Тиімсіз колледждердің мәселесі қаралуда

2956

Павлодар облысында тиімсіз техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінің жұмысын тоқтатып, орталықтандырылған колледж ашу көзделіп отыр.

Тиімсіз колледждердің мәселесі қаралуда

Павлодар облысындағы аграрлық-техникалық колледждердің барлығы ауылдық аймақтарда орналасқан. Жыл санап мұндағы студенттердің саны да, түлектердің мамандығы бойынша қызметке орналасу көрсеткіші де қысқарып келеді. Мәселен, Баянауыл ауданындағы 250 адамға арналған аграрлық-техникалық колледжде бүгінде 180 студент оқиды. Студенттердің жалпы саны былтырға қарағанда 17%-ға қысқарған. Былтыр мұнда 201 бала білім алса, биыл 180-нен асқан жоқ. Баянауылдағы колледжді биыл бітірген 55 түлектің небары 16-сы қызметке орналасқан. Бірақ, ешқайсысы өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Жалпы, соңғы 5 жылда аталмыш оқу орнын тәмамдаған түлектердің 39%-ы жұмыспен қамтылған, оның ішінде тек 19%-ы дипломына сәйкес еңбек етуде.

Сонымен қатар, Шарбақты аграрлық-техникалық колледжінде 6 қыз автослесарь және дәнекерлеуші мамандығы бойынша білім алуда. Бойжеткендердің барлығының дипломға сәйкес жұмыс істеріне күмән көп. Мұны облыс әкімі Болат Бақауов та атап өтті. Сондықтан, мәселені түбегейлі шешу үшін аграрлық-техникалық колледждерді біріктіру қажет екенін айтты.

"Колледждерде бір студентті оқыту үшін жыл сайын облыстық бюджеттен 1,2 млн теңге бөлінеді. Төрт жылда бұл мақсатта қарастырылатын сома 4 млн теңгеден асып жығылады. Бірақ, ешқандай нәтиже жоқ. Егер студенттер өз мамандығы бойынша жұмыс істемесе, онда қыруар қаражат шығындап, оларды оқытудың қажеті не? Шаруашылықтарды кадрмен қамтамасыз ету мәселесі өткір тұрғанмен, аграрлық оқу орындары оларды білікті мамандармен қамти алмаса, жұмысын жалғастыру қаншалықты қисынды? Осы жайттарды ескере келе, ауылдық аймақтардағы аграрлық-техникалық колледждерді біріктіру керек. Сол арқылы білім сапасы артады әрі нарық талабына сай мамандар оқытылады", – дейді Болат Бақауов.

Сөйтіп, елдімекендердегі 8 бірдей кәсіптік білім беру мекемесінің жұмысы бір жүйеге бірігетін болды. Сәйкесінше, барлығына ортақ бір басшы, бір әкімшілік болады. Мұндай орталық ретінде былтыр облыстың үздік колледжі атанып, 50 млн теңгелік грантқа ие болған Красноармейка аграрлық-техникалық колледжі таңдалды. Бұдан былай аталмыш оқу орны Павлодар облысының аграрлық инновациялық колледжі деп аталады. Студенттердің теориялық сабақтары дәл осы колледжде жүргізілмек. Ал өзге ауылдардағы аграрлық-колледждер тәжірибеден өтетін база ретінде қалады. Красноармейка аграрлық-техникалық колледжінің директоры Серік Жартыбаевтың сөзіне сенсек, оқыту барысында тәжірибеге басымдық берілмек.

"Өкінішке қарай, аймағымыздағы аграрлық колледждердің жұмысы көңіл көншітпейді. Кәсіптік бағдарлау, еңбек нарығын зерттеу сынды шаралар жүргізілмейді. Сондықтан, түлектердің басым бөлігінің дипломдары шаң басып қалады. Ал біз жаңа жүйеге сәйкес, алдымен облыс аумағындағы шаруашылықтарға, бизнес-құрылымдарға қандай мамандардың қажет екенін зерттемекпіз. Кейін сұранысқа сай оқытамыз. Атап өтерлігі, оқыту жүйесінде теориялық білімге 20%, тәжірибелікке 80% берілетін болады. Яғни, студенттердің сабақ барысында кәсіптің қыр-сырын меңгеруіне көп көңіл бөлеміз", – дейді Серік Жартыбаев.

Аграрлық колледжердің біріктірілетінін естіген жұрт "жұмыста қысқарту болады" деп алаңдағаны рас. Павлодар облыстық білім беру басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы оқытушылардың жұмыс орны сақталатынын айтты. Ал әкімшіліктің кейбір қызметкерлеріне басқа жұмыс іздеуге тура келетін түрі бар.

"Колледждерде орта есеппен алғанда 50 бала оқиды, 120 адам жұмыс істейді. Директордың үш орынбасары, бас бухгалтердің қасында бірнеше экономист бар. Олардың біразы қысқаратын болады. Білікті есепшілер қашан да сұранысқа ие, сондықтан олар үшін алаңдамаймын. Ал оқытушылар жұмыссыз қалмайды. Білім берушілердің кей бөлігі колледждегі қызметін жалғастырады, енді бір бөлігін мектепке ауыстырамыз", – дейді Дінислам Болатханұлы.

Ал студенттердің Красноармейка ауылында оқуы үшін жатақхана қарастыру, олардың теориялық сабақтарын ұйымдастыруға қатысты мәселелер әлі біржақты шешілген жоқ. Жыл соңына дейін менеджменттік сараптама жұмыстары жүргізіліп, келесі жылдың жоспары айқындалуға тиіс.

Ақтоты Қабдықайыр

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу