Тұрғын үй нарығында зейнетақы жинағы туғызған дүрбелең басылды

Сатып алу-сату шарттарының саны азайғанымен, баспана бағасы қымбаттап барады. 

Тұрғын үй нарығында зейнетақы жинағы туғызған дүрбелең басылды

Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, 2021 жылдың мамыр  айында жаңа тұрғын үйлердің бағасы 2,6%-ға өсті, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Баға тұрақтамай тұр

Осылайша баспананың бір шаршы шаршы метрі орта есеппен 335,5 мың теңгені құрады. Желтоқсанмен салыстырғанда көрсеткіш 8,3%-ға, 2020 жылдың мамырымен салыстырғанда - 11,8%-ға артқан. 

Ал қайталама нарықтағы үйлердің бағасы 0,9%-ға қымбаттап, шаршы метрі үшін 264,1 мың теңгеге жетті. Бұл 2020 жылдың желтоқсанымен салыстырғанда 13,3%, ал 2020 жылдың мамырымен салыстырғанда - 24,2%-ға жоғары. Пәтерлерді жалға беру ақысы да бір айда 0,7%, бір жылда 11,2% өсіп, шаршы метрі үшін 1 758 теңгеге жетті.

Сатып алу-сату шарттарының саны төмендеді

Алайда баспана бағасы қымбаттағынымен жылжымайтын мүлікке сұраныс еліміздің барлық өңірінде төмендегенін байқауға болады. Мәселен, қаңтар-маусым айларында тұрғын үйді сатып алу-сату бойынша 223391 мәміле жасалды. Ал тек мамырда 48351 мәміле тіркелді. Бұл өткен аймен салыстырғанда 19%-ға кем. Көрсеткіш әсіресе, Маңғыстау облысында – 41,4%, Алматыда  –– 23,1%, Нұр-Сұлтан мен Шымкентте сәйкесінше 17% және 17,3% азайған.

Қазақстанның біріккен риелторлар қауымдастығының вице-президенті Елена Гриваның пікірінше аталған көрсеткіштер тұрғын үй нарығындағы зейнетақы жинақтарына қатысты дүрбелеңнің басылғанын айғақтайды.

"2021 жылдың ақпанынан бастап жылжымайтын мүлік нарығында тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін зейнетақы төлемдерін алуға байланысты дүрбелең туындады. 26 мамырдағы жағдай бойынша қазақстандықтардың "Отбасы банкіндегі" есепшоттарына 1,3 трлн теңгеден астам қаржы аударылды. Зейнетақы төлемдерінің шамамен 60% -ы тұрғын үй жағдайын жақсартуға жұмсалды. Қазіргі уақытта бұл "толқулар" аяқталуға жақын", – дейді маман.

Айтуынша биылғы жылдың қаңтар және ақпан айларында алынған жинақтардың орташа мөлшері 15 млн теңге және одан жоғары болса, қазір орташа сома 1-2 млн теңгеден аспайды.

"Жинақтардың көбі өз уақытында берілді. Қазір өтінімнің орташа сомасы 1-2 млн теңгеге дейін. Осы ресурстардың көмегімен ірі қалаларда жылжымайтын мүлік сатып алу мүмкін емес. Сатып алу-сату шарттарының 19%-ға төмендеуі жылжымайтын мүлік нарығындағы дүрбелеңнің басылғанын көрсетеді", – дейді Қазақстанның біріккен риелторлар қауымдастығының вице-президенті.

Тұрғын үй бағасы арзандай ма?

Сарапшы осы уақытқа дейін пәтерлер орта есеппен 20-23% -ға қымбаттағанын айтады.

"Бірақ қазір нарықта баға 5%  шамасында төмендей бастағанын байқауға болады", – деп түйіндеді Елена Грива.

Ал Қазақстанның жылжымайтын мүлік федерациясының президенті Ермек Мүсірепов тұрғын үйге сұраныс төмендегенін айтады. Оның пікірінше көрсеткіштер 2020 жылдың желтоқсанындағы деңгейге орала бастаған.

"Соңғы 6 айдан бері қазақстандықтардың жылжымайтын мүлікке деген қызығушылығы артып келеді. Алдағы уақытта І, ІІ санатты үйлердің бағасы өсе береді. Себебі құрылыс материалдарының құны қымбаттауда. Ал ІІІ, IV санаттығы үйлердің бағасы инфляция дәлізінде өзгереді. ІІІ, IV деп отырғаным комфорт және эконом санаты. Ал қайталама нарықтағы үйлер бағасында 10-15% шамасында төмендейді", – дейді жылжымайтын мүлік федерациясының президенті.

Баспана сатып алуға болатын қолайлы кезең

Ермек Мүсірепов баспана алуға ниетті азаматтарға қазір ең қолайды кезеңдердің бірі деп есептейді.

"Бағалар тұрақтала бастады. Көптен бері үй сатып алуды жоспарлап жүргендерге бұл тиімді уақыт. Қалай десек те баспанаға сұраныс жоғары", – деп қорытындылады сарапшы.

Еске сала кетсек, бұған дейін сала мамандары жаңа үйлердің бағасы 10%-ға дейін, қайталама нарықта 15%-ға дейін төмендеуі мүмкін деген болжам жасаған

Құралай Құдайберген


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу