Технологияларды игермесе, Қазақстанға 50 жыл артта қалу қаупі төніп тұр

1897

Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Қайрат Келімбетов Президент іріктеген резервтегі жастардың алдында осындай ой айтып жатыр. 

Технологияларды игермесе, Қазақстанға 50 жыл артта қалу қаупі төніп тұр

Оның пайымдауынша, технологиялық өзгерістер – пойыз секілді. Отырып үлгермесек, опық жеп қалуымыз ықтимал, деп хабарлайды inbusiness.kz.

"Өткен жылдың қыркүйек айында Мемлекет басшысы ел дамуының ұзақ мерзімді жоспарын құру керектігін мәлім еткен еді. Біз қалай өзгеруіміз керек деген сұрақтың жауабын сол тұста іздеп кеткенбіз. Біріншіден, жалпы неге өзгеруіміз керек деген сұраққа жауап тауып көрейікші. Неліктен реформалау процесін бастауымыз керек? Бір қарасаң, бұған дейін де реформа дегеннің көбін іске асырған секілдіміз. Ал жаңа реформалар бізге не беруі мүмкін? Бұл тақырыпқа келгенде арамызда, жасырары жоқ, скептиктер көп болады. Ең үлкен скептик бюрократиялық аппарат. Ол әрдайым "бәрі жақсы, орнында, ештеңе істеудің керегі жоқ" деген принципті ұстанады", – деді Қайрат Келімбетов елордада өткен форумда.

Спикердің пайымдауынша, өзгерістер трендіне деген қажеттіліктің дәл қазіргі уақытта пайда болуының өзі мағынасы бар. Саяси реформаларды айтпағанның өзінде әлемдік экономика қазір үлкен өзгерістерді бастан өткеріп жатыр. 

"Қазіргі буын дәуірлер тоғысында өмір сүріп жатыр. Төртінші индустриялық революцияның өзін алып қараңыз. Біз осы революцияның қызметтерін күнделікті пайдаланып, игілігін көріп-ақ жатырмыз. Осы жаңа технологиялар біздің өмірімізді түбегейлі өзгертті. Бизнес туралы тіпті айтпай-ақ қояйын. Бір ғана Uber-дің өзі біздің өмірімізге дендеп кіріп кетті. Осы технологияның арқасында делдалдардың тұтас бір буыны тарихқа енді. Дәл сол сияқты біз мемлекет пен халық тікелей тілдесе алатындай жұмыс істегіміз келеді. Осылайша, жемқорлықты да жоюуымыз керек",–деп атап өтті спикер.

Қайрат Келімбетов қазіргі мегатрендтердің қарқыны тым жылдам екенін сөз қылды. Айтуынша, адамзат тарихындағы өзгерістер дәл қазіргідей тым жиі болған емес. Бір технологиялық тәртіп екіншісін алмастырып жатыр. Ең қызығы, осының бәрі санаулы сәттің ішінде болып жатқан өзгерістер.

"Не айтқым келеді? Технологиялық өзгерістердің осы пойызына қазір ілігіп үлгермесек, ары қарай не қылсақ та 50 немесе 100 жыл артта қалуымыз мүмкін. Керісінше, егер заман талабын бұлжытпай орындай білсек, сол жылдардың біразын аттап өтуіміз мүмкін. Қазақстанда мұндай мүмкіндіктер бар",– дейді Келімбетов.

Аян Бекенұлы
 


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу