Қазақстанда жеке бас қауіпсіздігінің деңгейі төмен

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
4207

Елімізде күзет агенттіктерінің қызметіне сұраныс артуда.

Қазақстанда жеке бас қауіпсіздігінің деңгейі төмен

The Social Progress Imperative деп аталатын халықаралық зерттеу жобасы бар. Ол әлем мемлекеттерінің әлеуметтік даму тұрғысындағы жетістіктерін зерделейді. Жуырда аталған зерттеу жобасы 2018 жылға арналған әлеуметтік прогресс индексін жариялады. Қазақстан 146 мемлекеттің ішінен 71-орынға ие болыпты. Көш басында – Норвегия.

Рейтингті түзу барысында 50-ден астам көрсеткіш есепке алынады. Олар үш топқа біріктірілген: адамның негізгі қажеттіліктері, адам әл-ауқатының негіздері және адам дамуының мүмкіндіктері.

Зерттеу жобасының қорытындысына сәйкес, Қазақстан ана өлімі, электр энергиясымен қамтылу, халықтың сауаттылығы, тамақтану, сапалы медицинаға қолжетімділік секілді бағыттар бойынша жақсы нәтиже көрсеткен. Ал бала өлімі, ауызсу жетіспеушілігі, өмір сүру ұзақтығы, экология, толеранттылық, жеке бастың еркіндігі секілді көрсеткіштер бойынша төмен нәтиже байқатты. Бұл қатарда жеке бас қауіпсіздігі де бар. The Social Progress Imperative жобасының жазуынша, Қазақстанда жеке бас қауіпсіздігінің деңгейі төмен.

Зерттеу жобасының бұл пікірімен келісуге де болатын секілді. Себебі соңғы жылдары елімізде күзет агенттіктерінің қызметіне деген сұраныс артты. Сонымен қатар жеке күзет ұстап, оққағармен жүретіндер де көбейді. Мәселен, Satu.kz, OLX.kz, all.biz секілді электронды сауда алаңдарында өзіне оққағар, жеке күзет іздеп, хабарландыру қалдыратындар жетіп артылады. Сондай-ақ өз қызметін ұсынатын жігіттердің де қатары көбейіпті. Хабарландырулардан алматылықтар мен астаналықтар жиі ұшырасады.

Бас прокуратураның деректеріне сүйенсек, 2018 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстанда 17 370 ұрлық тіркелген екен. Оның 20 пайызы – пәтер тонау. Бұл ретте, ұрлық деңгейінің жоғарылығы бойынша Алматы облысы (2 734 ұрлық) мен Алматы қаласы (2 183) "көш" бастап тұр. Одан кейінгі орынға қазіргі Түркістан облысы жайғасқан (1 963). Шығыс Қазақстан (1 523), Қарағанды (1 240) және Қостанай (1 239) облыстарында да ұрлықшылар аз емес. Мынадай статистикадан кейін қалтасы көтеретін тұрғындар тәртіп сақшыларына сенім білдірмей, күзет агенттіктерінің қызметіне жүгінгенді құп көреді.

Адамдар арасындағы сенімнің жоғалуы, ұрлық-қарлықтың көбеюі, тәртіпсіздіктің белең алуы күзет агенттіктеріне деген сұранысты арттырып жіберді. Бүгінде осындай тенденция белең алып отыр. Себебі қазір кез келген қалада күзет агенттіктері жұмыс істейді. Олар адамның өмірін, денсаулығын, дүние-мүлкін қорғайды. Сондықтан күзет агенттіктерінің қызмет құны да шарықтап тұр.    

Мәселен, астаналықтар нысандарды күзету, жеке басының амандығы мен тауарлық-материалдық дүниелерін қорғау үшін сағатына 280 теңгеден 340 теңгеге дейін төлейді. Сонда бір айдағы орташа жұмыс күні 732 сағатты құрайды. Бұл дегеніңіз – 250 мың теңге.

Ал Қостанай қаласындағы күзет агенттіктерінің жұмысы сағатына 265 теңгеден айналады екен. Алматы қаласындағы күзет агенттіктерінің орташа жұмыс күні де осы шамада.

Атап өтерлігі, Шымкенттегі баға өзге өңілермен салыстырғанда әлдеқайда жоғары. Шым қалада жеке бастың қауіпсіздігі үшін сағатына 10 мың теңге алатын агенттіктер бар көрінеді. Оларда орталықтандырылған қашықтықтан бақылау жүйесі жұмыс істейді. Сол себепті бағасы да қымбатырақ.

Петропавл қаласының тұрғындары қауіпсіздік жүйесін орнатқанды жөн санайды екен. Олар мұндай жүйе үшін ай сайын 7 мың теңге төлем жасайды.

Күзет қызметіне деген сұраныстың артуына елімізде орын алған қайғылы жағдайлар да әсер етеді. Мәселен, Олимпиада чемпионы Денис Теннің қазасын алайық.

Саясаттанушы Данияр Әшімбаевтың сөзінше, Денис Теннің өлімінен соң қазақстандықтар жеке бастың қауіпсіздігі туралы ойлана бастады.

"Осыдан 10-15 жыл бұрынғы жаппай өріс алған қылмыс азайған секілді еді. Киллерлердің, қылмыстық топтардың, есірткі тасымалдаушылардың қатары да сиреген сияқты. Дегенмен, жұмыссыздықтың салдарынан соңғы уақытта қылмыс жолын таңдаған жастар бой көрсете бастады. Полиция барынша қырағылық танытқанымен, проблема түбегейлі шешімін тапқан жоқ. Қайта жеке бастың қауіпсіздігі біздің қоғамдағы өзекті мәселеге айналды", – деп есептейді Данияр Әшімбаев.

Біздіңше, алдағы уақытта күзет агенттіктерінің қызметіне деген сұраныс одан әрі арта түспек. Өйткені, ішкі істер министрлігі құқық қорғау қызметіне реформа жасамақ. Реформаға сәйкес, бірқатар өзгеріс орын алады деп күтілуде.

Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың дерегінше, елімізде барлығы 83 мыңнан астам полиция бар. Олардың 15,5 мыңы қоғамдық тәртіпті қадағалаумен, қауіпсіздікті сақтаумен, қылмыстық істерді тергеумен айналыспайды. Яғни, осыншама адам нысандарды күзетумен ғана шектеліп отыр.

"Біз осы функциядан құтылуымыз керек. Сонда нақты жұмыс істейтін полицияның саны артады", – дейді Қалмұханбет Қасымов.

Демек, мұндай тәртіп сақшыларының орынын күзет агенттіктері басуы әбден ықтимал.

Жуырда Астанада ел тұрғындарының құқық қорғау органдарына деген сенімі мен Қазақстанның қауіпсіздік деңгейіне арналған зерттеу таныстырылды. Nazarbayev University-нің профессоры, құқық қорғау саласының сарапшысы Алексей Трошевтің сөзінше, қылмыстың "құрбаны" болған бес қазақстандықтың тек біреуі ғана полицияға шағымданады екен.

"Демек, Қазақстандағы қылмыс деңгейі ресми статистикамен сәйкес келмейді деген сөз. Зерттеу жобасына 4 мыңнан астам адам қатысты. Олардың дені – Астана мен Алматы қалаларының тұрғындары. Сауалнамаға қатысқан әрбір бесінші адам жеті қараңғы түнде жалғыз жүруден қорқатынын айтты. Негізінен тұрғындардың басым бөлігі жеке бастың қауіпсіздігі тұрғысынан өздерін сенімді санайды", – дейді Алексей Трошев.

Айтпақшы, Қазақстанда күзет ұйымдарының қауымдастығы жұмыс істейді. Ұйым 2004 жылы құрылған болатын. Биыл қауымдастыққа қарасты 34 мемлекеттік емес күзет құрылымы 300-ден астам қылмыстың алдын алған. Сондай-ақ ұйым қызметкерлері өздері күзететін нысандарда орын алған 500-ден астам ұрлықтың жолын кескен.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу