Технологияның дамуы "Еуразияға" ілесе алмай келеді

Куралай Абылгазина Куралай Абылгазина
18426

"Еуразия" жобасы үшін геологиялық барлау ісінде кейбір технологияның жоқтығынан ұңғымаларды бұрғылау қиынға соғып отыр.

Технологияның дамуы "Еуразияға" ілесе алмай келеді

"Еуразия" жобасы шеңберінде ең терең ұңғыманы бұрғылау үшін құбырлардың және химиялық реагенттердің жаңа түрін әзірлеу қажет. Зерттеу үйлестірушілері технологиялық даму мұнайшылардың қарқынымен қатар дамитын болады деп үміттенеді.

Еске сала кетсек, жоба Каспий маңы ойпаңдағы 7-15 км тереңдікте орналасқан ірі мұнай қатпарын табуға бағытталған. Бұдан бұрын Каспий маңындағы мұнай-газы бар аумақта шамамен 20 шақты ірі кен орны ашылуы мүмкін деп жобаланған еді. Қазір "Еуразия" жобасы жақында "ҚазМұнайГаз" ҰК құрған еншілес "Еуразия ҚМГ" ЖШС-нің басқаруына қарайды. 2017 жылы ол шетелдік акционерлердің қатысуымен консорциумға айналады.

Оңай болмайтыны анық

Каспий маңы ойпаңын зерттеу алты жылға созылады және ол үш кезеңге бөлінген. Бастапқы екі кезеңде, яғни таяу арада консорциум құрылғаннан кейінгі (2017-2020) 3-3,5 жылда барлық ескі мәлімет жиналып, қайта дайындалатын болады. Содан кейін ғана ауқымды геофизикалық зерттеулер жүргізіледі.

Үшінші кезеңде (2020-2023 жылдарда) тереңдігі 14-15 км болатын жаңа "Каспий-1" тіреу-параметрлік ұңғымасын бұрғылау жоспарланып отыр. Жоспарланған ұңғыманы бұрғылау орны көмірсутегіден басқа тұзды қабат жатқан Каспий маңы ойпаңының орталық және ең терең бөлігі. "Каспий-1" (немесе бір ұңғыманы бұрғылау) жобасының құны 335 млн долларға бағаланған да, ал жалпы "Еуразия" жобасы 523 млн долларға түспекші.

"Техникалық тұрғыдан қарайтын болсақ, тұзды қабат (9-ыншы шақырымда орналасыпты) арқылы өту бұрғылау жұмысын жеделдетуі мүмкін. Бір жағынан тұз жоғары температураны өткізуші және осы қабаттың астында температураның біршама төмендеуі байқалады. Бұл ұңғыманы бұрғылау кезіндегі қиындықтардың бірі", – деді "Еуразия" жобасының үйлестірушісі Балтабек Қуандықов Каспий техникалық конференциясы мен Астанадағы SPE көрмесінде.

Бүгінгі күні әлемдегі тереңдігі 13,5 км болатын Ресейдегі "Сахалин-1" қайраңын негізінен америкалық ExxonMobil технологиясының арқасында бұрғылау мүмкін болды. Бұған 12 жыл бойына ресейлік жобаларды бұрғылау ісінде қол жеткен бірқатар әлемдік рекорд себеп болды. Бұл бағыттағы жұмыс алғаш рет 2003 жылы басталған. Алайда, Каспий маңы ойпаңын 3-3,5 жылдан кейін-ақ бұрғылау жоспарланып отыр. Бұрғылауға дайындалу үшін  қысқа мерзім берілуіне қоса, мұндай жұмысқа қажетті кейбір шешімнің болмауы сарапшылардың заңды күдігіне негіз болды. Әңгіме құбырдың жаңа түрлері мен химиялық реагенттер жасауға қатысты болып отыр.
"Ресейдің мықты металл мен цемент, химиялық реагенттер және т.б шығаратын Ресейдің қорғаныс өнеркәсібімен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Алайда, нақты ешбір тоқтамға келген жоқпыз. Себебі, ол жерде (15 км тереңдікте. – автор еск.) қандай температура мен қысым болатынын білмейміз. 15 км тереңдіктегі температура шамамен 250-300 градус болады, ал қысым шамамен 2000 атмосфераға тең болады. Бүгінгі біздің сараптауымыз бойынша, құбырдың кейбір түрі, мысалға, қаптама құбыр бүкіл әлемде жоқ, оны әзірлеу керек. Кейбір химиялық реагентке қатысты да осындай жағдай туып отыр. Оларды арнайы температура мен қысымға лайықтап әзірлеу керек", – деп түсіндірді Балтабек Қуандықов.
Үш жыл бұрын "Қашағанды" бірінші қосқан кездегі құбыр желісіндегі жарық салдарынан газдың ағып кетуі сияқты сәтсіз тәжірибе жұмысты жақсылап жоспарлауды және аса берік материалды қолдану қажеттігін ескертеді.

Қазір "Еуразия" басшылығы әлемдегі бұрғылау жабдықтарын шығаратын ірі кәсіпорындармен келіссөз жүргізуде. Олардың ішінде америкалық, ресейлік және қытай зауыттары бар. Мұнай сервисіндегі алпауыттармен (Schlumberger, Halliburton және т.б) де кездесу жүргізілді. Балтабек Қуандықовтың болжауынша, "Еуразия" жобасына қажетті технологиялық шешімдер бірнеше жылдан кейін шығатын болады.

"12-13 км тереңдікті бұрғылайтын технологиялар мен жабдықтар қазір де бар. Осыған қарап, 15 км тереңдікті бұрғылайтын жабдықтар бүгін-ертең емес, тек 3-5 жылдан кейін ғана шығатынын айтуға болады. Техникалық ілгерілеу одан әрі дамиды. Бұл жұмысты консорциум құрғаннан кейін компаниялармен келіссөз аяқталған соң қолға аламыз", – деп қосты "Еуразия" үйлестірушісі.  

Жеңілдіктер және басқа да жақсы жаңалықтар

Қазіргі таңда Eni, Роснефть және  Росгеология, Chevron, CNPC, әзербайжандық SOCAR, сондай-ақ NEOS сервистік компаниясы жобаға қатысу мүмкіндігін қарастыру үстінде. Басқа компаниялармен келіссөз әлі де жалғасады.

Балтабек Қуандықовтың айтуынша, келіссөз нәтижесінде консорциум құрамына 5-6 акционер кіруі мүмкін. "Консорциум құру бойынша келіссөздерді шамамен 2017 жылдың ортасында аяқтап, осы жобаның жұмысын бастаймыз. Бұл жобаға кем дегенде бес-алты компания кіреді. Солтүстік Каспий жобасын (Қашаған.  автордың еск.) іске қосудағы тәжірибе жобаға жеті-сегіз немесе одан да көп компанияның қатысуы ұйымды басқару ісін қиындататынын көрсетті. "ҚазМұнайГаз"-ға келетін болсақ, онда ол еншілес "Еуразия ҚМГ" компаниясын құрушы, компания осы консорциумның негізі болады",– деп түйіндеді үйлестіруші.

Қазақстан болашақ акционерлерге "Еуразия"-ға салған инвестициясының орнына бірқатар жеңілдік ұсынып отыр. Қазыналық-геологиялық жұмыс үшін тауарлар мен қызмет көрсетуге деген артық ҚҚС-ны қайтару, импорттық жабдықтарды, шикізатты енгізудегі кедендік баждан және ҚҚС-тан босату. Сондай-ақ, коммерциялық өндіру басталған кезде, қазақ жағы консорциум үшін доллармен есептегенде 15%-дан төмен емес жағдайда табысты өндіріске мүмкіндік беретін салық тәртібін орнатуға уәде береді.

Сонымен қатар, акционерлерге салықтық жеңілдікке басқа  Каспий маңы айдынындағы зерттелетін жер қойнауының ең жақсы бөліктерін таңдау құқын береді – келісім-шарттарға байқау жариялаусыз қол қойылады. "Еуразия" жобасы аяқталғанша аталған территория аумағындағы жер қойнауын игеруге жаңа келісім-шарттар жасау тоқтатылады.

"Жеңіл мұнай" дәуірі артта қалды

Жаңа шындық немесе, елдегі шенеунік тілімен айтқанда – "жаңа бірқалыптылық" – ол мұнай бағасының арзандау тарихы ғана емес, сондай-ақ оны өндірудің машақаты туралы сөз. Елдің мұнай ресурсының шамамен 80%-ы Каспий маңы бассейнінде орналасқан. Ол жерде қазірдің өзінде Қазақстанның 3 басты кен көзі – "Қарашығанақ", "Қашаған" және "Теңіз", сондай-ақ ресейлік "Орынборлық" және "Астрахандық" сынды алыптары ашылған. Геологтар 4-5 км тереңнен ештеңе іздеудің қажеті жоқ деп есептейді – екінші "Қашаған" табылмас. 

Қара алтынның келесі үлкен қатпары Каспий маңы ойпаңының 7-ден 15 км-ге дейінгі қойнауында жатыр.

Еске сала кетсек, "Еуразия" жобасының тұсауы 2014 жылдың 30 қыркүйегінде Қазақстан мен Ресей президенттерінің қатысуымен Атырауда өткен екі елдің өңіраралық ынтымақтастығының  XI форумында кесілді. Сол кезде ол ресми іске де қосылған-ды. Бастапқыда жобаның жұмысын бастау және консорциум құру 2015 жылға жоспарланған еді. Кейінірек мерзімі де өзгерді, "Еуразия" жобасына қатысушылардың ықтимал тізімі 2016 жылдың жазында жасақталуы керек-тін.

Алайда, әзірше тек "Еуразия ҚМГ" ғана бар.

Құралай Абылғазина

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу