Тәуелсіздігімізді алғаш мойындаған ел Түркия емес...

4186

Бізді алғашында ешбір ел таныған жоқ. Бұл қандай, қайдан келген ел деп сұрай бастады. Бірақ, қарсы шығып, кері итергендер болған жоқ.

Тәуелсіздігімізді алғаш мойындаған ел Түркия емес... Фото: presidentlibrary.kz

Мемлекетіміздің алғашқы қадамдарына куә болып қана қоймай, оны айдай әлемге паш ету міндетін мойнына алған тұңғыш сыртқы істер министрі Төлеутай Сүлейменов "Атамекен" бизнес телеарнасында қонақта болып, тәуелсіздіктің 25 жылдығы төңірегінде сұхбат берді.

- Аға, бізге уақыт бөлгеніңізге алдын-ала рақмет айтамыз. Алғашқы қызметіңіз, мамандығыңыз металлург екенін білеміз, сіз дипломатия жолына қалай келдіңіз?

- Мен алғашында Теміртауда металлург болып жұмыс істедім. Содан кейін политехникалық институтты бітірдім. Содан кейін партияның қоғамдық жұмысында болғаннан кейін артынан компартияның орталық комитеті мені Мәскеуге дипломатиялық академияға жіберді. Сол жерде тіл оқып, содан кейін орталық аппаратта, Ауғанда, Иранда, одан әрі Құрама штатта істедім, жалпы 13 мемлекетте істеп шықтым. Менің жұмысым – сол дипломатия.

- Тәуелсіздіктің алғашқы күндері бүгінгі ұрпаққа қызық қой. Қалай болды алғашқы қадамдарыңыз?

- Ол уақытта қиындық өте көп болды. Неге десеңіз, 1991 жылы экономика жұмыс істемеді, қалыптасқан жүйенің бәрі өзгерді, сондықтан, алдымызда көп мәселе тұрды. Тұңғыш президент сайланған Нұрсұлтан Назарбаев бұл мәселені қолға алып, сыртқы саясатты жүргізе бастады. Біз енді сыртқы істер министрлігі болғаннан кейін, айтқан сөздерін, ұсыныстарын барлығын орындаймыз. Кадр, инфрақұрылым, елшілік, консулдық өкілдік, дипломат болған жоқ. Ол уақытта сыртқы істер министрлігінде 10-12 адам ғана бар, маман дайындау үшін уақыт керек. Сол кездегі алғашқы қызметтестерім, жолдастарым Мәскеуде істеп келгендер еді. Одан басқа, кеңес үкіметі елшіліктерінде істеген, солардың барлығын шақырдым. 20-25-тей адам келіп, маған көмектесті. Біртіндеп 700-800-ге көбейді, министрлікті осылай көтергенбіз.

- Ештеңе болған жоқ, тақыр жерден бастадық дедіңіздер. Қай бағытқа басымдық бердіңіз?

- Ең бірінші, біз жерімізді, өзімізді көрсетуіміз керек, әлемге шығуымыз, ООН-ға, ОБСЕ-ге кіруіміз керек. Күзет жоқ, ұшақ та ол уақытта Алматыдан әлі ұшпайды, Мәскеу арқылы ұшады. Қиын мәселе көп болды. Ядролық қару, содан кейін шекара мәселесі тағы бар. Инвестиция тартып, экономиканы көтеру үшін сыртқы саясатты жүргізе бастадық. Инвесторлар келіп, мұнай, газ өндіруге кірісті. Нарықтық экономика құру керек, ал тәжірибе жоқ. Сондықтан, біз шапқылай бердік, Еуропаға, Азияға бардық, сол жақтан үйрендік. Оқыдық, іздендік, қалай екенін сараптадық. Сөйтіп, өзіміздің Қазақстанның сара жолын салдық. Қазір біздің барлық елмен-дерлік тереземіз тең деп айтуға болады. АҚШ президенті Жорж Буш құттықтау телеграммасын жіберді. Қытай министрі келіп, хаттамаға қол қойдық. Сонан соң Монғолия, Түркиямен байланыс орнаттық.

- Алғаш тәуелсіздігімізді мойындаған Түркия деп саналады емес пе?

- Жоқ, ол дұрыс емес. Түркиямен 1992 жылдың 2 наурызында қарым-қатынас орнаттық. Дәл осы күні біріккен ұлттар ұйымына кірдік. Мұндай алпауыт ұйым әлемнің көптеген елін жинаған тәуелсіздіктің алғашқы жылында, бір жылдың ішінде ғана сол ұйымды мойындата алдық.

Екі аптаның ішінде барлық құжатты дайындап, оған президент қол қойды. Оны Нью-Йоркке жібердік. Бас хатшыға, қауіпсіздік кеңесіне жазып, олар қарастырып, 2 наурызда бізді мүшелікке қабылдады. Содан кейін жалауымыз көтерілді сол жерде. Одан әрі комитеттерге кірдік, анда кірдік, мында кірдік, сөйтіп, президентіміз сөз сөйледі. Ал биыл тағы бір қуанышты жағдай болды. Өздеріңіз білесіздер, ұйымға мүше бүкіл мемлекет дауыс беріп, бізді екі жылға қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі етті.

- Қазір осының барлығын күлімдеп еске аласыздар ғой. Сонда да сол кездері сіз үшін қиынға соққан мінбер немесе ел болды ма?

- Бізді алғашында ешбір мемлекет таныған жоқ. Бұл қандай, қай жерден келген ел деп сұрай бастады. Бірақ, қарсы шығып, кері итергендер болған жоқ. Өйткені, бұл сыртқы саясат қой. Ең алдымен танысып, білісу керек. Бізде қандай ресурс бар, оларда қандай ресурс бар, қалай қарым-қатынас жасаймыз дегендей. Бір кездескеннен дос бола салмайтыны анық. АҚШ, Еуропа, Франция, Ұлыбритания, Италия барлығы да бізді жақсы қарсы алды. Үндістан, Пәкістан, Қытай, Ресей көмектесіп, елшіліктерін ашып, елшілерін жіберіп жатты.

- Ал біздің алғашқы елшілігіміз қай мемлекетте ашылды?

- Ең бірінші елшілік 1991 жылдың мамыр айында Нью-Йоркте ашылды. Ал маусым айынан бастап Венгрия, Италия, Франция, сонан соң Түркияда ашылды.

- Біздің елімізді сол кездері өзге елдерге таныстырған елбасымыздан кейін сіз деуге болады. Нақты қай жағынан сипаттадыңыздар мемлекетімізді? Табиғи байлығын айттыңыздар ма, әлде, басқа жағынан ба?

- Біріншіден, қазақ халқын, екіншіден, өзіміздің табиғи ресурстарымызды айттық. Бізде не бар? Мұнай, газ, металл бар. Содан кейін тарихымыз бар. Мұндай ресурстарымыз болғаннан кейін барлық ел бізбен тату болғысы келеді, мұнай, газ алғысы келеді.

- Қазір өзге елдермен тереземіз тең болып көрінгенімен, өзге елдермен қарым-қатынасымыз дипломат ретінде сіздің көңіліңізден шыға ма?

- Осы 25 жылда көп жұмыс атқарылды. 100-ден аса мемлекетте елшілігіміз бар. Өзімізде 50-ден аса елшілік ашылған. Астанада, Алматыда консулдықтар бар. Қазақстан десе, барлығы да біледі. Бұрын ешкім білмейтін. Қазір, құдайға шүкір, Қазақстан әлемде аты шыққан мемлекет, өз экономикасы, өз саясаты бар, беделіміз көтерілді. Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болдық, біздің авторитетіміз тағы жоғарылады. Сондықтан, бірінші министр болу бақыты бұйырғанына өте ризамын. Келе жатқан мейрам құтты болсын, биыл 25 жылдығымызды тойлап отырмыз. Құттықтаймын! Алдымызда әлі көп жұмыс бар.

- Тәуелсіздіктің қандай еңбекпен келгенін білмейтін, бірақ, түсінетін бүгінгі ұрпаққа не айтар едіңіз?

- Жас ұрпаққа айтатыным, біз 25 жылда көп тәжірибе жинадық. Жаңа мемлекет, сыртқы саясат, ішкі саясат құрылды. Сондықтан, соны ұмытпасын деген тілегім бар.

- Болашақты сақтау үшін тарихымызды сақтау керек дейсіз ғой?

- Тарихты өте жақсы білу керек.

- Аға, бізбен сұхбаттасқаныңызға көптен-көп рақмет айтамыз. Деніңізге саулық, ұзақ ғұмыр тілейміз!

Сұхбаттасқан – Кәусар Аяпберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу