Тергеу изоляторларында қанша мың "бүлікшіл" қамалған?

2827

Осыны анықтау үшін "Ұлттық алдын алу тетігінің" өкілдері тергеу изоляторларын аралап жүр. Кейбір деректер бойынша 5 мыңға жуық адам уақытша абақтыда отыр.

Тергеу изоляторларында қанша мың "бүлікшіл" қамалған?

Құқық қорғау органдары "қаралы қаңтар" оқиғаларына қатысқан қанша адамның темір торда жабылғаны туралы нақты мәліметті жарияламады. Осы күндері бірнеше ресми статистика жарияланды. Соларды тұжырымдасақ.

Алдымен 22 қаңтарда Президент Қ. Тоқаев Қауіпсіздік кеңесі, Бас прокуратура, ҰҚК, Қорғаныс және Ішкі істер министрліктері басшыларын Ақордаға жиып, жабық есік жағдайында жеке кеңес өткізді.

Сонда Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев терроризм, кісі өлтіру, билік өкілдеріне зорлық-зомбылық көрсету, бұзақылық, меморгандардың ғимараттарына шабуыл жасау, басқа қылмыстар бойынша жалпы саны 1 822 қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Оның 116-сын арнаулы прокурорлар алып қойған. Бұл ІІМ желісі бойынша қозғалған істер.

Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетов прокурорлар қаңтар оқиғасына қатысқан азаматтардан 84 шағым түскенін жеткізді. Азаматтар өздерінің нақақтан-нақақ ұсталғанын, бүлікке қатыспағанын, көшеде өтіп бара жатып, топ ортасына кездейсоқ түсіп қалғанын хабарлаған. Қадағалау шаралары бойынша ұсталған 96 адам босатылды.

Прокуратура мәліметінше, әкімшілік тәртіпке сәйкес соттардың шешімімен 3 314 адам тұтқындалды. Прокурорлар 1 884 іске қатысты жазаны жеңілдету жөнінде өтініш берген. Оларды тексеру нәтижесінде 1 083 адам тұтқыннан босатылған. 493 азаматқа салынған айыппұл жойылып, ескерту жазасына ауыстырылған. Яғни прокурорлар желісі бойынша бүлікке қатысы бар деген күдікке іліккендердің әрбір үшіншісі немесе 32,6%-ы бостандыққа жіберіліпті.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаев жария еткен мәліметтер жұртшылыққа хабарланбады. Қорғаныс министрлігінің қылмыстық іс қозғау құқығы жоқ.

Нақты деректі "Ұлттық алдын алу тетігінің" (ҰААТ) өкілдері де айта алмады. Олар тек әр өңірдегі тергеу изоляторын аралап, "қасіретті қаңтар" оқиғаларына байланысты ұсталғандармен кездесіп, жарақат алғандардың қазіргі жай-күйімен танысқан.

"Айыпталушылар ҰААТ жетекшісіне медициналық көмек пен дәрігерлік кеңестің дер кезінде беріліп жатқанын айтты. Бұдан бөлек, тергеу қамағындағылардың мекеме қызметкерлері төңірегінде ешқандай шағымдары болған жоқ", – дейді Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментінің Сотталғандарды медициналық қамтамасыз ету тобының бас маманы Әйгерім Баймұрзаева.

Жалпы қамалғандар саны азайғанымен, алда полицияға ұдайы барып, тұрақты тіркеліп тұруға міндеттелетіндер, инспектордың рұқсатынсыз алысқа аяқ баса алмайтындар саны артатынға ұқсайды. Бұл көрсеткіш соңғы жылдары үнемі өсіп келеді. Мысалы, ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің дерегінше, 2020 жылы пробация қызметінің есебінде шамамен 34 мыңдай адам тұрған. Ал 2021 жылы бұл адамдар қатары 50 мыңға (49 950) жуықтады. Бұл санның 2022 жылғы қаңтар қорытындысында қаншаға дейін өскені алдағы айларда жария етілмек. 

"Қайғылы қаңтар" оқиғаларына байланысты қанша айыпталушының қамауда отырғанын білуге омбудсмен институты да күш салуда екен.

"Бас прокуратура 25 қаңтарда "қайғылы қаңтар" оқиғаларына байланысты 9 257 әкімшілік істің қаралғанын хабарлады. Оның жартысы жуығына жаза қолданылмаған (4 584 адамға сот тек ескерту жасады)", – дейді адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова.

Сонда 25 қаңтарға дейін ұсталғандардың 49,52%-ы босатылған болып шығады. Бірақ "ескерту" де жазаның бір түрі. Егер ол азамат қайтара құқық бұзушылыққа барса, жазасы ауырлайды.

Түрме толып, спортзалға қамаған ба?

Сенбей ме, басқа себебі бар ма, әйтеуір, ұсталғандар ҰААТ сыртында омбудсменге де көп шағымданбайтын көрінеді. Э. Әзімованың айтуынша, қарапайым қазақстандықтардан қамалғандарды азаптауды, ұрып-соғып, кемтар етуді тоқтатуды сұраған өтініштер легі толастамауда. Сондықтан Ұлттық алдын алу тетігінің шеңберінде құрылған өңірлік топтар Қазақстанның 16 өңіріндегі 81 тергеу изоляторларына және уақытша ұстау изоляторларына барып, тәуелсіз мониторинг жүргізді. Омбудсмен бұл жұмыстың әрі қарай жалғасатынына сендіреді.

Бірақ бұл делегациялардың бюджеттен қаржыландырылатын сапарларының тиімділігі, "пайдалы әрекет коэффициенті" төмен. Оларға азаматтардан 39 шағым ғана түсті. Оның 20-сы азаптау мен қатыгездікке қатысты жазбаша арыздар. Қалғандары негізсіз қамауға алу, әкімшілік жазалау туралы сот шешімдерімен келіспеу, медициналық көмек көрсетпеу, адвокаттарды жібермеу мәселелеріне қатысты.

Салыстыру үшін айтсақ, ешқайда шықпай-ақ, кабинеттерінде отырып, прокуратуралар бұдан үш еседей жоғары көрсеткіш көрсетті. Прокуратура органдарына құқық қорғау органдарының тергеу барысында азаптау, ұрып-соғу секілді заңсыз тергеп-тексеру әдістерін қолданғаны, азаматтардың құқықтарын бұзғанына қатысты 109 арыз-шағым түскен. Тексеру нәтижесінде тергеушілер үстінен 21 қылмыстық іс қозғалды. Оның тек біреуін арнайы прокурорлар тергеп жатыр. Қалған 20-сын антикоррупциялық орган алып қойған.

Салыстыра кетсек, тұтас омбудсмен институтының жұмысы барысында ұсталғандардың арыз-шағымы бойынша 1 ғана қылмыстық іс қозғалыпты (Қылмыстық кодекстің "Азаптаулар" аталатын 146-бабы бойынша).

"Қаралы қаңтар" оқиғалары барысында ұсталғандарды қамау үшін тергеу және уақытша ұстау изоляторларының бәрі толып, орын жетпей қалыпты. Сондықтан мысалы, Атырауда тұтқындалғандарды спортзалға қамап қойған. Тиісті жағдай қарастырылмаған жерге қойша қамалғандарына шағымданған атыраулықтармен кездескен омбудсмен тәртіп сақшыларының бұл тірлігін ақтауға тырысты. Ал қоғам белсенділерін осындай "құпия түрмелердің" пайда болуы тіксінткен еді.

"Қазақстанда 5-19 қаңтар аралығында төтенше жағдай енгізілді. Сол себепті тиісті заң қоғамнан уақытша оқшаулауды қамтамасыз ететін арнайы мекемелерде орын жеткіліксіз болса, комендантқа ТЖ режимін бұзушыларды ұстау үшін қосымша орындар белгілеу құқығын береді. Бірақ ондай жерлерге қамалғандардың да құқықтарын сақтау талабы жойылмайтынын есте ұстауымыз керек. Сол орында, спортзалда қамалған азаматтар өздерін ұрып-соққанын, қысым көрсетіп, процессуалдық құжаттарға қол қоюға мәжбүрлегенін, адвокаттарды жібермегенін, ауыз су мен тамаққа, жаралылар – медициналық көмекке қол жеткізе алмағандарын хабарлады", – дейді Эльвира Әзімова.

Оның айтуынша, бұл фактіні Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев жеке бақылауына алды. ІІМ-нің өзіндік қауіпсіздік қызметі тексеруге кірісіпті.

Мемлекеттің адвокаттары телефон нөмірін беруден бас тартқан

Ақордадағы Президентпен кеңесте Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетов "ұсталған және тұтқындалған азаматтардың бәрі қорғау, заңды көмек алу, шағым жасау құқығымен қамтамасыз етіліп жатыр" деп сендірді.

Әзімова ханым мұны ішінара жоққа шығарды. Жауапты органдар ұсынған тегін адвокаттардың кейбірі өз клиентінің құқықтарын жан сала қорғамақ түгіл, оларға ұялы телефонының нөмірін беруден бас тартатыны анықталыпты. Осындай қорғаушылардың өз ісіне селқостығы, адал болмауы кесірінен жазықсыз жандар сотталып кетуі ықтимал. 

"Өкінішке қарай, ұсталған және қамауға алынған азаматтармен әңгімелесу көрсеткендей, мемлекет кепілдендірген заң көмегін көрсету үшін тартылған кейбір адвокаттардың қорғау сапасы шағымдар тудыруда. Бұл жағдайды соттар мен тергеушілер істерді қарау кезінде ескеруі шарт. Тегін заңгерлік көмекке қол жеткізген азаматтардың көпшілігі өз адвокаттарының аты-жөнін де, олармен кері байланысу үшін контактілерін де біле алмаған", – дейді Эльвира Әзімова.

Сондай-ақ зейнеткерлерге, жұмыссыздарға, мүгедектігі бар адамдарға және басқа да осал топқа жататын адамдарға қомақты айыппұл салынған. Бұл олардың әрі қарайғы өмірін қиындатуы ықтимал.

Тағы бір түйткіл құзырлы органдардың жерленген адамдарды қайта қазып алуға тырысуы халықты шошынтты.

"Апта ішінде сот-медициналық сараптама жүргізу үшін оқ тиіп қаза тапқан адамдардың мүрдесін туыстарының келісімінсіз эксгумациялап жатқаны туралы хабарламалар түсті. Бұл процессуалдық іс-қимыл – қажетті. Бірақ соған қарамастан, туған-туыстарының эксгумациялау туралы алдын ала құлақтану құқығының бұзылуына жол бермеу өте маңызды. Қылмыстық қудалау органдары бұл тергеу іс-қимылының қажеттілігі мен мақсатын жете түсіндіргені жөн. Аналар мен әкелердің көз жасын елемеуімізге болмайды", – деді омбудсмен.

Әлеуметтік желіде "9 қаңтарда болған оқиғаға қылмыстық іс қозғалуына байланысты жараланған азаматтарды ауруханадан Алматының тергеу изоляторына ауыстырғаны" туралы видео жариялады. Шын ба? Омбудсмен дерегінше, қамауға алынған 63 азаматтың 29-ы ауруханаға емделуге жіберіліпті. Ал изолятордың медициналық бөлімінде 12 адам жатыр. Қалған 29 адам амбулаториялық емделуде және оларға дәрігерлер бара бастады.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу