Түркістан облысында жылыжай кәсібін дамыту үшін шетелдік ұсыныстан бас тарттым – Ерсұлтан Әбдіраман

Биыл Түркістан облысында ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 1 трлн теңгеден асып, республикада көш бастады.  

Түркістан облысында жылыжай кәсібін дамыту үшін шетелдік ұсыныстан бас тарттым – Ерсұлтан Әбдіраман Фото: Ерсұлтан Әбдіраман

Облыста көкөніс, бақша өнімдері рекордтық көлемде – 3,3 млн тонна жиналған. Жылыжайлардың жалпы көлемі 1 640 гектарға жетіп, 140 мың тонна өнім алған.

Бұл да Қазақстан бойынша ең жоғарғы көрсеткіш. Ал бұл істің басында қарапайым еңбек адамдары – шаруалар тұр. inbusiness.kz тілшісі сондай азаматтардың бірі – "Алаш агро" шаруа қожалығының жетекшісі, кәсіби агроном Ерсұлтан Әбдіраманмен сұхбаттасқан еді. 

– Ерсұлтан, жылыжай бизнесіне қашан, қалай келдіңіз?

– Жақында ғана басталған қызығушылық емес. Бала кезден басталған, жылдар бойы оқып, үйреніп, жетілдіріп келе жатқан сала. Әлі есімде 8 әлде 9-сынып оқып жүргенде, қыс кезінде дастарханға қияр мен қызанақ қойылды. Қыс кезінде қалай өседі, деген қызығушылық туды. Содан олар қалай өсетінін, климаттық жағдайларды зерттей бастадым. Ол 2008-2009 жылдары болатын. Ол кезде оңтүстікте жылыжай бизнесі жаңадан дамып келе жатқан. Сол қызығушылықтың әсерімен, 9-сыныпты аяқтаған соң, "Жалпы ауыл шаруашылығын механикаландыру" деген мамандық бойынша оқуға түстім. Кейін тәжірибеден өттім. Мәселен, Батыс Қазақстанда, Қостанай қаласында, Әулиекөл, Аманғара деген үлкен-үлкен егістік алқаптарда практикалық, лабораториялық жұмыстар жүргіздім. Еліміздің әр өңірінде болып, жылыжай саласын зерттедім. 3-курста жылыжайға жұмысқа кірдім. Басында от жағушы болып істедім. Қыста жылыжайдың іші жап-жасыл болып, керемет көрініске ұласады, шыққың келмейді. Солай үйреніп, жылыжайда тұрақты жұмыс істей бастадым. Айлығым 20-25 мың теңге болатын. Кейін басшылық жаныма жұмысшылар берді. Біртіндеп 10 мың шаршы метрге дейін жылыжайды басқардым. Колледжді бітіргеннен кейін экспортқа өнім шығыратын компанияда "логист-калибровка" бойынша маман, содан соң жылыжайда жетекші болып жұмыс істеп жүріп, Шымкент университетіне "Агрономия негіздері" саласына оқуға түстім. Осылай білім ала жүріп, жылыжай бизнесіне келдім.

– Өзіңіздің жеке жылыжайды қай кезде аштыңыз?

– 2019 жылы шілде айында Түркістан облысы әкімдігі ұйымдастырған жас стартаперлерге арналған жарыста "Сити ферма" деген жоба ұсынып, 3 млн теңгеге жуық грант ұтып алдым. Сол мемлекеттік қолдаудың арқасында жабдықтар алып, жобамды бастадым. Мықты мейрамханалармен жұмыс істеп, олар біздің өнімдердің тұрақты тұтынушысына айналды.

– Естуімізше сирек өсімдіктерді өсіргенсіздер...

– Иә, біздің жылыжай 15-ке жуық микрогрин өнімдерін өндіретін. Оның тұқымдарын практикалық, лабораториялық жұмыс кезінде Украинаның Одесса қаласындағы диқандар, агрономдармен байланысып жүріп, алдық. Атап айтқанда, руккола, қыша, дайкон, амаранта деген өсімдіктер бар. Әлемде керемет емдік қасиетке бай сквален деген май бар. Сол сквален теңізде 500-1000 метр тереңдікте өмір сүретін акланың бауырында және осы амаранта деген өсімдік құрамында болады. Ол қазір емі табылмай жатқан онкологиялық ауруларға 40-50% шипа болатын фермент. Бұл май жүгері, соя, бидай құрамында да бар. Бірақ 0,001%-дай, өте аз көлемде. Ал амаранта құрамында 4%-дан 8%-ға дейін болады. Ал акула бауырында 2,5%-ғана.

– Қазіргі таңда бизнесіңіз қандай деңгейге жетті?

– 2019 жылы жылыжайды 50 шаршы метрден бастағанбыз. Ол кезде бәрін көпсатылы технология бойынша өсірдік. Кез келген істе қиындық болады. Біз бастаған кезде карантинге тап болдық. Бірақ соған қарамастан бизнесімізді тоқтатпай, дамыттық. Осылайша, 50 шаршы метрден, биыл 2 500 шаршы метрге жеттік. Қазір осы Түркістан облысында ай сайын 18-20 мың дана көк-сөк өндіреміз. Сонымен қатар Сержан деген серіктесіммен Ақтау қаласында да дәл осындай көлемде өнім өндіріп отырмыз.

– Қазір қанша өнім түрін өсіресіздер? Жалпы шаруашылықтарыңыз қалай дамып жатыр?

– 2021 жылдан бастап, Түркістан қаласының шетінен 2 мың шаршы метр жылыжай, 2 мың шаршы метр фазенда салдым. Қазір екеуі бөлек-бөлек фермерлік жылыжай деп аталады. 2021-2022 жылы көкөністер өсірген едік, ал биылдан бастап 20-ға жуық салат өнімдерін өсіруге көштік. Мұны қолға алу үшін жыл басында нарықты саралап, зерттедік. Қазақстанға  салат жапырақтары сынды өнімдер Өзбекстаннан әкелінеді екен. Неге мұның бәрін Түркістан облысында өндірмеске деп, нидерландық, испаниялық гибрид салат жапырақтары, лола росса, асбұршақ, қышатүс, қымыздық, асжапырақ өсіре бастадық. Сұранысқа байланысты аптасына екі рет Астана қаласына да өнім тасымалдаймыз. Қазір қосымша жер телімін алып жатырмын, жылытусыз жұмыс істейтін нысан салып жатырмын.

– Өнімдеріңіз қаншалықты сұранысқа ие? Бизнесте өнім шығарумен қатар сату, жарнама, маркетинг жағы бар. Ол жағы жолға қойылды ма?

– Қазір әлеуметтік желі дамып, жақсы болды. Осы еңбегімізді әр өңірден көріп, тастанды жылыжай, жұмысы жүрмей тұрған жылыжай иелері шақырып, көмек сұрайды. Жазда Жаңаөзен қаласында осындай ауқымды жобаны жүзеге асырдық. Тағы бірі Ақтау қаласындағы Мұнайлы ауданында да осы бизнесті бастауға көмектестім. Сырттан келетін импорттық өнімдерді емес, халқымызды отандық өнімдермен қамтамасыз етейік деген ниетіміз бар. Екі айдың ішінде өнім алып, кәсібімізді жолға қойдық. Мен дәнді еккеннен бастап, сатылымға шыққанша көмек көрсетемін.

– Кәсіби агроном ретінде Қазақстандағы ауыл шаруашылығының әлеуетіне қандай баға бересіз?

– Елімізде ауыл шаруашылығының болашағы өте зор. Жалпы әлемде бұл саланың әлеуеті жоғары. Себебі әлімсақтан адамзат баласын "асырап" келе жатқан осы Жер анамыз. Мұнай, газ, уран деген ресурстан басқа бізді ілгері жылжытатын осы ауыл шаруашылығымыз. Қазір мемлекеттік қолдау бар. Бірақ әлі де дами түсуі үшін, сырттан келетін өнімді шектеп, отандық шаруаларды қолдаса. Былтыр Британиялық кәсіпкерлер елдеріне шақырып, сол жақта осы бизнесті дамытуды ұсынды. Бірақ жанымдағы командама шақырту келмеді. Көп ойланып, бұл ұсыныстан бас тарттым. Себебі отандық өнім өндірісті дамытқым келеді. Канада, АҚШ-та шаруаларды, диқандарды, фермерлерді қатты қадірлейді. Себебі ол жақта да азық-түлік өндіріп жатқан еңбек адамдары. Нақты ауыл шаруашылығы өнімдерін өсірушілерге арнайы құжат беріледі. Ол арқылы қоғамдық арнайы орындарда өнімдерін еркін саудалауға болады. Болашақта біздің елімізде де шаруаларға деген осындай ерекше көзқарас қалыптасса екен деп тілеймін. Өйткені технология қанша дамыса да азықсыз тіршілік жоқ, сондықтан бұл саланың болашағы зор.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу