Таулы Қарабақта шиеленіс қайта күшейіп келеді

2104

Әлиев армяндарға не Әзербайжан туының астына өту, не Арменияға көшу туралы талап қойды.

Таулы Қарабақта шиеленіс қайта күшейіп келеді Фото: АР агенттігі

Әзербайжан мен Арменияда 6800-ге жуық сарбаздың өмірін қиып, 90 000-дай бейбіт тұрғынды үйлерінен босытып жіберген соғыс аяқталғаннан кейін екі жыл өткенде, "Лачин дәлізі" аталатын 6-шақырымдық жол үшін дау-дамай туындап, екі ел арасындағы шиеленіс қайта күшейіп келеді, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Әзербайжанның Таулы Қарабақ аймағындағы армяндарды Армениямен байланыстыратын жалғыз құрлықтық бұралаң жолды желтоқсанның ортасынан бері өздерін "экология белсенділері" деп атаған демонстранттар бөгеп, Таулы Қарабақтың 120 000 халқына азық-түлік жеткізуге қауіп төндіріп тұр.

Бұл дау жаңа шайқастарға түрткі бола ма деген қорқыныш бар. Сонымен қатар, жаңа тайталастан Арменияның онсыз да мазасыз саясаты тұрақсыздыққа ұшырауы мүмкін және де Лачин төңірегіндегі жағдай  осы жолдың қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеті жүктелген Ресей бітімгер күштерінің қарым-қабілеті мен ниетіне де күмәндануға мәжбүрлеп отыр.

Даудың төркіні

Таулы Қарабақ  армяндар мен әзербайжандар үшін үлкен мәдени маңызға ие. Ол Кеңес Одағы дәуірінде Әзербайжан құрамында айтарлықтай автономияға ие болды. Ал, КСРО құлдырап жатқанда мұнда бой көрсеткен армян сепаратизмі Совет империясы ыдырағаннан кейін, кең ауқымды соғысқа ұласты.

Әзербайжандардың көбі 1994 жылы соғыс аяқталғанға дейін Қарабақтан қуылды. Арменияның қолдауымен этникалық армян күштері Таулы Қарабақтың өзін ғана емес, оның айналасындағы әзербайжандық аудандарды да басып алды.

Келесі ширек ғасырда Таулы Қарабақтағы жағдай "қаңтарылған жанжал" аталып, Армения мен Әзербайжан жауынгерлері кейде бетпе-бет келіп, анда-санда қақтығысып қалып жүрді. Ал, 2020 жылдың қыркүйегінде Әзербайжан Қарабақты қайтару үшін кең ауқымды шабуылды бастады. Алапат шайқас алты аптаға созылды.

Бұл соғыс Ресейдің арағайындығымен аяқталды. Әзербайжан Таулы Қарабақтың үштен екі бөлігін және оның айналасындағы барлық жеті ауданды өз бақылауына қайта алды. Ресей тәртіпті қадағалау үшін, соның ішінде Лачин дәлізінің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында, аймаққа 2000-жауынгерлік бітімгер күштерін шоғырландырды.

Қазіргі проблема

Желтоқсанның ортасында өздерін "қоршаған ортаны қорғау белсенділері" деп атаған әзербайжандықтар армяндардың Қарабақта алтынды заңсыз  өндіруіне наразылық білдіріп, Лачин дәлізін жауып тастады. Алайда Арменияға сенсек, бұл экономикалық блокаданы Әзербайжан үкіметі Қарабақтан армяндарды кетіру үшін әдейі ұйымдастырып отыр. Ал, ресми Бакудың мәлімдеуінше, армяндар бұл жолмен Қарабаққа мина тасып, бітім шарттарын бұзуға кіріскен.

Айта кетсек, осы айдың басында президент Ильхам Әлиев Қарабақ армяндарына не Әзербайжан туының астына өту, не Арменияға көшу туралы талап қойды.

Бір айдан астам тосқауылдан кейін, Таулы Қарабақтағы қорлар азайып, азық-түлік тапшылығы байқалып отыр.

Жұма күні жергілікті үкімет күріш, макарон, қарақұмық, қант және күнбағыс майын шектеулі ғана сатып алуға мүмкіндік беретін купондық жүйені енгізді. Этникалық армяндар жетекшілері маңызды заттар үшін гуманитарлық әуе тасымалын ұйымдастыруға шақырған еді, бірақ Әзербайжан аймақ әуежайын іске қосуға рұқсат бермеді.

Сонымен қатар, Әзербайжан Таулы Қарабаққа газ беруді оқтын-оқтын қысқартып, электр қуатын жіберуді де азайтты.

Ресейге Лачин дәлізінің жұмысын қамтамасыз ету міндеті жүктелгенімен, Мәскеу бұл блокаданы тоқтату үшін нақты шара қолданбаған.

Еуропарламент ЕҚЫҰ-ны 2020 жылғы соғысқа дейінгі ондаған жылдар бойы Таулы Қарабақ мәселесін шеше алмағаны үшін жиі сынағанымен, ресейлік бітімгер күштерді аймақтан шығарып, олардың орнына сол ЕҚЫҰ миссиясын шоғырландыруға шақырып отыр.

Салдары

Бар күшін Украинаны жаулауға төккен Ресей Лачин дәлізі төңірегіндегі жағдайдың немен аяқталатынын күту позициясын ұстанып, Ереванның ашуына тиіп отыр. Премьер-министр Никол Пашинян осы айда Арменияда Ресей жетекшілік ететін Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының әскери жаттығуларын өткізуге рұқсат бермей, "Ресей қарулы күштері еліміздің қауіпсіздігіне кепілдік бермей, тіпті Арменияға қауіп төндіреді" деп мәлімдеді.

Осы тұста айта кету керек, Арменияда РФ-ның әскери базасы орналасқан.

Ресейдің 2020 жылы Таулы Қарабақтағы соғысты тоқтатуға атсалысуы оның осы аймақтағы ықпалын арттырған маңызды жетістік ретінде қарастырылды. Егер Мәскеу аталған жолды ашуға шара қолданбаса, сол құрметтен айрылып қалуы мүмкін.

Пашинянның Ресей делдалдығымен жасалған соғысты тоқтату туралы келісімге қол қоюы Арменияда көпшілікке ұнамады. Саяси қарсыластары оны сатқын деп айыптап, отставкаға кетуін талап етіп, үлкен наразылық шерулерін өткізді.

Таулы Қарабақта қоршауда қалған армяндардың мәселесін шеше алмау жаңа  толқуларға сеп болуы мүмкін. Ал, Пашинян мұндай қарсылықтың потенциалдық күшін жақсы біледі. Өйткені 2018 жылы өзі де үлкен демонстрациялардың екпінімен билікке келгені белгілі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу