Төртінші МӨЗ құрылысына АҚШ шақыру алады

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
5003

Қазақстанда төртінші мұнай өңдеу зауытын америкалықтар салуы мүмкін.

Төртінші МӨЗ құрылысына АҚШ шақыру алады

Энергетика министрлігі "Қарашығанақ Петролеум Оперейтингпен" бірге, елімізде төртінші МӨЗ-дің құрылысын қаржыландыру мәселелерін талқылауда.

Сондай-ақ энергетика министрінің орынбасары Мағзұм Мырзағалиев осы ірі жобаға АҚШ-тың алпауыт мұнай компаниясы "Шевронның" қаржысы тартылуы мүмкіндігін жоққа шығармады. Өйткені әзірге қаржысы дайыны сол болып тұр.  

Оның түсіндіруінше, "Шеврон" Қазақстанда тапқан табысының бір бөлігін осындағы жобаларға қайта инвестициялау бойынша өз мойынына міндеттеме алған.

"Біраз жыл бұрын мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-қа сапары аясында бұл компаниямен арада келісімге қол қойылды, ол бойынша "Шеврон" "Теңізшевройл" жобасы арқылы алатын табысының бір бөлігін Қазақстанға қайта құюға міндеттенді. Және ол қаражат қазақстандық экономикада қалуы шарт. Ал біз, инвестициялар және даму министрлігімен бірлесіп, "Шевронға" осы қаржысын салып отыруы үшін коммерциялық қызығушылық тудыра алатын қазақстандық жобаларды ұсынуға тиіспіз. Сондықтан төртінші мұнай өңдеу зауыты да осының аясында қаржыландырылуы мүмкін екенін жоққа шығармаймыз", – деді вице-министр.

Мәселен, бұған дейін "Шеврон" осы міндеттемесі аясында екі жобаны жүзеге асырып болыпты. Атап айтқанда, Атырауда полиэтилен құбырларын шығаратын зауыт салынған. Ал екінші зауыт шарлы крандар мен бекіткіш арматура өндіреді.  

"Шеврон" өзінде Қазақстанға қайта салынуға тиісті қаражат қордаланғаны жөнінде құлағдар еткен. Үкіметтің нысанаға алып отырғаны да сол.

Мағзұм Мырзағалиевтың мәліметінше, МӨЗ-ге қатысты нақты келіссөздер биылғы жылдың соңында басталатын көрінеді. Қанат Бозымбаев пен Жеңіс Қасымбектің командалары зауыт жобасын америкалық алыптың қарауына сонда шығармақ.

Осы орайда энергетика министрінің орынбасары инвестордың іңкәрлігін оятып, көзін жарқ-жұрқ жанғызар тамаша жоба әзірлеп шығудың маңыздылығын түсінетіндерін айтады.

"Қазір бұл мәселеде біз зерттеу кезеңіндеміз. Ең алдымен негізгі үш сұраққа жауап беруіміз қажет. Біріншіден, келешегін бағдарлай отырып, жаңа мұнай өңдеу зауытының қуаттылығы қандай болуға тиістігін ұғынуымыз керек. Біздің қолымызда алдын ала есептемелер бар, бірақ біз оларды алдын ала техникалық-экономикалық негіздемеде бекітуге тиіспіз. Екіншіден, ол зауыттың қай жерде бой көтеретінін анықтап алу қажет. Ол негізгі шикізат көздері шоғырланған еліміздің батысында орналасқаны жөн бе, әлде тұтынушылар нарығына жақын, оңтүстігімізде орын тепкені абзал ма? Үшінші сұрақ "зауытты ішкі нарыққа, әлде болмаса, экспортқа бағдарлаған дұрыс па?" деген мәселенің жауабын табуды қарастырады. Не біз өз нарығымыздың қажеттілігін толық өтейміз, не оның мұнай өнімдеріне сыртқы нарықтарды іздестіреміз", – деді Мағзұм Мырзағалиев.

Үкіметтің жоспары бойынша осы жылдың ІІІ-тоқсанының соңында – IV-тоқсан басында "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы алдын ала техникалық-экономикалық негіздеме түзуді тәмамдайды деп хабарланды. Соның негізінде жобаның қуаттылығы мен оған жұмсалуға тиісті инвестициялар көлемі белгілі болады. Тек осыдан кейін ғана министрліктер делегаттары ықтимал инвесторлармен кездеседі және егжей-тегжейлі келіссөздер жүргізеді. 

Энергетика вице-министрі сарапшылар "әлемдік супергигант" атайтын еліміздегі "Қарашығанақ" кенорнын игеруші инвесторлармен қазір күн сайын дерлік кездесіп тұратындарын айтады. Солар барысында 4-ші МӨЗ жобасы да жалпы сипатта сөз болады, бірақ негізгі талқылаулар өнім бөлісу айналасында өрбуде екен.

"Бұл келіссөздер кең ауқымды, ал олар аясында талқыға салынатын мәселелер тізімі аса үлкен болғандықтан, біз келіссөздер туралы меморандумды мамыр-маусым айларына дейін ұзартуға уағдаластық. Осы уақыт ішінде бір мәмілеге келе аламыз деген сенімдеміз. Соның ішінде біз төртінші МӨЗ-ді қаржыландыру туралы да әңгіме етудеміз. Жобаға сәйкес қойылар шарттар мен қажет етілер сомалар жайы әлі бірнеше ай бойы талқыланады", – деді Мағзұм Мырзағалиев.    

Осылайша, ел үкіметінің МӨЗ-ді қаржыландыру үшін қолында ұстап отырған екі "көзірі" бар. Біріншісі, америкалық мұнай алыбының президенттік сапар аясында өз мойнына алған міндеттемесінен туындайды. Екінші инвестиция көзі "Қарашығанақ" кенорнына қатысты даудан пайда болуы мүмкін. Бұл жерде егер онда инвесторлар жеңсе, бірнеше жүз миллион қаржы ғана тиеді. Ал егер ел үкіметінің сөзі өтсе, онда қосымша қаржы көлемі миллиард долларға жетпек.

Нақтырақ тоқталсақ, үкімет өкілдері мен "Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг" (KPO) акционерлері "Қарашығанақ" мұнайын сатудан түскен табыстағы үлесті есептеуде ортақ тіл таппай, шәлкем-шалыс келіп қалған. Енді тараптар ол дауды реттеу үшін әлгінде айтылғандай, күн сайын дерлік келіссөздер жүргізуде.     

Оның нәтижелері қазақша жыл бастауында белгілі болады деп күтілген. Алайда энергетика министрі Қанат Бозымбаев хабарлағандай, ел үкіметі "Қарашығанақ" кенорнын игеруші оператор KPO консорциумының акционерлерімен бірге "мұнай саудасынан түскен табыстарды калькуляциялау тетігі туралы дауды реттеу меморандумының" мерзімін 2018 жылғы ІІ тоқсан соңына дейін тағы да ұзартуға мәжбүр болыпты. Әйтпесе, меморандумның бастапқы мерзімі 2017 жылғы 1 қыркүйекте түгесілді де, тараптар келіссөзді биылғы наурызға дейін жалғастыруға уағдаласқан еді.

Түсіндіре кетер жайт, әу баста инвесторлар тартқанда, мемлекет қызықтыру үшін олардың "Қарашығанақ" кенорнын барлау, бұрғылау, зерттеу,  игеру және басқа да жұмыстарға жұмсайтын барлық шығындарын өндірілетін мұнайдан түсетін табыс арқылы толық өтеуге келісті. Бұл "Өнім бөлісу туралы келісім" деп аталды. Осыған дәндеген инвесторлар шығындарының көлемін жыл сайын миллиардтап арттыра берді. Тіпті әлем курорттарындағы демалыстарын, тікұшақпен қыдырыстарын, тіпті шетелден тасып ішетін суларын да осы шығынға жатқызғаны туралы дерек ақпарат құралдарында жарияланған болатын.

Содан өнім бөлісу бойынша үлестерді есептеуге қатысты ел үкіметі мен Қарашығанақ жобасының мердігерлері арасында келіспеушіліктер туындағанын энергетика министрлігі 2016 жылдың сәуірінде жария етті. Ал 2016 жылдың аяғында Қазақстан бұл келіспеушіліктерді реттеу мақсатында халықаралық арбитражға шағым түсірді.

Қарашығанақ бойынша араздық "объективтілік индексін" өлшеуден туындапты. 1997 жылы бекітілген "Өнім бөлісу туралы келісімге" сәйкес, бұл индекс консорциумның және Қазақстан үкіметінің табыстағы үлесін анықтайды. Сонымен бірге, ол мемлекеттің табысын бермес бұрын, консорциумдағы халықаралық мұнай алпауыттарына алдымен өз инвестицияларын қайтарып алуға мүмкіндік береді. Яғни, консорциум шығындары өсе берсе, мемлекеттің алатын табысы әзір көбеймесі сөзсіз.

Financial Times өз дереккөздеріне сүйене отырып, KPO-ның келіспеушіліктерді реттеу аясында Қазақстанға шамамен 300 миллион доллар төлеуге ұсыныс жасағанын хабарлады. Қазақстан үкіметі бұл ұсынысты қабылдаудан бас тартыпты.

"Бұл әдістеменің мәселесі: яғни мәселе нені "өтемақылық мұнайға", ал нені "мұнай табысына" жатқызуға болатынына тіреліп тұр. Біз бен инвесторлардың осыларға деген ұстанымдарымыз мен түсініктеріміз әртүрлі болуда", – деген еді Қанат Бозымбаев.

Яғни, араны ашылған, өз қалталарын қампайтар "өтемақылық мұнай көлемін" шексіз кеңейтіп, ал Қазақстанға кіріс құяр "мұнай табысы" көрсеткішін кеміте беруге құштар инвесторлардың бассыздығына көнбейтінін мемлекет табанды аңғартуда.

Энергетика министрі сондай-ақ үкіметтің "объективтілік индексін" есептеудің жаңа әдістемесін табуға талпынып жатқанын мәлімдеген. Ол әдістеме болашақ табыстардан елімізге үлкен үлес ұсынуға және бұрындары осы жобада жоғалтқан табыстарын өтеуге тиіс көрінеді.  

Бұдан ертеректе, ақпарат құралдары осы акционерлердің бірі саналатын ресейлік "Лукойлдың" есебіне сілтеме жасай отырып, Қазақстанның "Қарашығанақты" игеруші компаниялардан шамамен 1,6 миллиард доллар талап етіп отырғанын жариялады.

Сонымен бірге, бұл дауды тоқтатудың бір шарты Қазақстан жерінде маңызды индустриалдық нысан салу болатыны да мәлім етілді. Сонда үкімет арбитраждағы шағымын кері қайтарып алады екен. Ал осы "бітістіруші" нысан төртінші МӨЗ болуы ықтимал. Себебі, осы зауытқа қатысты  КРО акционерлерімен келіссөз жүріп жатқанын енді энергетика министрлігі растап отыр.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу