Тәліптердің тыйымы манекендерге де жетті

1376

Жаңа бұйрыққа сәйкес, киім сатушылар бұл мүсіндердің беттерін жабуы керек немесе олардың бастарын кесіп тастауға міндетті.

Тәліптердің тыйымы манекендерге де жетті

Тәліптер билікке келгелі Ауғанстан астанасы Кабулдағы әйелдер киімін сататын дүкендердегі манекендердің бастарына мата қап кигізілді немесе олар қара полиэтилен пакеттермен оралды.

Сондықтан қазір тұмшаланған манекендер де Ауғанстанда "Талибанның" пуритандық үкіметінің бір символына айналып отыр. Алайда, екінші жағынан, бұл мүсіндердің жаңа келбеті Кабулдың көйлек саудагерлерінің жаңа басшылыққа қарсылығы мен шығармашылығының да кішкентай көрінісі іспетті.

Бастапқыда тәліптер манекендердің басын кесіп тастауды қалаған.

Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, радикалдық қозғалыс 2021 жылдың тамызында билікті басып алғаннан кейін "Талибанның" Бейбастақтықпен күрес және ізгілік министрлігі барлық манекендерді дүкен терезелерінен алып тастау немесе оларды бассыздандыру жайлы қаулы шығарған. Тәліптердің айтуынша, бұл бұйрық ислам заңдарына негізделді, ал мұсылман дінінде мүсіндер мен адам бейнесі екі аяқты пендені пұтқа табынуға жетелеуі мүмкін. Дегенмен кейбір бақылаушылардың пікірінше, жаңа тыйым "Талибанның" әйелдерді көпшілік назарынан тыс қалдыру науқанымен де үйлесім тауып отыр.

Бірқатар сатушылар бұйыққа көнуге мәжбүр болса, өзгелері бұл талапты орындамады.

Соңғылары киімдерін дұрыс көрсете алмайтындарына немесе құнды манекендерді зақымдауға мәжбүр болатындарына шағымданған. Сондықтан, "Талибан" қатаң қаулысын өзгертіп, дүкен иелеріне манекендердің басын жабуға рұқсат берді.

Осылайша, дүкен қожайындары "Талибанға" мойынсұну мен тұтынушыларды тарту әрекеттерінде таразының басын тең ұстауға тиіс. Бұл балансты сақтау жолында саудагерлер алуан түрлі шешімдерді ойлап тапты. Мұны Кабулдың солтүстігіндегі Лицей Мариям көшесінде байқауға болады. Орта таптың өкілдері көп серуендейтін бұл кварталдағы дүкендердің витриналары мен демонстрациялық залдарында жарқыраған әшекейлі кеш көйлектерінің сан түрі тұр және де соларды көрсететін манекендердің бәрінің бастары сәндеп қапталған.

Бір дүкенде манекендердің бастарындағы қаптар көйлектердің маталарымен бірдей матадан жасалған.

"Мен манекендердің басын пластикалық немесе көріксіз заттармен жаба алмаймын, өйткені бұның бәрі витриннам мен дүкенімді ұсқынсыз етеді", - дейді саудагер Башир Associated Press агенттігіне берген сұхбатында.

Дүкен иелері тауарларын тартымды етіп ұстауы керек – "Талибан" басшылыққа келгеннен кейін халықаралық қаржыландыру тоқтатылып, ауған экономикасы құлдырап, халықтың түгелге жуығы кедейшілік кебін киді.

Әдемі көйлектер Ауғанстанда үйлену тойлары үшін әрқашан сұранысқа ие еді. Ал, тәліптер режимінде мұндай қуаныштар - әлеуметтік кездесулер үшін санаулы мүмкіндіктердің бірі. Бірақ елдің табысы азайғандықтан, мерекелік шаралар бұрынғыдай көп өтпейді.

"Үйлену тойларына, кештерге арналған көйлектерді сатып алу енді адамдар үшін басты мәселе емес. Жұрт қазір ішерге ас табуды, аштан өлмеуді көбірек ойлайтын болды", - дейді Башир.

Тағы бір дүкен иесі Хаким манекендерінің жүзін алюминий фольгамен жауыпты. Сондықтан оның тауары жарқырап анадайдан көз тартады.

"Мен бұл қауіп пен тыйымнан мүмкіндік жасадым – манекендерім бұрынғыдан да тартымды болып тұр", - дейді ол.

Дегенмен, барлык жерлерде бұлай емес. Бір дүкенде жеңсіз халат киген манекендердің бәрінің бастарына қара пластик қаптар кигізілген. Себебі олардың қожайынының мүсіндердің бетін сәндеп жабуға қаражаты жетпеді.

Тағы бір дүкен иесі Азиздің айтуынша, Бейбастақтықпен күрес және ізгілік министрлігінің агенттері манекендердің басы кесілгеніне немесе жабылғанына көз жеткізу үшін дүкендер мен сауда орталықтарын үнемі патрульдейді.

"Манекендердің пұт емес екенін әркім біледі және оларға ешкім табынбайды. Барлық мұсылман елдерінде киімдерді көрсету үшін осындай мүсіндер қолданылады", - дейді ол "Талибанның" ережелеріне наразылық білдіре отырып.

Шынының арғы жағынан бастары жабылған еркектердің де аздаған манекендерін көруге болады. Бұл биліктің тыйымды баршаға қолданып жатқанын білдірсе керек.

"Талибан" бастапқыда 1990 жылдардың аяғындағы алғаш билік еткен кезіндегідей қатал ережелерді қоғамға енгізбеуге уәде берді. Бірақ, кейін олар, әсіресе, әйелдерге қатысты шектеулер жариялауға кірісті. Мәселен, қыздарға алтыншы сыныптан кейін оқуға тыйым салынды. Және де ауған әйелдері көптеген жұмыс орындарынан аластатылып, сыртта жүргенде беттерін жауып жүруге міндеттелді.

"Мен бұл манекендерді көргенде, олар да қолға түсіп, бостандығынан айрылды деген ойға келемін. Сонымен қатар, кейде осы витриналардың ар жағында  барлық құқықтарынан айырылған ауған әйелдері тұрғандай әсерге бөленемін", - дейді Кабулдың Рахима есімді тұрғыны АР агенттігі тілшісімен тілдескенде.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу