Тоқалды неге сайқал деп түсінуіміз керек?

7134

Тоқал туралы тоқал мәселесін білетін адам жазып, түсінетін режиссер түсіргені дұрыс.

Тоқалды неге сайқал деп түсінуіміз керек? Фото: brod.kz

Мен "Тоқалдың" трейлерін біраз күн бұрын интернеттен көріп, атына заты сай келмейтін дүние екенін топшылаған едім. Қателеспеппін. Бір сағатқа жуық созылған баспасөз мәслихатынан кейін, театрдың фойесіне өтіп, мұнда тегін құйылып жатқан әйгілі Зейнолла Кәкімжановтың айтулы шарабынан дәм таттым да, бокалды қойып, "Тоқалды" тамашалауға беттедім. Шағын зал лезде лық толып, кино басталып та кетті.

Алғашқы кадрлардан-ақ жас арумен төсекте тоят алған еркек түк болмағандай, үйіне қайтады. Түр-тұрпаты, үйінің жиһазы қалталы қазақ екенін айтып тұр. Жасөспірім екі қызы, аулада модель ретінде суретке түсіп жатқан әйелі, олардың өзара қарым-қатынасы үлгілі, бақытты отбасына тән. Қайрат (отағасы, Ерік Жолжақсынов) қайдан келгенін білдірмеуге тырысады. "Бұл тоқалынан келді ме, әлде ашынасынан ба" деген ой қылаң берді. Көп ұзамай-ақ, "тоқалдың" жәй ашына екенін түсіндім. Әйелі Бота (Гаухар Нұртас) – болған, толған келіншек. Ірі құрылыс компаниясының қожайыны Темірланның (Тұңғышбай Жаманқұлов) қызы. Ақылды, іскер, ағылшынша судай. Әкесі де "сен ұл болып тумадың" деп, жиі күрсіне береді.

Өйткені, інісі Сапар боркемік. Байдың баласы бола тұрып, ақшаға жарымай жүреді. Сараңдығы бар, компанияны басқарып отырған жездесіне (Қайрат) деген қызғанышы бар, әкесінің бизнесін тартып алғысы келген қу құлқынды саясаткердің ықпалында кетеді. "Ұрлықтың құйрығы бір-ақ тұтам" – өтірігі жиілеп кеткен, оның үстіне, құмалақшының сәуегейлігі бар, Қайраттың "ұрлығы" ашылып қалады. Оған біраз бұрын Камилла ("тоқал", Жанель Мақажан) екеуін мейрамханада көріп қойған Сапардың ашықауыздығы да көмектеседі. "Тоқал" болса, бай да келбетті Қайратты өзіндік ету арманымен өмір сүріп жатады. Анда-санда көңілін "бықсытып" кететін құрбысы да бар.

Сөйтіп, күндердің бір күнінде, Камилланың аяғы ауыр екені белгілі болады. УЗИ-дің анықтап бергені – Қайрат көптен күткен ұл бала. Қуанышында шек жоқ. Алайда, қуанышы "өртке" ұласады. Әйелі біліп қойып, амалсыз, атасына келіп, сырын ашады. Ол қанша ашуланса да, "отбасыңды бұзба, бірақ, балаңды да тастама" деп, бұйыра сөйлейді. Күйеу баласының іскерлігін бағалағаны ғана емес екен. Шешесіне келіп, көзін жаспен шылаған Бота әкесінің де "сау сиырдың жаппасы емес" екенін біледі.

Оның да тоқалы, одан сүйген балалары бар болып шығады. Соншама жыл қалай шыдап жүрсің деп, анасына ашуланады. Жұбатпақ болған әкесіне тік сөйлейді. Құрбыларына барып мұңын шағады. Олар болса, еліккен күйеулеріне ерік беріп, өздері де еркінше бұзылған "бәйбішелер" болып шығады. Жезөкше жігіттерді шақыртып, Ботаның көңілін ауламақ болады. Бота болса, оған көнсін бе, арын сақтап, тұра қашады.

Міне, ұйып отырған отбасының тас-талқаны шыға бастайды. Сапардың сатқындығы тендерден ұтылып, ірі тапсырыстан құр қалдырады. Темірхан Қайратқа ренжіп, бәрін дұрыстауға Астанаға аттан дейді. Тура осы тұста, оған "тоқалының" босанғандығы туралы хабар да жетеді. Қайрат атасының сөзін қайырып, перзентханаға алып ұшады. Тұрмысы қайын жұртына тәуелді жігіттің басы осыдан бәлеге қалады. Темірхан компания тізгінін Сапарға ұстатып, Қайратты ешкім жұмысқа алмайтындай шара қабылдап, "тентіретіп" жібереді.

Жас тоқал мен жас иіс ұлының қызығын көрудің орнына өмірдің шыжығына түседі. Тамағын асырау үшін бетон таситын көліктің шопыры болып орналасады. Темірланның да тірлігінен тыныштық кетеді. Бар ақшасын сарпып салған құрылысы заңсыз телімге орналасқан, әрі келісімге қол қойған компания жалған болып шығады. Оның бәрін америкалық достарының көмегімен анықтап, әкесінің көзін жеткізген іскер Бота. Бірде-бір құрылысшы жоқ, қаңырап тұрған зәулім құрылыс алаңында Темірхан жүрегі ұстап, көз жұмады. Қайрат Камилланы тастап кетеді. Көрермен үйіне қайтты деп ойлайды. Бірақ, оның қайда кеткені белгісіз болып шығады.

Сонымен, Қайрат қаңғып кетті, Камилла жетім баламен жалғыз қалды, Темірхан көз жұмды, Сапар санатта жоқ, ұтқан тек Бота. Алаяқ саясаткерді әшкерелеп, әкесінің ісін жалғастырады. Ол компанияның басшысы. Өмірді түсінген, парасатты әйел. Осымен кино бітті. Ду қол шапалақ. Мен шыдамай, зал еститіндей дауыспен "бұл тоқал туралы емес, кәдімгі "любовница", ашына туралы фильм" деп, қойып қалдым.

Ал бұл фильмнің тоқал туралы емес екенін түсіндіре кетейін. Мәтін бойы тоқалды тырнақшаға алып жазғаным да содан.

Мен совет заманында туып, өссем де, бала кезімнен тоқалдар туралы білемін. Көзім көрген. Алақандары басымнан сипаған. Құрт, ірімшігін жегем. Сондықтан болар, бұл сөз мен үшін таңсық та емес, тұрпайы да естілмейді. Әжем марқұм, атамның екінші әйелі, яғни, тоқалы болған. Біз көзін көрмеген, өзінен жасы үлкен күндесін есіне алғанда, жарықтық "апам" деуші еді. Менің әкемді сол апамыз бауырына салып алған көрінеді. Өзінің ұлдары шешектен шетінеп кеткен. Жақын тұратын, аталас туыстарымыз Майлыбай атаның да, Бәйниет атаның да, түп нағашымыз Қасболат атаның да тоқалдары бар еді (тізімді тізе беруге де болады).

Бірақ, қатындарының байға таласып жатқанын көрмеппін. Өйткені, тоқал толық құқылы, көбіне, өз басына жеке шаңырағы бар, ешкімнен кем түспейтін жан еді. Балалары аралас, құралас жүретін. Ешкім бөліп, жарып жатпайтын. "Ортақ өгіз" де ортаны бұзбайтын. Ешқандай сөлекеттігі жоқ нәрсе еді. Кейін келе, кетеуі кете бастады. Советтік семья құрдық. Әйел теңдігі – "оңаша бұзау" заманы басталды. Тоқал алсаң, "тоқпақ" болып тиетін еді, бұл үрдіс үзіліп қалды...

Тоқал тақырыбын қайта тудырған біздің жаңа заман. "Қазақ байыса, қатын алады" – ортақ қазынаны жекешелендіру барысында билік тұтқасын ұстағандар мен шаруашылық тізгінін тістегендер қыруар қаржыға кенелді. Содан басталды. Шенділердің жас иіске жаппай құмарлығы жаңа астана салына бастаған жылдары арта түсті. Кезіндегі жесір дауының орнына тоқал дауы келді. Астананың аязына тоңбай, тоқ жүру үшін шенді жігіттің етегінен ұстап, "тоқал" (шындығында, көңілдес немесе ашына) болып алу – жас қыздардың мақсатына айналды. Тіпті, бүкіл елге әшкере болған бірнеше тоқал дауын да бастан кешірдік.

Қазынаны тонау да, заңсыз әйел алу да – қылмыс. Бірақ, "желкесіне май біткеннің" бәрі соны мақсұт тұта бастады. Ал заңнан тыс нәрсенің көлеңке тұстары көп болатыны бар. Сонымен, қазақ елінің ел болуына, көбейіп, жетілуіне шексіз үлес қосқан тоқал тұлғасы кәдімгі көңілдестің деңгейіне құлады. Қазіргі тоқал – бұзылған қыз. Біреудің отбасын ойрандайтын сайқал деп түсінеміз. Тұсауы бүгін кесілген кино да сол түсініктен аса алмаған. Бірақ, қоғам шындығы – сол.

Тоқал туралы тоқал мәселесін білетін адам жазып, түсінетін режиссер түсіргені дұрыс болар еді. Фильмнің сценариін жазған да, түсірген де мәскеулік Евгений Чельцов. Содан болар, кино желісі қаптап кеткен ресейлік сериалдардың сюжетіне ұқсап кете береді. Екі әйелдің еркекке таласы. Тілі, әдеттегі қазақ кинолары іспетті, орысша. Сирек фразалар қазақша айтылып қалады. Үшінші тіл де шет қалмаған. Кейіпкерлердің түсінігі де қазаққа жат – космополиттік ыңғайда. Басқа елдің өмірін сүріп жатқан ұлт сияқты көрінеміз.

Ұнағаны – шын тоқалдың кім екенін білетін Тұңғышбай Жаманқұлов пен Ерік Жолжақсыновтың ойындары. Тұқаңның шеберлігі белгілі, мен Еріктің ойынын жоғары бағалар едім. Сондай-ақ, түсіру техникасы, монтаж жоғары деңгейде деп айтуға болады. Ал фильмнің Бота үшін "хеппи энд"-пен аяқталуы, Гаухар Нұртастың баспасөз мәслихаты кезінде берген жауабын есіме түсірді. Ол Америкаға екі баласымен кетіп, қиыннан қиыстырып, қазір жеке кинокомпаниясын басқарып отырғанын жеткізген болатын.

Әйтсе де, бұл фильм елдегі үлкен проблемаға "ауыз" салған. Бірақ, "тісі" батпаған сияқты. Қазіргі тоқал – заңсыз әйел, тапқан балалары да заңсыз. Ертең әкесінің дүние-мүлкіне иек арта алатындай құқы да жоқ. Біздегі қалыптасып қалған орысша түсінікпен ол, жәй ғана, "любовница".

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу