Соңғы уақытта доллар бағамының көтерілуі қоғамда жиі талқыланған тақырыптың бірі болды десек қателеспейміз. Сарапшылардың бірі алаңдауға негіз жоқ десе, тағы бірі монетарлық саясатты экономикадан бөліп жаруға болмайды деп отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Halyk Finance басқарма төрағасының кеңесшісі Мұрат Темірхановтың сөзінше, 2024 жылдың қараша және желтоқсан айының басында байқалған теңгенің әлсіреуі Ұлттық қордан валюталық сатудың біркелкі еместігі мәселесін тағы көрсетті. Бұл жағдай валюта бағамының құбылмалылығын күшейтіп, халық пен бизнестің ұлттық валютаға деген сеніміне айтарлықтай әсер етеді, деп есептейді ол.
"Қаржы министрлігінің қараша айындағы есебіне сәйкес, желтоқсан айында Ұлттық қордан трансферттер мен валюта сатылымы қарашаға қарағанда екі есе төмен болуы мүмкін. Қараша айында рубльдің әлсіреуі аясында Ұлттық қордан трансферттер 635 млрд теңгеге жетті, оны қамтамасыз ету үшін Ұлттық банк 1,26 млрд доллар сатты. Желтоқсан айында 588 млн доллардан аспайтын қаражат сатылады деп болжанып отыр. Бұл қарашадағы трансферттердің жартысына жуығын құрайды және валютаға деген жоғары сұранысты жабуы екіталай", – дейді Мұхтар Темірханов.
Біздің теңге соңғы отыз жылда 100 есе, яғни 4,69 теңгеден 494 теңгеге дейін құнсызданған.
"Жалпы ақшаның атқаратын бес қызметі бар. Атап айтсақ, құн өлшемі, айырбас, төлем және жинақтау құралы, халықаралық ақша ретіндегі қызметі. Осындай бес қызметін атқармаған ақша толыққанды валюта ала алмайды. Сондықтан да біздің ұлттық ақшамыздың жағдайы қиын. Екінші мәселе, егер де экономиканың өсуі қарқыны тежелетін болса, ешбір елдің валютасы толыққанды бола алмайды. Экономика қуатты болған жағдайда ұлттық валюта көтеріледі. Ешқандай монетарлық саясатты экономикадан бөліп жаруға болмайды", – деп атап өтті экономист Жангелді Шымшық.
Оның айтуынша, Қазақстанға инфляция сырттан импорт арқылы келіп жатыр.
Жақында Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров Қазақстанда дефолт болмайтынын айтты. Сөзінше, еліміздегі қаржы жағдайы тұрақты. Дейтұрғанмен, доллар бағамының күрт көтерілуін негізге алсақ, дефолт болмайды деп кесіп айтуға бола ма?
"Олай деп кесіп айту ақиқатқа қиянат. Өйткені жалпы монетарлық, ақша-несие саясатынан хабары бар адам ешқашан да олай айтпайды. Қазіргі шиеленіскен халықаралық, экономикалық жағдайда, АҚШ-та жаңа президент Дональд Трамптың келуіне байланысты оның жасаған мәлімдемесі, сайлауалды бағдарламасы – осының бәріне талдау жүргізсең, жағдайдың оңай болмайтын түрі бар. Трамп мұнайдың бағасын 40 долларға түсіретінін айтты. Бюджетке түсетін доллардың жартысының мұнайдан алатынымыз түсінікті. Оның үстіне біздің Үкіметтің қарыз үстіне қарыз алып отырғаны да бар", – деді экономист Жангелді Шымшық.
Теңге неге әлсіреді?
"Бәрімізге мәлім, жақында долларға қатысты теңге әлсіреді. Бұл қосымша инфляциялық фактор болып есептеледі және ол инфляциялық күтулерге әсер етеді", – деді Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов.
Оның сөзінше, Ұлттық банктің ұстамды қатаң ақша-кредит саясаты мен Үкіметтің инфляцияға қарсы шараларының нәтижесінде баға динамикасы болжамға сәйкес қалыптасып отыр. Жыл қорытындысы бойынша инфляция 8-9% аралығында қалыптасады деп күтіліп отыр.
"Сыртқы секторда да, ішкі экономикада да инфляция тәуекелдері бар екенін атап өтемін. Сыртқы тәуекелдерге геосаяси тұрақсыздық, қаржы және тауар нарықтарындағы жоғары құбылмалылық жатады. Сонымен бірге, АҚШ жаңа Президентінің сауда тарифтік саясат пен мұнай нарығына қатысты саясаты жағдайды құбылтып тұр. Оған қоса АҚШ Федералды Резервтік Жүйесінің әрекетін мұқият бақылап отырған жөн. Ресейге қарсы қосымша санкция енгізумен байланысты геосаяси жағдайдың ушығуы валюта мен қаржы нарықтарында қауіпті күшейтті", – деді Ұлттық банк басшысы.
Тимур Сүлейменов валюта бағамының қазіргі деңгейін нарық өзі белгіледі деп отыр.