Төрт жылда "ескек" те жеңеді

3405

Халықаралық олимпиялық комитеттің www.olympic.org ресми сайтына бас сұққан қазақстандықтар өз көздеріне өздері сенбей, таң қалары сөзсіз.

Төрт жылда "ескек" те жеңеді Фото: sputniknews.kz

Өйткені онда дәл қазір Оңтүстік Кореяда өтіп жатқан Пиоңчаң қысқы Олимпиада ойындарының жарыстары қорытындысында жеңіс тұғырына көтерілгендер арасында адамдар ғана емес, сондай-ақ ... "ескектің" барлығын оқиды.

Бұл "қызықтың" мән-жайын білу үшін сайттың ағылшын тіліндегі түпнұсқасына жүгінген жөн. Онда ескектің орнында "OAR" деген жазу тұр.

Бірден айта кетелік, халықаралық олимпиялық комитеттің сайты тек ағылшын және француз тілдерінде ғана жүргізіледі. Ал басқа тілдерге гугл-аудармашы автоматты түрде тәржімалап береді. Нәтижесінде Қазақстаннан не Ресейден кірген интернет пайдаланушылар ХОК-тың ресми сайтының автоматты түрде аударылған нұсқасына жолығады. Онда солтүстік көршіміздің атауының орнына "весло" деп жазылған. Себебі, ағылшын тілінен тәржімалағанда, "Oar" қайықтың ескегін білдіреді.

(дереккөзі:https://www.olympic.org/pyeongchang-2018/results/en/general/daily-medallists-date=2018-02-16.htm)

Допинг дауы кесірінен Ресей биылғы қысқы Олимпиададан аластатылғаны мәлім. Ал "таза" спортшыларына халықаралық олимпиялық комитет бес сақина кескінделген Олимпиаданың ақ туы астында бейтарап спортшылар ретінде өнер көрсетуге рұқсат етті. Сонымен бірге ресейлік олимпиадашылар киіміндегі "RUS", "RUSSIA" деген сөздер алынып тасталып, орнына "Olympic Athlete from Russia" (қысқаша OAR, Ресейлік олимпиада атлеттері) деп жазылды. Көршіміздің бұл уақытша олимпиялық атауы ғаламтордағы аударма жүйесіне енгізілмегенге, өз кезегінде Ресей де оның дұрыс тәржімалануына мән бермегенге ұқсайды.

Айтпақшы, OAR сөзі басқа да тосын жайттарға себеп болуда. Мәселен, Батыстағы ең танымал электронды ресурс саналатын Mashable-нің хабарлауынша, Ресейден қатысушы олимпиялық атлеттер ұмытылып қалған америкалық рок-топтың қайтадан танымал болуына себепкер болыпты. Өйткені, ол топ та OAR деп аталады.

"Олимпиада-2018 талай жаңа жұлдыздардың жануына ықпал етті. Бірақ оған қатысты ең тосын оқиға спортқа емес, музыкаға қатысты болып отыр. Осыдан 20 жыл бұрын атағы дүркіреген O.A.R. рок-тобының Олимпиада арқасында күтпеген жерден даңқы әлемге таралуда", – деп хабарлайды Mashable.

Жаһан жұртшылығы, соның ішінде америкалықтар арасында жаңалық қарамайтын адамдар да бар, олардың біразы OAR деген ресейлік атлеттер екенін білмейді екен. Оның үстіне бұл спортшылардың киімдерінде, өне бойында қай елден келгенін білдіретін бірде бір нышан-жазу жоқ. Трансляция кезінде де олардың тұсында ешбір мемлекеттің атауы жазылмайды.

Содан Олимпиада кезінде кейбір спортшылардың киімінде және көгілдір экранда OAR деген аббревиатураның жиі "жылтыңдай" бастағанын байқаған батыстық көрермендер бұл үш әріптің музыкада ғана мәні барлығын еске түсірген.   

"Олимпиада ойындары басталғанда, бізге жан-жақтан қоңырау шалына бастады. Сондай-ақ электронды хаттар, хабарламалар келіп түсуде. Күн сайын таңертең әртүрлі адамдармен осы мәселеге қатысты қызықты әңгімеміз болып тұрады", – деп растады журналистерге берген сұхбатында аталған топтың вокалисі және бас гитарисі Марк Роберж. Ол топ атауына қатысты мұндай дүрбелеңнің тууы өздеріне ұнайтынын жасырмапты және Олимпиада сайыстарының трансляциясын тұрақты түрде көретіндерін, онда OAR жеңіліс тауып жатса, артынша жолдастарынан саналуан әзіл-қалжыңдар қарша борайтынын жеткізген.

"Бұл керемет көңілді. Қайран қалдырарлық жағдай. Біз өз тобымызбен гастрольге шыққанда сол қалада қандай да бір спорттық жарыстар болып жатса, міндетті түрде қатысамыз. Олимпиада – жаһандық оқиға ғой. Бұрын оны мен өз ата-анаммен бірге көретінмін. Енді күн сайын өз балаларыммен бірге тамашалаймын", – дейді Марк Роберж.

Ол Олимпиада күндері бүкіл әлемге өз топтарының атауы тәулігіне кем дегенде отыз рет жария етілетінін санап шығыпты.

Айтқандай, бұл америкалық топтың атауы "Of A Revolution" деген сөздердің басқы әріптерінен құралған және "тегі революциялық" деп аударылады. Кезінде топты осылай атай отырып, музыканттар мүлдем жаңа ағымның негізін қаламақшы болған. Егер оқырман бұл топ туралы алғаш рет естіп тұрса, Mashable олардың ескі хиттарын интернеттен тауып, тыңдап көруге кеңес береді. Мәселен, Қазақстанның кинотеатрларында "Она – мужчина" деген атпен орыс тілінде көрсетілген фильмнің бас кейіпкері Татума тағы бір бас кейіпкер Аманда Байнсты футбол ойнауға үйрететін эпизодты дәл осы O.A.R.-дың "Love and Memories" деген әні сүйемелдейді.

Әрине, Олимпиадада өз елінің байрағын биіктен желбіретуге, өз әнұранын асқақтатуға, тіпті мемлекетінің атын атауға тыйым салынғанына Ресей халқының қабырғасы қайысатынын түсінуге болады.

Мәселен, ОАР атауын осы аптада канадалық журналист келемеж еткісі келген. Питер Экман Твиттерде әзіл жазу қалдырды: "Егер OAR спортшылары осы жолы да допинг сынағынан сүрінсе, келесі Олимпиадада не болады? OAFOAR (Ресейлік олимпиада атлеттерінің ішіндегі олимпиада атлеттері) деген команда пайда болады", – деп жазды ол. Алайда ресейлік жанкүйерлердің сұрауымен Экман бұл жазбасын кейін өшіріп тастады. Өйткені ОАР атынан жарысқа түсіп жатқан ресейлік керлингист Александр Крушельницкийдің тестінен допинг –  мельдоний табылып отыр.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу