Теңге нығайса да, БЖЗҚ валютадан бас тартқысы жоқ

Татьяна Батищева Татьяна Батищева
1637

Төрт айдың қорытындысы бойынша БЖЗҚ инфляцияны жеңіп шыға алмады.

Теңге нығайса да, БЖЗҚ валютадан бас тартқысы жоқ

Жылдың басынан бергі жинақталған инфляцияның көлемі 2,3% болғанын ескерсек, БЖЗҚ-ның зейнетақы активтерінің табысы 2017 жылдың 1 мамырында 1,6% болып отыр. Осылайша биылғы жылдың алғашқы төрт айының қорытындысы бойынша БЖЗҚ инфляцияны еңсере алмады. Жарты жылдың қорытындысы да жағымсыз болуы мүмкін. Себебі Әзербайжан халықаралық банкіндегі (ӘХБ) 70 млрд теңгеден асатын инвестиция қайтпай қалуы әбден мүмкін.

БЖЗҚ басқармасы төрағасының орынбасары Сәуле Егеубаева Алматыда өткен брифингте ӘХБ-ның облигациялары бұрынғыша БЖЗҚ қоржынында екенін, 1 мамырдағы есеп бойынша олардың нақты баланстық құны 71,3 млрд теңге болғанын тілге тиек етті. Қаржыгер БЖЗҚ-ның инвестициялық табысы зейнетақы активтері салынған, сондай-ақ теңгелік және валюталық құралдарды қайта бағалаудан түсетін табыстардан құралатынына тоқталып кетті. Әзербайжанның халықаралық банкіндегі қарызды қайтару немесе қайта құрылымдау тетіктері айқындалғаннан кейін, таңдап алынған нұсқа БЖЗҚ-ның инвестициялық қоржынының табыстылығына әсер етіп, қордың таза инвестициялық табысын еселемек.

Бұдан бұрын әзербайжандық тарап банктің қарызын төлейміз деп сендірген болатын. Private Asset Management инвестициялық компаниясының сарапшылар департаментінің директоры Дамир Сейсебаев ӘХБ-дан ақшаны қайтаруға қатысты жағдай әлі шешілмегенін айтты. Құнды қағаздарды инвесторлардың белгілі бір әрі шектеулі тобы сатып алатынын ескерсек, ӘХБ облигацияларын жеке орналастыру жайттары орын алғанын айтады сарапшылар. Біздің білуімізше, ӘХБ облигацияларын шығару БЖЗҚ еншісіне тигенге ұқсайды, бұл тәуекелі көп келісім, өйткені қажет болған жағдайда құнды қағаздарды сатып жіберу оңай болмайды. ӘХБ облигациялары 10 жылға шығарылған әрі ол инвесторға оларды өтегенге дейін иелік ету шарты бойынша валютамен 8,25% кіріс әкелуге тиіс болатын. Аталған кірістілік өте жоғары болып табылады, демек инвестициялық тәуекел де жоғары деген сөз.

Bloomberg агенттігінің мәліметіне сүйенсек, зейнетақы қоры ӘХБ облигацияларын сатып алған кездің өзінде банктің проблемалары болған. Банкте өтімділік жағынан шамамен 1 млрд доллардай жетіспеушілік болған.

Былтырғы жылы лицензиясынан айырылып қалған "ҚазИнвестБанк" депозиттерінде БЖЗҚ-ның 1,4 млрд зейнетақы ақшасы "тұрып қалғаны" туралы жайсыз ақпаратқа қатысты Сәуле Егеубаева аталмыш депозит зейнетақы активтері құрамында екенін, оған провизия жасалған айтып түсіндірді.

Егер инвестициялар ұзақ мерзімге "кеткен" болса, таяу арада зейнетке шығатын БЖЗҚ салымшыларға бұл әсер етпейді. Зейнетақы активтерінің сақталуына мемлекет кепіл береді. Сондықтан инвестициялық шығындарды салымшыларға мемлекет қайтарады. Зейнетке шығатын кезде мемлекет инвестициялық табысты инфляция деңгейімен төлейді. БЖЗҚ ақпары бойынша, міндетті шоттардағы жинақталған орташа сома 1 мамырда 728 мың теңге болған. Салымшылардың 80%-ның зейнетақы қоры 1 млн теңгеден аспайды.  

Дегенмен, мемлекет Ұлттық банктің жіберген инвестициялық үлкен қателіктеріне кешіріммен қарайды деп ойламаймыз. Дәл осы себепті де зейнетақы активтерін басқарушы рейтингі "ААА" және   "ВВВ"-дан төмен емес, сенімді және табысты шетелдік құралдар алаңында орнығуға тырысады. Мұндай бағасы бар құралдар БЖЗҚ қоржынының 65%-ын құрайды. 2016 жылы 472 млрд теңге көлеміндегі таза инвестициялық табысты салымшылардың жеке шоттарына бөлген болатын, онда валюталық құралдарды қайта бағалаудан түскен табыс 452 млрд теңге болды. Яғни осыдан қазақстандықтардың активін валюталық құралдарға салу тиімді екенін көріп отырмыз.

Алайда жыл басынан бастап теңге нығайып, басқарушы жағымсыз бағамдық айырмашылыққа тап болды. Сірә, инвестициялық табысты кірістілігі жоғары активтерді сатып алу есебінен теңестірмек болса керек. БЖЗҚ қоржынындағы жергілікті банктердің депозиттері 6%-дан 8,2%-ға дейін өсті. Корпоративті сектордың құнды қағаздар үлесі жыл басынан бастап өзгерместен – 37% қазақстандық эмитент және 2,7% шетелдік компаниялар болып тұр. Есесіне шетелдік МҚҚ үлесі 5%-дан   8,8%-ға артқан. Қоржынның негізін бұрынғыша Қазақстан қаржы министрлігінің МҚҚ құрап отыр.Үкіметтің қарызы үлесін жабуға дейінгі орташа табыстылық 7,8%-ды құрайды, ал мемлекеттік құнды қағаздар үлесі тұрақты – 39,75%.

Теңгенің нығайғанына қарамастан, Ұлттық банк валюталық құралдардан бас тартпай отыр. 1 мамыр күні Ұлттық банк қоржынының валюталық үлесі 27%-ға дейін жетті, ал жыл басында валюталық активтер үлесі 22,3% болған. Ұлттық банк  валютаның үлесін алдағы уақытта 30%-ға дейін жеткізуді жоспарлап отыр.

Гүлназ Ермағанбетова, Татьяна Батищева     

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу