Түркістан туристерді қалай тартпақ

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
20454

Киелі өңір биыл туризмді түлетуге басымдық беріп отыр.

Түркістан туристерді қалай тартпақ

2018 жылы елімізде орын алған негізгі оқиғаның бірі – Түркістанның жеке облыс атануы. Ескі шаһардың жаңа мәртебеге ие болуы тұтас түркі халықтарының назарын аудартқанын жақсы білеміз. Әсіресе, ел президентінің Түркістанды облыс деп жариялау туралы шешімі Қырғызстанда өткен Түркі кеңесінің саммитінде бауырлас елдердің басшылары тарапынан қызу қолдауға ие болды. Түбі бір түркі халықтары үшін қастерлі атау өзінің тұғырына қайта қонғанын туыстас елдер өте жылы қабылдады.

Қазақ хандығының астанасы болған, тағдырлы шешімдер қабылданып, бәтуалы басқосулар мен келелі кеңестер өткен шежірелі шаһар енді Қазақстанның туризмін жаңа деңгейге көтермек. Өйткені, облыстың алдағы жылдардағы негізгі даму бағыты осы саламен үндесіп жатыр. Бұл ретте, өңір басшылығы туризм саласында ірі жобаларды қолға алмақ ниетте.

Түркістан облысы туризмді дамыту үшін осынау киелі топырақта туған Қожа Ахмет Ясауи мен Әбу Насыр әл-Фарабиды негізге алмақ. Себебі президент әлемдік деңгейдегі қос тұлғаны мемлекеттің баға жетпес символдық капиталы ретінде танытуға тапсырма берген-ді.

"Өкінішке қарай, біз Отырарда туып, жетпіске жуық тіл меңгерген жалғыз ғана әл-Фарабиді білеміз. Кейбір дерекке сүйенсек, Әбу Насырдан бөлек, Отырардан отыздан астам әл-Фараби шыққан көрінеді. Тіпті, Сайрамнан шыққан 3 Сайрами, Отырардан шыққан 30 әл-Фараби, Яссыдан шыққан 5 Ясауи бар. 2020 жылы Әбу Насыр әл-Фарабидың өмірге келгеніне 1150 жыл толады. Осыған сәйкес, әл-Фарабиге қатысты кешенді іс-шараларды ұйымдастыру жоспарлануда. Мұраларын зерделеп, туындыларын ұрпаққа таныстырып, ел ішінде, жастар арасында кең көлемде насихаттау – негізгі жұмысымыздың бірі болмақ", – деді Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев бізге берген сұхбатында.

Сондай-ақ Қожа Ахмет Ясауиді де насихаттау жұмыстары жалғасын табады. 2019 жылы Түркістан қаласында әлемнің түкпір-түкпіріндегі Ясауидің ғылыми мұрасын зерттеп жүрген ғалымдар мен тарихшылардың басын қосатын халықаралық конференция өткізілмек. Бұған қоса, Ясауи мұралары кешенді түрде зерттеліп, деректі және көркем фильмдер түсіріледі. Білім бәсекелерін өткізу жоспарланған. Елбасы тапсырмасы бойынша, жаңа Түркістанда Ясауи мұражайы салынады.

"Ясауи феноменін жоғарылату, атын асқақтату арқылы ғылымды ғана емес, туризмді де дамытамыз. Мәселен, Түркияда Мәулана Жалаладдин Руми, Қажы Бекташ Уәли сынды ғұламалардың жатқан жеріне миллиондаған мұсылман зиярат жасайды. Былтыр Мәулананың мұражайы мен жатқан жеріне тәу етуге 2,5 миллион адам ат ізін салған. Ал Ясауи ілімін Анадолы жерінде жалғастырған шәкірті Қажы Бекташ Уәлидің Невшеһир қаласындағы кесенесіне – 500 мың турист келген. Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи мавзолейі де келешекте дамыған туризм орталығына айналуы тиіс. Кесенеде 21 хан, 8 сұлтан, 19 би, 56 батыр және өзге де тұлғалар дамыл тапқан", – дейді Жансейіт Түймебаев.

Сонымен қатар қазақ тарихындағы ұлы тұлғаларды ұрпақ санасына сіңіру мақсатында "Түркі әлемі", "Қазақ хандары мен билері", "Ұлы дала елі", "Тарихи-киелі орындар" орталықтары бой көтереді. "Ұлы даланың ұлы есімдері" жобасы аясында осы аймақта туған тарихи тұлғалар туралы мәліметтер жинақталып, ортақ база жасалады.

Түркістан қаласында  Халықаралық Түркі Академиясының зерттеу орталығы іске қосылмақ. Академияның штаб-пәтерін Түркістанға көшіру жөнінде де ұсыныстар айтылуда.  

Түркістанда Түркі әлемі орталығы салынып, "Түркістан кітапханасы" сериясымен жинақтар шықпақ. Сонымен бірге "Түркі әлеміндегі 100 жаңа есім" анықталып, жоба жеңімпаздарымен халықаралық форум өткізіледі деп күтілуде.  

"Түркістан облысын әлемдік деңгейде таныту мақсатында Түркі Академиясымен бірге ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде арнаулы іс-шара ұйымдастырып, туризм саласы бойынша әлеуеті бар елдерде Түркістан күндерін өткізу ойластырылған. Сондай-ақ Түркия, Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея және басқа көршілес елдерде Түркістан қаласы мен облыстағы туристік орындар таныстырылады", – дейді облыс басшысы.

Қыркүйекте "Көне Түркістан – жаңа  мүмкіндіктер" атты халықаралық туристік және инвестициялық форум өтті. Оның қорытындысы бойынша әлемнің 20-ға жуық мемлекетінің инвесторларымен 1,7 млрд АҚШ долларын құрайтын меморандум жасалды.

"Түркістан қаласын түркі әлемінің рухани орталығына айналдыру және туристерді тарту мақсатында Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жақын тұста Визит орталығы және ашық аспан астындағы музей, Бейнелеу өнері музейі, амфитеатр, мәдени демалыс орындары халық игілігіне ұсынылатын болады. Тарихи жәдігерлер қалпына келтіріліп, жаңадан құрылысы басталатын Түркістан облысының тарихи-әулиелі жерлерінің орталығы, облыстық әмбебап кітапхана, қазақ драма театры, туризм колледжі және Медиа, "Қазақстан-Назарбаев" орталықтары бой көтереді", – дейді Жансейіт Түймебаев.

ІХ-Х ғасырларда сәулетті сарайлары, ірі медреселері, мұнаралы мешіттерімен аты мәшһүр болған көне Отырар қалашығын туристік нысанға айналдыру да негізгі бағыттың бірі. Ежелгі Отырар қаласының бірқатар нысандары ішінара қалпына келтіріледі деп жоспарлануда.

"Қазір Отырар қалашығын абаттандыруға жергілікті бюджеттен 28,8 миллион теңге қаржы бөлінді. Келер жылы Отырар қалашығы Визит-орталығының құрылысы басталады. Бұдан бөлек, "Туристік Қазақстан – 2019-2025" бағдарламасы аясында көне қалашықтарда, оның ішінде Отырар, Сауран, Күлтөбеде археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу қарастырылған. Ұлы Жібек жолы бойындағы Сидақ, Қараспантөбе, Жуантөбе қалашықтарына археологиялық зерттеу және қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі. Қазақ хандығының құрылып, мемлекет ретінде қалыптасуына негіз болған көне Созақ қаласына 2010 жылдары басталып, қаржы тапшылығынан бір-екі жылдан кейін тоқтап қалған археологиялық жұмыстар өз жалғасын табады", – деп сендірді өңір басшысы.

Еске сала кетейік, үкімет қаулысымен бекітілген "ҚР туристік индустриясын 2023 жылға дейін дамыту" тұжырымдамасына сәйкес, облыс "Ұлы Жібек жолын жаңғырту" кластеріне енгізіліп, Түркістан қаласы кластердің негізгі нысаны ретінде белгіленді. Сондай-ақ Түркістан Қазақстанның туристификациялау картасының республикалық маңызы бар ТОП-10 нысанына кірді. Кластерге Отырар, Сауран қалашықтары, Арыстан баб, Қ.А.Ясауи кесенесі де ілікті.

Түркітілдес елдердің жастарын жақындастырып, өзара ынтымақтастықты күшейту және болашақ саяхатшылар мен өлкетанушыларды даярлау мақсатында "Түркі әлемінің бірегей тарихи орындарына өлкетану" экспедициялары және "Түркістанға оралу" түркі халықтарының этнофестивалі, Түркі әлемінің Ынтымақтастық күні мерекесі, Түркологтардың форумы, "Түркістан брэнді" түркі әлемі фотосуретшілерінің симпозиумы қолға алынбақ.

Осы жылы Түркістан облысында "Шығыс базары" фестивалі жүзеге асып, ұсталар мен зергерлердің қола, мыс, темір, күміс, алтыннан жасаған әшекей бұйымдарын көрмеге қойылмақ.

"Бүгінде жер жүзінде қызғалдақтың 3 мыңнан астам түрі бар, олардың басым көпшілігі – біздің дала қызғалдағының "ұрпағы". Қазір Қазақстанда қызғалдақтың 35 түрі өседі. "Көктем аруының" ең әдемі түрлері Түркістан облысындағы Түлкібас, Қазығұрт, Төлеби, Бәйдібек аудандарындағы таулы аумақтарда кездеседі. Шұбайқызыл шоқысынан еліміздің "Қызыл кітабына" енгізілген грейг түрін табуға болады. Былтыр бірінші рет Түлкібас ауданында "Қызыл кітапқа" енген, яғни айрықша қорғауды қажет ететін лала гүлдерді қорғау және сол аймақтың туристік әлеуетін көтеру мақсатында халықаралық "Қызғалдақ" фестивалі өтті. Биыл бұл фестивальдің халықаралық маңызын арттырып, деңгейін көтереміз. Оған мыңдаған саяхатшылар келетін болады", – дейді әкім.

Қысқасы, биыл Түркістан туризмнің негізгі ортасына айналмақ.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу