Тәжікстан құрамасын төмен санағандар қателеседі

1309

Қазақстан құрамасы 16 қараша күні Тәжікстанмен кездеседі. Бұл ойын несімен құнды, саралап көрейік.

Тәжікстан құрамасын төмен санағандар қателеседі

Жанкүйерлер тарапы неге Тәжікстан құрамасымен ойнайды деген сауал қоюы заңды құбылыс. Ең алдымен Қазақстан мемлекеті Еуропаның көптеген елі үшін қызыл аймаққа енеді. Коронавирус зардабы әлі де болса шекараның толықтай ашылмағанын білдіртіп тұр. Сондықтан да Еуропаның белді командаларымен матч ойнау қазір өте қиын. Ал УЕФА жолдастық матчтардың өтуін талап етеді. Өткен жылдан бері Қазақстан құрамасы көптеген жолдастық матчтарды ұйымдастыра алмай келді. Қазақстан құрамасымен ойнағысы келгендер де жолдастық матчтарды кейінге шегерді. Карантиннің кесірі футболға тиіп жатыр, әлі де тиіп келеді.

Жазда Қазақстан құрамасы Солтүстік Македония құрамасымен ойнады. Енді жыл соңында УЕФА күнтізбесінде бір матч ойнайтын уақыт пайда болды. Демек Қазақстан құрамасы міндетті түрде бір жолдастық матч өткізуі тиіс. Бір жылда 2 жолдастық кездесу қазіргі жағдайға байланысты қалыптасып тұрған талап. Демек Қазақстан құрамасы іріктеу сындарына қатыспайтын тағы бір елді тапты. Тәжікстан футбол федерациясы да бұл ұсынысқа қуана келісті. Себебі ФИФА оларды да жолдастық матч өткізуге міндеттеп отыр.

Қазақстан құрамасы 13 қараша күні Парижде Франциямен ойнайды. Бұл іріктеу сынының соңғы кездесуі. Ал одан кейін үш күннен соң Тәжікстанмен екінші матчты өткізеді. Бұл ойындар Талғат Байсуфинов үшін келесі жылы наурыз айында болатын Ұлттар лигасының өтпелі ойынына дайындық іспеттес. Естеріңізде болса, Қазақстан Молдовамен кездеседі. Бұл да бір маңызды кездесу екенін анық аңғаруға болады.

Ал енді Тәжікстан құрамасына тоқталсақ. Бұл команданы осал деп ойлағандар қатты қателеседі. Ең алдымен ФИФА рейтингіне көз салыңыз. Олар қазір 114 орында тұр. Яғни Қазақстанға қарағанда 11 саты жоғары. Футболшылары өзге елдердің біріншіліктерінде өнер көрсетеді. Мысалы, Ахтам Назаров пен Джохонгир Эргашев "Бангладеш" деген өз елінің мықты командасында доп тебеді. Ал қорғаушы Хуршед Бекназаров Индонезия чемпионатының серкесі "Тира Персикабо" клубында жүр. Тасқамал қорғаушы Фархот Васиев Ресейдің ФНЛ біріншілігінде 3 орында келе жатқан "Нефтехимик" командасының негізгі ойыншысы. Нуриддин Давроновтың да Оман біріншілігінде сапалы легионерлермен бірге өнер көрсетіп жатқанын айта кетейік. Өзбекстанның "Навбахор", "Бухара" клубтарында жүрген тәжік аяқдопшылары да баршылық. Ал бұл құраманың басты футболшысы Болгария біріншілігінде ойнайды. Парвиз Умарбоев "Локомотив" Пловдив командасы сапында тұрақты түрде гол салып жүрген жартылай қорғаушы. Табрези Давлетмир деген ойыншы Эстония біріншілігіндегі "Нарва" клубында белді футболшы саналады. Белорусь чемпионатында "Торпедо БелАз" командасында ойнайтын шабуылшы Шахром Самиевтің де деңгейі төмен емес. Ал жас шабуылшы Мухамеджан Рахимов "Ордабасы" сапында өткенде ғана гол салды.

Тәжікстан құрамасы осы әлем чемпионатының іріктеуінде доп айырмасы бойынша ғана екінші айналымға өте алмай қалды. Әйтпесе Жапониядан кейін өз тобында екінші орын алған еді. Дегенмен Қазақстан құрамасы Еуропа құрлығында ойнағандықтан деңгей жағынан жоғары екені анық. Өз алаңында Қазақстан бұл қарсыласты жеңуі тиіс. Бас бапкер жастарды шығарып, ұлттық құраманың тағы бір тынысын ашуға тырысады. Осы кезге дейін бұл командалар 4 мәрте кездесті. Соның үшеуінде Қазақстан құрамасы қарсыласынан басым түсіпті.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу