Трамптың Украинадағы пайдалы қазбаларға неге қызыққаны белгілі болды

Вашингтон мен Киев арасындағы қарым-қатынастың тым шиеленісіп кетуіне қарамастан, қос тарап күшіне енгізуге мүдделі бір келісім бар. 

Трамптың Украинадағы пайдалы қазбаларға неге қызыққаны белгілі болды Фото: РБК

Ол – АҚШ-тың Украинадағы минералдар мен сирек кездесетін металдарға қол жеткізу туралы келісімі, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Дональд Трамп пен Владимир Зеленский осы аптада мұны растады.

Келісімнің негізгі шарттары о баста нақтыланғанымен, оны бекіту өткен жұмада қос президент арасындағы шиеленістен соң тоқтатылған еді. Оның соңы Трамптың Украинаға әскери көмек беруін доғаруына алып келді. 

Десе де, Киев Вашингтонның Украина табиғи ресурстарына артықшылықты қол жеткізу перспективасы Трампты ұзақ мерзімді қауіпсіздік кепілдіктерін қабылдауға көндіреді деп үміттенеді. Ал Трамп "бұл келісім Ресейдің толыққанды басып кіруінен бері Украинаға АҚШ-тың берген қаржылық көмегін қайтаруға мүмкіндік" деп бағалаған.  Оның сөзінше, бұл сома – 350 миллиард доллар.

Euroverify Украинада қандай маңызды минералдар бар және Трамптың оларға қол жеткізуге неге мүдделі екенін баяндаған.

Дүниежүзілік экономикалық форумның (WEF) бағалауынша, Украинада 116 түрлі пайдалы қазбаның 20 000 кен орны бар, оның 3 055-і Ресейдің 2022 жылғы басып кіруіне дейін жұмыс істеп тұрған.

Украина экономика министрлігінің мәліметінше, бұл кен орындары Еуроодақтың 2024 жылы қабылдаған "Стратегиялық шикізат туралы заңына" сәйкес "критикалық" деп танылған 34 пайдалы қазбаның 22-сін қамтиды. Бұл заң ЕО-ның Қытай сияқты геостратегиялық бәсекелестерге тәуелділігін азайтып, электромобильдер, күн батареялары, микрочиптер және басқа да маңызды технологиялар үшін шикізат көзін әртараптандыруға бағытталған.

Сарапшылардың бағалауынша, Украинада 500 000 тонна пайдаланылмаған литий қоры бар, ол электромобильдерге арналған аккумулятор батареяларын өндіруге өте қажет. Бұл Еуропадағы литий қорының үштен бірін және әлемдік қордың 3%-ын құрайды.

Десе де, ірі кен орындарының бірі Шевченковское (Донецк) және Крутая Балка (Запорожье) қазіргі уақытта Ресей басып алған аумақта, яғни белсенді соғыс аймағында орналасқан.

Сонымен қатар, Украина әлемдік титан өндірісінің 6%-ын қамтамасыз етсе, галлий өндірісі бойынша әлемде бесінші орында тұр. Сондай-ақ, Украина графит қоры бойынша әлемдегі жетекші бес елдің қатарына кіреді, бұл материал электромобиль батареяларын өндіруде қолданылады. Көміртек, марганец, темір, титан және уран қоры бойынша да әлемдегі үздік он елдің қатарында бар.

Бұдан бөлек, Украинада сирек кездесетін металдардың (17 элементтен тұратын топ) айтарлықтай қоры бар деп есептеледі. Олар смартфондар, жел генераторлары және магниттік-резонанстық томографтар сияқты жоғары технологиялық құрылғылар өндірісінде қолданылады.

БҰҰ мәліметінше, Украинада әлемдік сирек металдар қорының 5%-ы шоғырланған, бірақ нақты көлемі құпия сақталады.

Украина президенті Владимир Зеленский Ресей қазіргі уақытта Украинадағы минералдық ресурстардың шамамен 20%-ын бақылауда ұстап отырғанын айтады. Бұл басып алынған аумақтың көлеміне сәйкес келеді.

Жақында ғана Украина премьер-министрі Денис Шмыгаль Киевтің АҚШ-пен минералды ресурстарды игеру туралы келісімге кез келген уақытта қол қоюға дайын екенін мәлімдеді. Мұны Зеленксийдің өзі де айтып жүр. 

Дүйсенбі күні президент Трамп "бұл келісім бұзылды ма?" деген сұраққа: "Жоқ, мен олай ойламаймын. Меніңше, бұл – біз үшін қолайлы келісім" деп жауап берген. Бұл туралы да кеңінен жазған едік. 

Солай бола тұра, Ұлыбритания премьер-министрі Киир Стармер Трамп ұсынған шикізатты өндіру келісімі Украинадағы тұрақты бейбітшілікті қамтамасыз ету үшін жеткілікті қауіпсіздік кепілдігі болмайтынын атап өткен.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу