Тамызда ұлттық жобалар жүзеге асырыла бастайды

1650

Ақордада Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің бесінші отырысында Ұлттық жобаларды іске асыру мәселесі талқыланды. 

Тамызда ұлттық жобалар жүзеге асырыла бастайды

Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі 18 ұлттық жоба іріктеп алған. Оның екеуі (цифрландыру және агроөнеркәсіптік кешен жобалары) жүзеге асыруға дайын, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Агенттік төрағасы Қайрат Келімбетовтің айтуынша, 2021 жылдың ақпан-наурызында мемлекеттік органдар тарапынан 30-40 жоба ұсынылған.

"Біздің мекеме 18 жобаны іріктеп алды. Ұлттық жобаға енбегендері осыған ұқсас ауқымды жобалардың құрамына енді",  деді басшы.

Ол Мәдениет және спорт министрлігінің "Бұқаралық спортты дамыту" жобасы мен Денсаулық сақтау министрлігінің 3 жобасы "Дені сау ұлт" ұлттық жобасына енгізілгенін атап өтті. Ал Төтенше жағдайлар министрлігінің Азаматтық қорғау мемлекеттік жүйесін дамыту жобасы мен Қорғаныс министрлігінің Қарулы күштерді жаңғырту жобасы "Қауіпсіз ел" ұлттық жобасына біріктірілген.

Ал "Бәсекеге қабілетті экономика" ұлттық жобасы индустриялды даму, туризм және сауда секілді салаларды дамытуды көздейді. 

Қайрат Келімбетовтің пікірінше, Ұлттық жобаларды жүзеге асырмас бұрын қоғам мен сарапшылардың пікірін ескеру керек.

"Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық жобалар депутаттардың талқысынан өтуі керек деп санайды. Бұл бюджет қаражатын тиімді пайдалануға септігін тигізеді", - деді агенттік төрағасы.

Сонымен қатар бұл жұмыстарға "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасы да белсенді араласады.

Ұлттық жобаларды дайындаудың бірінші кезеңінде агенттік пен Ұлттық экономика министрлігі Үкімет басшысының қатысуымен бірнеше талқылау өткізген.

"Бүгінде агенттік пен аталған министрлік мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуына мониторинг жүргізіп жатыр. Талдау қорытындысы Ұлттық жобаларды қай бағытта дайындау керегін нақты көрсетеді", - деді агенттік басшысы.

Оның айтуынша, мамыр-маусымда Ұлттық жобалар Үкімет басшысы мен Мәжіліс депутаттары деңгейінде талқылауға шығарылады. Тамыздан бастап жобаларды іске асыру жоспарланып отыр.

Ақордада өткен Реформалар жөніндегі жоғарғы кеңестің бесінші отырысында цифрландыру мен агроөнеркәсіптік кешен бойынша екі Ұлттық жоба Мемлекет басшысының назарына ұсынылды.

Отырыста Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің "Цифрлық Қазақстан" бағдарламасы аясында цифрлық саланы дамыту тұжырымдамасы, "DigitEL" жобасы мен  агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2026 жылға дейінгі ұлттық жобасы мақұлданды.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жобалардың маңызын атап өтіп, Үкіметке оларды пысықтауды тапсырды.

Ұлттық жобалар 3 негізгі талапқа сай келуі керек. Біріншіден, тұтас елге оң өзгеріс әкелуі тиіс.

Екіншіден, оны орындауда жобалық әдіс пайдаланылуы керек. Яғни жоба дайындалған кезде нақты және ақырғы циклі көрініп, қанша қаражат жұмсалатыны, қанша пайда беретіні анық болуы шарт.

Үшіншіден, жобалар әрбір қазақстандықтың өмір сапасын жақсартып, мәселелерін шешіп, әл-ауқатын көтеруі қажет.

Ұлттық жобада көрсетілген нәтижеге қол жеткізбеген жағдайда нақты адамның жауапкершілігі қарастырылған. Яғни, жобаны іске асырған кезде және соңғы нәтижеге қол жеткізгенге дейін оған бір адам жауап береді. Ең бастысы жобалардың тиімділігі нақты нәтижеге жеткен-жетпегеніне қарай бағаланады.

"Ұлттық жобалар – ведомствоаралық байланысты қамтамасыз ететін құжат. "Қазақстан-2050" стратегиясы, Жалпыұлттық басымдықтар мен Ұлттық даму жоспарының негізгі көрсеткіштеріне жетуден бөлек, азаматтардың мұқтаждықтарын өтейді",  деді Қайрат Келімбетов. 

Дәурен Ерболат


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу