Татамиде таланттарымыз бар екен

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
2955

Дзюдодан Загребте өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында үш жүлдеге қол жеткіздік.

Татамиде таланттарымыз бар екен

Хорватияның астанасында өткен жастар арасындағы әлем чемпионатына 83 мемлекеттен 590 дзюдошы қатысқан болатын. Қазақстан құрамасы Загреб татамиіндегі бүкіләлемдік біріншілікке 20 қыз-жігітімізді апарды. Бірақ солардың үшеуі ғана жүлделі орындарға ие болды. Сөйтіп, жалпы командалық есепте 9-орынмен шектелдік (жалпы, 36 елдің жас таланттары жүлдеге іліккен болатын):

1. Жапония – 14 (8 алтын, 2 күміс, 4 қола)

2. Әзербайжан – 5 (2+2+1)

3. Ресей – 5 (1+2+2)

4. Германия – 4 (1+1+2)

5. Нидерланды – 2 (1+1+0)

6. Бельгия – 4 (1+0+3)

7. Грузия – 3 (1+0+2)

8. Бразилия – 3 (1+0+1)

9. Қазақстан – 3 (0+1+2)

Енді жүлдеге іліккен қыз жігіттерімізді атап өтер болсақ, әрине, бірінші Абиба Әбужақыновадан бастаймыз. Себебі ол – финалға шыққан жалғыз дзюдошымыз. Өкінішке қарай, финалда жапон қызы Нина Кубойдың "құрсауына" түсіп қалып (суретте), жастар арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Осы ретте айта кетейік, Әбужақынова шешуші белдесуіне дейін Виктория Пулжиз (Хорватия), Владлена Зерщикова (Ресей), Луиз Пэтит (Бельгия), Лаура Феррейра (Бразилия) сынды қыздарды жеңген болатын.

Екі қола жүлдені жігіттеріміз иеленді. 55 келіге дейінгі салмақта ел намысын қорғаған Бауыржан Нарбаев колумбиялық Джонатан Панигауаны, КХДР балуаны Куан Жин Чиді және ресейлік Адам Исаевты жолынан тайдырған еді. Бірақ жартылай финалда грузин Жаба Папинашвилиге есе жіберіп алды. Қызық болғанда, қола жүлдені Қазақстанның екі балуаны сарапқа салды. Өте тартысты өткен белдесуде Бауыржан өзіміздің Дамир Болатбековтен айласын асырды.

73 келіге дейінгі салмақ дəрежесінде Дидар Хамза да қола медаль олжалап қайтты. Ол румын Лазло Дэвидті, өзбек Сардор Каримовты, тəжік Эрадж Абдуллаевты ұтқанымен, ширек финалда әзербайжан Хидаят Хейдаровтан ұтылып қалды. Бірақ соңғы қарсыласы финалға шыққандықтан, қола жүлде үшін белдесу құқығына ие болып, әуелі Ион Накуді (Молдова), одан кейін Геворг Манукянды (Украина) ұтып, үшінші орынға ие болды.

Өкінішке қарай, үш балуанымыз қола жүлде үшін күресіп, бақтары жанбады. Олар – жоғарыда өзіміз атап өткен Дамир Болатбеков (55 келі) және Ақмарал Науатбек (48 келі), Камила Берліқаш (+78 келі). Ал енді екі қызымыз қоладан үмітті болып, 7-орынды қанағат тұтты – Ғалия Тыңбаева (48 келі), Аида Карчаева (57 келі).

Жастар арасындағы әлем чемпионатының соңғы күні аралас командалық белдесулер өткен болатын. Яғни қыздар мен жігіттер бір команда болып бақ сынайды. Бұл сында Қазақстан құрамасы 5-орынға ие болды. Қола жүлде үшін өткен белдесулерде 3:5 есебімен Германия құрамасына есе жіберіп алды. Командалық сында Жапония құрамасы топ жарып, Нидерланды қыз-жігіттері күміс жүлдеге қол жеткізді. Қола Германия және Ресей құрамаларына бұйырды.

Жалпы, татамиде таланттарымыз жоқ емес. Тек оларды тәрбиелеу керек. Шеберліктерін шыңдай түсіп, тәжірибелерін толыстыру қажет. Мысалы, 2014 жылы Нанкинде өткен жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарының чемпионы, 2013 жылғы кадеттер арасындағы әлем чемпионы Бауыржан Жауынтаев (60 келі) Загребте жүлдеге іліге алмады. Хорватияда чемпион атанған жапон балуанымен жолы ерте түйісіп, бағы жанбады. Мұның бәрі бапкерлерімізге сабақ болады деп ойлаймыз.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу