Қытай БҰҰ-ны "сатып алды"

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
5156

Батыс елдері диктаторлық режимдегі мемлекеттермен арасын аулақ ұстауға тырысса, Қытай үшін ең бастысы – пайда табу.

Қытай БҰҰ-ны "сатып алды"

Қытайдың БҰҰ бейбітшілік шараларына атсалысуы соңғы жылдары қарқын алды. Лондондағы Халықаралық қатынастар бойынша Корольдік институттың мәліметінше, мұның астарында Бейжіңнің шетелдегі, әсіресе Африкадағы Қытай бизнесінің мүддесін ілгерілету тұр. Дегенмен, Қытайдың халықаралық аренадағы бұл "белсенділігі" халықаралық заңнама секілді кейбір мәселелерді ушықтырып отыр.

Давостағы Дүниежүзілік экономикалық форумның мәліметінше, соңғы он жылда Қытайдың БҰҰ бейбітшілік шараларына қатысуы айтарлықтай ұлғайған. Мәселен, 2012 жылы Бейжіңнің БҰҰ бюджетіндегі үлесі 3,93% болса, 2018 жылы көрсеткішті 10,24%-ға жеткізіп, Британия мен Франциядан озып кетті. Аталған екі ел 2012 жылдан былтырға дейін үлестерін керісінше 8,15%-дан 5,77%-ға және 7,55%-дан 6,28%-ға азайтыпты. Қазіргі таңда Қытай БҰҰ-ға "қамқорлығы" жағынан АҚШ-тан кейінгі екінші орында. АҚШ-тың берген ақшасы былтыр БҰҰ бюджетінің 28,43%-ын құраған. Сонымен қатар, Қытай БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің бес тұрақты мүшесінің ішінде де ең үлкен донорларының бірі. Мәселен, былтыр мемлекет бейбітшілік шараларына 8 мың әскерін жіберген екен.

Трамптың БҰҰ-ны қаржыландыруды азайту туралы бастамасының аясында Қытайдың керісінше БҰҰ-дағы ықпалын арттыруы ойландырарлық. Дегенмен, әзірге АҚШ БҰҰ-ны қаржыландыруды азайтқан жоқ, аздап болса да керісінше өсіп жатыр.

"Әзірге Пекин БҰҰ-ны бағындырып алмаса да, халықаралық аренада өзіндік айтары бар ірі ойыншыға айналғаны анық. Бұл Сенегал, Оңтүстік Судан мен Мали секілді Африка елдерінде Қытайдың сыртқы стратегиялық және коммерциялық мүддесінің артуынан байқалады", – деп жазады Халықаралық қатынастар бойынша Корольдік институт.

Қытайдың халықаралық саясаттағы ықпалының артуы мен БҰҰ-дағы рөлінің өсуі БҰҰ-ның егемендік және өзге елдің шаруасына араласпау принципімен тұспа-тұс келді. Басында Қытай БҰҰ-ның "Қорғау Жауапкершілігі" доктринасына күмәнмен қараған. Аталған доктрина адам құқығын қорғау мен құқық бұзушылық кезінде БҰҰ Қаулысының VII бабына сай халықаралық ұйымдардың араласуын қарастырады.

"Қытайдың өзге мемлекеттің ішкі мәселесіне араласпау қағидасына немқұрайлы қарайтындығы Бейжіңнің Африка мемлекеттеріне салған инвестициясын қорғау үшін әскерін жібергенінен көруге болады", деп жазады Корольдік институттың ресми сайты.

Халықаралық қатынастар институтының мәліметінше, Қытайдың БҰҰ-ның ірі донорына айналып, бейбітшілік және қауіпсіздік күштерге араласуы халықаралық заңнамаға өзінше өзгерістер әкеледі. Бұл әсіресе онсыз да тұрақсыз елдердегі Қытай инвестициясын бағуға келген әскерге қатысты. Мәселе халықаралық қатынастан бөлек халықаралық сауда мәселесінде де бұрын-соңды болмаған жағдайға тап қылып отыр. 

Қытайдың өзге елдің қауіпсіздігіне араласауына моральдық құқық бермейтін тағы бір мәселе – Бейжіңнің әлгі елдердің әлеуметтік салаларына қаржы бөлмеуі. Институттың мәліметінше, халықаралық қатынас пен халықаралық экономиканың қалыптасқан тәртібінде мемлекеттің өзге мемлекетке "қамқорлық" жасауына жол ашатын мәселенің бірі сол елдің білім-ғылымы мен әлеуметтік проблемаларын шешуге атсалысуы. Ал Қытай Африка мемлекеттеріне шын жанашарлықпен емес, тек өз инвестициясын қорғап отыру үшін қауіпсіздік және бейбітшілік шараларын жасап отыр. Сол себепті де батыс елдерімен салыстырғанда Қытай инвестиция салуда ол елдің саяси ахуалына мән бермейді. Батыс елдері диктаторлық режимдегі мемлекеттермен арасын аулақ ұстауға тырысса, Қытай үшін ең бастысы пайда табу.

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу