Терең тартып, жалын жалмап жатыр

Қажет Андас Қажет Андас
6077

Алматы облысында 37 адам суға батып,  5,6 гектар орман өртеніп кетті.

Терең тартып, жалын жалмап жатыр

Жыл сайын маусым, шілде, тамыз айларында Жетісудың жеті өзені мен Алакөл, Балқаш көлдері және Қапшағай су қоймасы құжынаған халыққа толады. "Қаупің қайдан болса, қатерің содан" дегендей, жеті өзен өрнектеген өңірдің төтенше жағдай қызметінің бетіне салық болатын оқыс оқиғалар судан болады. Осы уақытта өртте жан-жағын жалмай бастайды.  

Биылғы шомылу маусымы басталғаннан бері Алматы облысында 82 төтенше жағдай тіркеліп, салдарынан 137 адам зардап шекті. Жедел-құтқару жасағы 100-ден астам адамды құтқарып алды. Өкінішке қарай, 37 адам суға батып кетті, оның 11-і жас бала болды.

"Суға батып кетуге көп жағдайда демалушылардың өздері кінәлі болады. Себебі олар су айдынының бақыланбайтын жерінде шомылады, суға мас күйінде түседі, суда сақталуы тиіс қауіпсіздік ережелерін сақтамайды және ересек адамдар балаларын қараусыз қалдырады", – деді ішкі істер министрлігінің Алматы облысы бойынша төтенше жағдай департаментінің басшысы Дарынбек Байсариев.

Департамент басшысының сөзінше, қайғылы жағдай көбінесе суға шомылуға тиым салынған уақытта болады.

"Адамдардың басым бөлігі түнгі сағат 10 мен таңғы 5 аралығында суға шомылуды әдетке айналдырып алды. Есесіне суға батып кетіп жатқандардың саны көбейіп кетті", – деді ол.

Жауапкершіліктен жалтарып, мәселенің мәнін демалушыларға аудара салуға да болмайды. Өйткені адамдар су айдынына демалу үшін барады. Сондықтан бірінің кәрі, бірінің  жас, бірінің  сау, бірінің мас болуы қалыпты жағдай. Олар кейде өз тағдырын құзырлы мекеменің әлеуетіне тапсырып, алаңсыз демаламын деп қатермен бетпе-бет келіп жатады.

"Суда болатын адам өлімінің алдын алу үшін төтенше жағдай қызметі үнемі профилактикалық жұмыс жүргізеді. Бұған дейін облыстағы су айдындарына "Шомылуға тиым салынады!" деген 200 тиым салу белгісі орнатылды. Судағы демалыс орындарына 5 медициналық пунк құрылды. Жергілікті полиция қызметімен бірлесіп, 70 рейд ұйымдастырылды.

Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса береді", – деді бізге облыстық ТЖД жедел-құтқару жасағының басшысы Сайлаубек Чарапиев.

Атап айту керек, судан құтқару қызметінің әлеуеті жаман емес. Алайда "олар барлық оқиғаға сақадай сай, кез келген адамды құтқарып ала алады" деген соқыр сенімге иек артуға болмайды.

Осы орайда біз төтенше жағдай департаментінің басшысы Дарынбек Байсариевтің: "Қауіпсіздік шаралары мен  шомылу ережесін қатаң сақтау суға кетуден сақтанудың ең сенімді жолы", – деген сөзін жадымыздан шығармағанымыз жөн деген байламға келдік.

Тілімізге тиек етіп отыған мекеменің жыл бойғы бас ауруының  тағы бірі  –  өрт. Биыл облыс бойынша 743 өрт тіркеліп, аумағы 5,6 гектар орман жалынға оранды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 21%-ға көп көрсеткіш. Өрттің көбеюінің басты себебін облыстық төтенше жағдайр департаментінің мамандары тұрғындардың жауапсыздығынан көреді.

Облыстық ТЖД жедел-құтқару жасағының басшысы Сайлаубек Чарапиевтің айтуынша, құрамында жергілікті полиция қызметкерлері, орман шаруашылығы және тағы да басқа құзырлы мекемелердің мамандары бар 73 ұтқыр топ жыл басынан бері тұрғындармен 21 кездесу ұйымдастырып, түсіндіру жұмыстарын жүргізген.

"Өрт болған жағдайда тұрғындар алдымен өз күшімен сөндіруге ұмтылуы керек. Өртті сөндіруге күштері жетпейтінін білсе, бірден дабыл қағуылары тиіс. Ал қазіргі адамдар тұтанып жатқан отты көріп тұрып, өз шаруасымен кете береді", – деді ол.

Қажет Андас

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу