Израиль мен Хамас 14 айға созылған соғысты тоқтатуға жақындап қалған сияқты. Мұны бүгін Associated press агенттігі хабарлады. Айта кетсек, соңғы бір айда Таяу Шығыста Израиль – "Хезболла" шайқасына нүкте қойылып, Сирия оппозициялық күштері Башар Асад армиясын тойтарып, билікке келгені белгілі.
АР-ның дерегінше, АҚШ, Катар және Мысырдың жоғары лауазымды тұлғалары соңғы апталарда делдалдық әрекеттерін қайта бастады және соғысушы тараптардың келісімге келуге дайын екендігі туралы хабарлап отыр. Негізгі концессияда "Хамас" лауазымдылары Израиль әскерін Газадан шығару мерзіміне қатысты көбірек "икемділік" көрсетуге дайын екендіктерін айтқан. Ал Израиль қорғаныс министрі Израэль Катц дүйсенбіде тараптардың келісімге бұрынғыдан да жақын екенін атап өтті.
Дегенмен, екі жақтың өкілдері уағдаластықтың негізгі детальдарының әлі де пысықталуы керектігін ескертті. Сонда да бұл мәселеде көп айдан бері жетіспеген жалпы оптимизм сезіліп тұр.
Соғыс барысында Израиль "Хамасқа" орасан шығын келтірді. Хамастықтар "Хезболла" мен Израиль атысты тоқтатқаннан кейін оқшауланып қалды. Және де осы екі топтың негізгі қолдаушысы Иран Сириядағы одақтасы – Башар Асад үкіметінің құлауына байланысты үлкен сәтсіздікке ұшырап отыр.
Оның үстіне, АҚШ-та биліктен кетіп бара жатқан Байден әкімшілігі де, жаңадан сайланған президент Дональд Трамп та өзінің 20 қаңтарда өтетін инаугурациясына дейін Израиль мен "Хамастың" келісім жасағандарын қалайтындарын білдіріп отыр.
Мысыр мен "Хамас" өкілдерінің айтуынша, бұл келісім кезең-кезеңімен жүзеге асып, соғысты тоқтатуды, кепілдіктегі израильдіктерді палестиналық тұтқындарға айырбастауды және қоршаудағы Газа секторына көмекті арттыруды қамтиды. Израильдің дерегінше, "Хамас" 100 адамды кепілде ұстап отыр. Олардың үштен бірінен астамы өлгендер есебінде тәрізді.
Аты-жөнін атамауды өтінген ресми өкілдердің айтуынша, қалыптасып келе жатқан келісімнің қысқаша мазмұны төмендегідей:
Атысты тоқтатудың алғашқы фазасы
Бірінші кезең алтыдан сегіз аптаға дейін созылады. Осы уақыт ішінде "Хамас" өз кепілдігіндегі 30-ға жуық адамды босатуы керек. Олардың ішінде АҚШ-Израиль азаматтары да бар.
Израиль жүздеген палестиналық тұтқынды, соның ішінде қанды шабуылдарға қатысы бар деген айыппен ұзақ уақытқа қамалған 100-ге жуық адамды үйіне қайтарады.
Көмекті арттыру
Келісім 14 айға созылған соғыс кезінде гуманитарлық дағдарысқа ұшыраған Газаға көмекті айтарлықтай арттыруды талап етеді. Газадағы 2,3 миллион адамның шамамен 90% -ы үйлерін бірнеше рет тастап кеткен және гуманитарлық қызметкерлер бұл аумақта аштыққа душар болғандардың көптігін хабарлап отыр.
Бұған қоса, келісімге Мысырмен арадағы Рафах өткелін қайта ашу мәселесі кіруі мүмкін. Айта кетсек, бұл өткел өте маңызды. Өйткені ол – Газадан шетелге кеткісі келетін палестиналықтар үшін негізгі қақпа әрі Израильдің бақылауында емес жалғыз ғана жол саналады.
Израиль әскерлерін шығару
Бірінші кезеңде Израиль әскерлері палестиналықтардың қоныстану орталықтарының кейбірінен шығарылып, көптеген палестиналықтардың үйлеріне орала бастауына мүмкіндік беріледі. Бірақ бұл этапта Израиль жауынгерлері Газадан мүлдем кетпейді. Олар Филадельфия дәлізінің бойында, яғни Газаның Мысырмен арадағы шекарасындағы стратегиялық жер белдеуінде қалады.
Соғысты аяқтау
Атысты тоқтату туралы алдын-ала келісімді жүзеге асыру барысында израильдік әскерлерді толығымен шығару және "Хамастың" кепіліндегілерді босату мен мәйіттерді қайтаруды қамтитын тұрақты келісім бойынша келіссөздер жалғасады.
Газа жайлы түпкілікті келісім жасау туралы келіссөздер басталып, онда осы аумақты кім басқаратыны және Газаны қалпына келтіру мәселелері қарастырылады.