Тас жолдағы дәретхана табысты бизнеске айналуда

6314

Республикалық маңызы бар жолдарда 12 "KazWay" қызмет етуде.   

Тас жолдағы дәретхана табысты бизнеске айналуда

Соңғы жылдары елімізде жол жиегіндегі дәретханалар мен қызмет көрсету орындарының сапасы сын көтермейтіні жайлы жиі айтылуда. ҚР Президенті де осы мәселені шешу қажеттігін ескерткен болатын. Нәтижесінде бүгінгі күні республикалық маңызы бар автомобиль жолдары бойында заманауи құрылғылармен жабдықталған дәретханалар бой көтере бастады.

Мысалы, "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясы "KazWay" деп аталатын санитарлық-гигиеналық тораптар желісін еліміздің бірнеше облысы аумағында орнатқан. "KazWay" сырт көзге дәмхана тәрізді көрінетін модуль түріндегі павильон. Оның ішінде әйелдер, ерлер және мүмкіндігі шектеулі жандар үшін жылы дәретхана орнатылған. Ал павильонның екінші жағында шай, кофе ішіп, бәліш, бутерброд жеп, жеңіл-желпі тамақтануға арналған сауда алаңы бар. Мұнда тегін WiFi арқылы интернетке қосылуға және теледидар көруге жағдай жасалған. Дәретханаға кіру тегін.

Шортанды ауылының тұрғыны Азамат Шынтеміров "KazWay" қызмет көрсету павильонының бірін жалға алып, кәсіп етуде.

"Павильон жұмыс істей бастағанына 1,5 жыл болды. Жалдау ақысы үшін айына 36 мың теңге төлеп тұрамын. Түсім аз болған күндері 10-20 мың теңге кіріс түседі. Туристер көп жүретін жаз айларында тәулігіне 50 мың теңгеге дейін табыс табамыз. Жұмыс жақсы жүрсе, айына 1 млн теңге табуға әбден болады. Демалыс күндері 150-180 адам келеді. Құрал-жабдықтар қалыпты жұмыс істеп тұр. Менің негізгі міндетім – осы павильонның дұрыс жұмыс істеуін, тазалығын қадағалау. Төрт қызметкерге жалақы төлеймін. Егер жаңа "KazWay" салынса, тағы біреуін алғым келеді",– дейді кәсіпкер.

"ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясы "Ақылы автомобиль жолдары дирекциясы" филиалы директорының орынбасары Ерлан Рысбеков павильондар жайлы толығырақ айтып берді.

"Бұл жерде су, кәріз жүйесі болмағандықтан, осындай коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктерді біз қамтамасыз етіп тұрамыз. Аптасына 2-3 мәрте әжетханаларды тазартатын ассенизатор машинасын жібереміз. Электр қуаты шығынын өтейміз. Негізі әр павильонның шығыны әртүрлі. Орташа алғанда айына 500-700 мың теңге жұмсалады. Нұр-Сұлтан мен Щучинск қаласының арасында осындай 5 нысан және 2016 жылы орнатылған су ағызу жүйесі қарапайым ескі үлгідегі 6 павильон бар. Барлығында жылы дәретханалар, сауда алаңдары және WiFi арқылы тегін интернет желісі жұмыс істейді. Жалпы "KazWay" 20-23 млн теңге тұрады. Бұл бағаға жаңа ваккумды әжетхана, кофе-машина, павильонға жақындағанда жол нұсқаушы стелла кіреді. Қызмет көрсету павильондарын инвестор өз ақшасына орнатады, ал біз олардың қалыпты жұмыс істеуіне жағдай жасаймыз. Сондай-ақ "ҚазАвтоЖол" қызметкерлері  күніне үш рет павильондардың қызмет етуін, тазалығын тексеріп тұрады. Талапқа сай болмаса, жалға алушыларға айыппұл салынады. Нұр-Сұлтан –Щучинск тас жолы бойында дәмхана, жанармай құю станцияларын қоса есептегенде 19 жылы дәретхана бар. Аққөл мен Макинка ауылында тағы екеуі ашылады. Жол бойында қызмет көрсету стандарттары бойынша, жылы дәретханалардың арасы 50 шақырымнан аспауы керек", - деді Ерлан Рысбеков.

"ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ жол бойындағы сервисті дамыту жөніндегі бөлім бастығы Рашид Рафиковтың айтуынша, республикалық маңызы бар жолдарда 12 "KazWay" қызмет етуде.

"Қолданыстағы он екі "KazWay" қызмет көрсету павильондарынан бөлек, тағы 40 нысанға инвестициялық конкурс жарияланды. Жалпы бағдарлама бойынша елімізде 2022 жылға дейін осындай 304 санитарлық-гигиеналық торап салу жоспарланған. Бұдан былай жол салу, жолдарды қайта жөндеу кезінде жол бойында қызмет көрсету нысандары, санитарлық-гигиеналық тораптар құрылысы бірден жобаланады", – деді бөлім бастығы.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу