Тоқаевтың ескертуі, Мусиннің ұсынысымен "Зерде" холдингі таратылады

2997

"Зерде" мемлекеттік холдингін тарату туралы үкімет қаулысы шықты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Тоқаевтың ескертуі, Мусиннің ұсынысымен "Зерде" холдингі таратылады

Қаулы әзірге ресми жарияланған жоқ, құжаттың көшірмесі Kozachkov offside телеграм арнасында пайда болды.

"Зерде" холдингінің болашағы бұлдыр екені 14 шілдеде үкіметтің кеңейтілген отырысында белгілі болған. Онда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Цифрлық даму инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусинге холдингі реформалауды тапсырған. 

Жиыннан кейін Мусин ұлттық холдингті толығымен жоюға шешім қабылдап, келесі күні үкіметке осындай ұсыныс тастады.

"Холдингті тарату арқылы жылына үш миллиард теңгеге жуық қаражатты үнемдеу көзделіп отыр. Сондай-ақ холдингті тарату арқылы артық қызметтерден арылып, жауапкершілікті нақты бөліп алуға болады", – деген Мусин. 

Қазіргі таңда "Зерде" холдингінің құрылымында үш еншілес ұйым бар: "Astana Hub" технопаркі, "ҰАТ" АҚ және "Qazinnovations" АҚ. Бүгінгі таңда холдинг қызметкерлерінің штаты 230 адамды құрайды. 

"Зерде" холдингі таратылғаннан кейін "Ұлттық ақпараттық технологиялар" акционерлік қоғамы тікелей ҚР ЦДИАӨМ қарамағына беріледі. 

Бұдан басқа, "Инновациялық технологиялар паркі" ДКҚ, "Astana Hub" КҚ және "QazInnovations" Инновацияларды дамыту жөніндегі ұлттық агенттігі" АҚ-ны бір ұйымға біріктіру жоспарлануда.

Бұған дейін хабарланғандай, 2016-2021 жылдар кезеңінде холдингтің жинақталған шығыны 7 млрд теңге болды

Айта кету керек, "Зерде" холдингінің басшысы болған Арман Әбдірасылов Мусиннің үкіметтегі ұсынысынан кейін берген сұхбатында сала министрімен кәсіби тұрғыда пікірлері тоғыспай жататынын айтқан. Ол холдинг жабылуын "қате" деп есептейтінін мәлімдеген. Үкіметті "ұлттық мәселеде үндемей, майда-шүйдені көреді" деп сынаған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу