Теңгенің тербелісі көпір құрылысын тежеп тұр

Күн сайын құбылған валюта бағамы Шығыс Қазақстанда салынуға тиіс көпір құрылысын сағызша созып жіберді.

Теңгенің тербелісі көпір құрылысын тежеп тұр

Аймақ басшы Даниал Ахметов мәселені өңірге іссапармен келген сенатордың алдына кесе-көлденең қойды.

Осыдан 56 жыл бұрын салынған Бұқтырма су қоймасы елді электр тоғына қарық қылғанмен, ауылы аралас, қойы қоралас аудандарды бір-бірінен ажыратып тастаған. Ай мен күннің аманында облыс орталығынан оқшауланып қалған Күршім мен Қатонқарағай аудандары содан бері Ертістен паром арқылы өтіп жүр. Паром қызметінің құны көліктің қозғалтқыш көлеміне қарай белгіленеді. Ең үнемді деген көліктің өзіне 1,5 мың теңге төлейсіз.  Көлем артқан сайын баға да жоғарылай береді. Ал жүк көліктері 7 мыңнан 25 мың теңгеге дейін төлеуге мәжбүр. Әр өткен сайын осынша ақша төлеу кімге болса да оңай емес. Жазда осылай амалдаған жұрт қыс келгенде ақылы паромға да зар боп қалады. Катонқарағайлықтар жолдың ұзақтығына қарамай, Зырян арқылы қатынауға мәжбүр. Ал күршімдіктер арғы бетке мұздың бетімен қатынайды.

Одақтас 15 республиканың байлығын шайқап ішкен Мәскеуге сол кезде-ақ  мәселені шешіп тастауға болатын. Ұзындығы бір шақырымнан сәл ғана асатын көпір салуға кеңес билігінің қаржысы болмады дегеннен гөрі құлқы болмады деген орынды. Ал бүгінгі көрініс керісінше. Жергілікті биліктің көпір салсақ деген ниеті болғанымен, қолында қаражаты жоқ. Қаражат болмаған соң шартарапқа сауын айтып, инвестор шақырып та көрген. Соңғы 5 жылдың ішінде Бұқтырманың басына кімдер келіп, кімдер кетпеді?! Қытай, Оңтүстік Корея, Үндістан, Алмания, Біріккен Араб әмірліктері, Түркия, Иран сияқты елдердің алпауыт компаниялары Ертістің бойынан еселеп пайда табуға ниет танытып көрген. Бірі концессиялық шарттардың тиімсіздігін алға тартса, бірі қосымша табыс ретінде кен орындарын игергісі келетінін айтып, "асамай жатып құлдық" сұраған. Ал былтыр бұл жобаның тағдыры Лондонның төрінде талқыланды. Британия астанасына іссапармен барған Даниал Ахметов Еуропа даму және қайта құру банкімен аталмыш көпір құрылысына инвестиция салу туралы келісімге келгендей болған. Теңгенің қайта-қайта құнсыздануы еуропалық банктің сауысқаннан сақ сарапшыларын айнытып тастаған тәрізді.

Облыс бюджетінен бөлінген 260 млн теңгеге құрылыстың жобалық-сметалық құжаты дайындалған болатын. Сол смета бойынша ұзындығы 1300 метр болатын көпір салу үшін 34 млрд теңге керек деген есеп айтылған. Төл валютамыз құнсызданғаннан кейін ол сома ұлғайып кетті. Еуропалық банк теңге тағы да құнсызданса, құрылыстың шығыны аспандап шыға келуі мүмкін екенін алға тартып, әліптің артын бағуға көшті.

"Бұл өте күрделі мәселе. Оның үстіне түйіні тарқатылар түрі жоқ. Валюталық тәуекел еуропалық банктің өзін алаңдатып отыр. Ені 14 метрлік, ұзындығы 1,5 шақырымға жуық көпір салу оңай шаруа емес. Бес жыл уақыт кетеді. Сол бес жылдың ішінде теңгенің бағамы қалай құбыларын ешкім дөп басып айта алмайды. Инвесторларды осы мәселе алаңдатып отыр. Егер валюталық тәуекелді сақтандыру жүйесі жолға қойылса, ұзақмерзімді жобаға инвестиция салған компаниялар бұлайша тартыншақтамас еді", – дейді Даниал Ахметов.

Ондаған жыл бойы жыр болған бұл көпір Шығыс Қазақстан үшін стратегиялық нысан болмақ. Өйткені Бұқтырма су қоймасы орталықтан оқшаулап тастаған екі аудан да шекаралық аумақта жатыр. Жол азабы мен жұмыссыздық Марқакөл өңірі мен Қатонқарағай ауданының халқын еріксіз қалаға көшіруде. Көшкен елдің орнын шетелден қоныс аударған қандастар басып келген. Ол көш саябырсыған соң қаңыраған үйлердің саны көбейген.

Күршім аудандық әкімдігінің мәліметіне сенсек, паром арқылы айына 300-400 көлік қатынайды. Алты ай бойы үздіксіз жүріп тұруы үшін жылына 360 млн теңгеден астам қаражат жұмсалады. Көпір құрылысына кететін шығын 10 жылдың ішінде өзін-өзі ақтайды екен.  

"Егер екі ортаға көпір салынса, табан ақы, маңдай терімізбен жинаған өнімімізді делдалсыз, тікелей сатуға мүмкіндік алар едік. Жол ақысына паромның төлемі үстемеленеді. Сондықтан бәрінен де қара халыққа қиын.  Уақыт шығыны өз алдына бөлек әңгіме. Марқакөл өңірінің өзінде Қытай шекарасымен шектесетін 300-ге жуық жер бар. Көпір салынса, елдің үдере көшуі толастар еді. Шекараның жалаңаш қалып бара жатқаны арқамызға аяздай батады", – дейді Қайрат Қабдешев есімді тұрғын.

Инвесторларға икемдеп жасалған заңнаманың өзі бүгінде Күршім ауданының көпірге кіріптар халқына көмектесе алмай тұр. Теңгенің бағамы тұрақтанбайынша инвесторлар икемге келмейтін сияқты.  

Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу