. Дәл осы Сібір мен Тайбұға тақырыбына арналған менікінен басқа монография шыққан жоқ. Бірақ Маслюженко деген Ресейдің Курган облысының ғалымы жазып жүр. Онымен келіспейтін тұстарым бар. Оны кітапта жазғанмын. Мысалы, шежірелерді қате береді. 

Ал осы тақырыпты Ресейде мақала түрінде жазып жүргендер бар.

Бұл еңбекті жазуға біріншіден "Сібір жылнамаларына", екіншіден патша грамоталарына, сосын эпос, фольклорларға (мысалы, Дотан батыр жыры, Сарғуанның аяғы ұлан Тобыл, қалмақтың Жанхыр яғни Жәңгір эпосы), Милнердің деректері, картографиялық материалдары сынды көптеген дереккөзге сүйендім. Мәскеудің РГАДА архивіне бардым. "Мәдение мұра" бағдарламасы арқылы бізге келген Көшім ханға қатысты деректерді қарадым. Патша үкіметінің саяси мәселелерді талдаған кезде әскербасыларға берген аманаттарымен таныстым", – деді Факия Шамшиденова.

Жоспар

"Қазақ мемлекеттігінің қалыптасуына өз төңірегіндегі көптеген түркі ұлыстарының тікелей және жанама ықпалы болды. Осы ретте ықпал еткен ірі ұлыстардың бірі – Тайбұға Ұлысы және Тайбұғалықтар негізін қалаған Сібір хандығы. Тайбұға Ұлысы жайлы тарихи деректер отандық тарихшы-ғалымдардың назарын аударып отыр. Аталған конференция осы мәселелер және Қазақстан тарихының тамырын тереңнен қарастыруды мақсат етіп отыр. Тарихымызға күмән келтірушілер шыққанда жер-жердегі азаматтар атқа мініп, ту алып челлендж жасады ғой, ал біз дәлелмен жауап берсек дейміз", – деді, "Тұғырылхан – Оң хан" корпоративтік қорының төрағасы Асылхан Игібаев.

Конференция өткізушілердің алдағы жоспары:
– Тайбұға хан туралы деректі және көркем фильмдер түсіру;
– Ресейдің Түмен қаласында Тайбұға хан ескерткішін орнату (желтоқсанда ТМД басшылығы және Ресейдің қоғамдық бірлестіктерімен меморандумға қол қоймақ.
– Қазақстан аумағында Тайбұға ханға ескерткіш орнату;
– Ел ішінде кешенді ғимараттар, бекеттер мен көше атауларына Тайбұға хан есімін беру;
– Тайбұға хан туралы мектеп оқулығына енгізу.

Тасқын Болатұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу