Тұйыққа тірелген "әлеуметтік лифт": билік күзетшілерді қолдамақ

2179

Күзет құрылымдарына салынатын салықтар мен айыппұлдарды алда анағұрлым азайту қарастырылуда, деп жазады Inbusiness.kz.

Тұйыққа тірелген "әлеуметтік лифт": билік күзетшілерді қолдамақ

Күзетшілерді де қорғаушылар табылды

Алматының Алатау ауданының әкімдігінен "Хабар24" арнасының тілшісі А.Тәңірбергеннің күштеп шығарылуына қатысты оқиға әлеуметтік желіде ашу мен ашыныстың ақ боранын туғызды. Пікір білдірушілердің бір бөлігі нәзік журналист қызды қапсыра құшақтап алып, аяғынан тік көтерген бойы сыртқа сүйреген күзетшіге қаһарын төкті.

Бұл ретте сарапшылар, белсенділер, былайғы жұрт бізде күзетшілердің көбінің білімсіз, біліксіз екеніне, адамгершілік пен сыпайылықтан жұрдайлығына қапаланды. Енді бір комментаторлар дамыған елдерде мемлекеттік объектіге рұқсатсыз баса-көктей кіргендерді күзетші атып тастауға құқылы екенін, АҚШ-та күзетшілер сол құқығын қолданатынын еске салып жатты.

Қалай болғанда, қоғамда дүрлігіс туғызған осы оқиғаның ақыр соңында тек күш көрсеткен күзетші ғана жазаланатынға ұқсайды, жергілікті әкімқаралар соны меңзеуде.

Сонымен бірге, Ұлттық экономика министрлігі күзетшілер қоғамдастығының жете қорғалмағанына мән беруде.

Ішкі істер министрлігінің дерегінше, Қазақстанда 5 225-тен астам жеке күзет ұйымы тіркелген. Олар сауда ойын-сауық орталықтары, коммерциялық объектілер, ұсақ дүкен, дүңгіршек, кеңселерді айтпағанда, 102 515 ірі нысанның, соның ішінде мемлекеттік объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Бар жағынан алғанда, олардың қызметі маңызды саналады. Сонымен бірге экономика ведомствосының байламынша, олар қолдаудан тыс қалған.

Мысалы, Кәсіпкерлік кодексінде оларды шеттететін бап бар.

"Мемлекеттік қолдау және ҚР заңнамасының өзге де нормаларын қолдану мақсатында күзет қызметін жүзеге асыратын дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғаларды шағын кәсіпкерлік, оның ішінде микрокәсіпкерлік субъектілері деп тануға болмайды", – деп анық жазылған кодекстің 24-бабында.

Ұлттық экономика министрлігі Үкіметке Кәсіпкерлік кодексіндегі осы норманы жою туралы ұсыныспен шықты.

Бұл бастама "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне бизнесті жүргізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасында көрініс берген.

Егер меморганның бұл ұсынысын ел Парламенті құптаса, бұдан былай күзет қызметімен айналысатын жеке кәсіпкерлер мен фирмалар өз мәртебелерін шағын және микрокәсіпкерлік нысанына ауыстыра алады. Тиісінше, салықтық жүктемесі де елеулі жеңілдемек.

"Күзет ұйымдары ел дамуында маңызды рөл атқарады"

Экономика ведомствосының түсіндіруінше, бүгінгі таңда елде жұмыс істеп тұрған күзет ұйымдарының көпшілігі шынында шағын кәсіпкерлік субъектілерінің критерийлеріне сәйкес келеді: қызметкерлерінің орташа саны 100 адамнан, ал орташа жылдық табысы – 300 мың АЕК-тен (2021 жылы 875,1 миллион теңгеден) аспайды.

Алайда Кәсіпкерлік кодексінде оларды шағын кәсіпкерлікке қосуға тыйым салынғандықтан, олар орта кәсіпкерлік субъектілері қатарына жатқызылған және солар қатарлы салық төлейді.

Салыстыру үшін айтсақ, төл бизнесінде миллиардтаған ақшаны айналдыратын "BI-Holding" шағын кәсіпкерлік мәртебесіне ие.

Ал орта кәсіпкерлік субъектілеріне 101-ден 250-ге дейінгі жұмыскері бар немесе жылдық орташа табысы 300 мың АЕК-тен асатын компаниялар жатады.

Орта кәсіпкерлікке жатқызылғанның қиындығы жетерлік: салық сыртында, әкімшілік жауапкершілікке тартылғанда бұлардың айыппұлы "шағынға" қарағанда әлдеқайда көп болып шығады мәлім. 

Ұлттық экономика министрлігі күзет ұйымдарының мәртебесін барынша дәл әрі әділ анықтау үшін олардың нақты жұмысшыларының саны мен нақты орташа жылдық табысын ескеру қажет деп санайды.

Ведомство басшысы бұл кәсіп қазақстандықтардың белгілі бір санаты үшін "әлеуметтік лифт" қызметін атқаратынына сенімді.

"Шағын күзет ұйымдары қызметінің әлеуметтік маңыздылығына назар аудару керек. Біріншіден, олардың күзетшілерінің негізгі бөлігі – 19-дан 60 жасқа дейінгі еңбекке қабілетті, отбасылы ер адамдар. Олардың көбісінің не жоғары білімі, не қандай да бір кәсіби дағдылары жоқ. Олар – негізінен, қалалардан тыс елді мекендерде тұратындар, пандемия салдарынан табысынан айырылған азаматтар, сондай-ақ Ішкі істер министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік қызметі, Прокуратура, Қорғаныс министрлігі және басқа да күш құрылымдар мен құқық қорғау органдарының бұрынғы қызметкерлері. Осылайша, күзет агенттіктері біздің қоғамның үлкен қабатын жұмыс орындарымен және табыспен қамтамасыз етеді", – деді экономика министрі Әсет Ерғалиев.

Екіншіден, оның пікірінше, шағын күзет фирмаларының тарифтері тіпті табыс деңгейі ортанқол кәсіпорындар мен жеке кәсіпкерлер үшін де қолжетімді: олардың да мүлкі мен бизнесін қылмыстық қол сұғушылықтан қорғауда.

"Айта кету керек, мектептер, жоғарғы оқу орындары және басқа білім беру мекемелері де – күзет агенттіктерінің клиенттері. Шағын күзет ұйымдары ұсақ кәсіпкерлік субъектілеріне жататын басқа кәсіпорындар сияқты елдің дамуында маңызды рөл атқарып отыр. Алайда салықтардың, әкімшілік айыппұлдардың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің қолданыстағы мөлшері бұл бизнеске ауыртпалық түсіріп отыр. Салдарынан, күзет агенттіктерінің өз қызметін дамытуға, қызметкерлердің жалақысын үнемі көтеруге мүмкіндігі жоқ", – деді министр.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу