Түркия мен Сирияда зілзала неліктен соншалықты жойқын болды

1396

Кейбір ғалымдардың болжамынша, мұндай жер сілкіністерінен ондаған мың адам қаза табады. 

Түркия мен Сирияда зілзала неліктен соншалықты жойқын болды Фото: АР агенттігі

Дүйсенбі күні Түркия мен Сирияны теңселткен магнитудасы 7,8 баллдық жер сілкінісі осы онжылдықтағы ең жойқын зілзала болуы мүмкін. Себебі сейсмологтардың сөзінше, Анадолы мен Араб плиталары арасындағы жарықтың ұзындығы 100 шақырымнан асып кеткен.

Жер астында не болды, мұндай апаттардан не күтуге болады, Бұл сауалдарға ғалымдар берген жауаптардың қысқаша сипаты төмендегідей:

Жер сілкінісі қай жерде басталды?

Жер сілкінісінің ошағы Түркияның Нұрдағы қаласынан шығысқа қарай 26 шақырым қашықтықта, Шығыс Анадолы жер жарығында шамамен 18 шақырым тереңдікте анықталды. Содан кейін зілзала солтүстік-шығысқа қарай тарап, Түркия мен Сирияның орталығын ойрандаған.

Дегенмен, 20-шы ғасырда Шығыс Анадолының жер асты соқтығыстары үлкен сейсмикалық белсенділік байқатпаған. 

"Егер жай ғана сейсмометрлер тіркеген (ірі) жер сілкіністерін ескерсек, ол кездегі апаттар осалдау көрінді", - дейді Британия Геологиялық қызметінің құрметті ғылыми қызметкері Роджер Муссон.

АҚШ Геологиялық қызметінің мәліметінше, 1970 жылдан бері бұл аймақта Рихтер шкаласы бойынша қуаты 6,0 баллдан жоғары үш жер сілкінісі ғана тіркелген. Ал, 1822 жылы Шығыс Анадолыда 7 баллдық зілзаладан 20 000 адам қаза тауыпты.

Бұл жер сілкінісінің әсері қаншалықты жаман болды?

Орта есеппен алғанда, кез келген жылда магнитудасы 7,0 баллдан асатын 20 шақты жер сілкінісі болады екен. Дүйсенбідегі апат – солардың ең жаманы.

"2016 жылы Италияның орталық бөлігінде 300 адамды опат қылған 6,2 баллдық жер сілкінісімен салыстырғанда, Түркия-Сирия шекарасындағы зілзала 250 есе көп энергия бөлді", - дейді Лондон университеттік колледжінің Тәуекелдер мен апаттарды азайту институтының басшысы Джоанна Фор Уокер.

2012 жылдан 2022 жылға дейін ең көп адам шығыны болған екі жер сілкінісі ғана дүйсенбі күнгі жер сілкінісімен теңдескен.

Мұндай апаттар барысында бір-бірімен жапсарлас орналасқан тектоникалық тақталар жылжығысы келеді. Көрші плита болса, бұған мұрша бермейді. Соның салдарынан кернеу немесе қысым күшейіп, тас тақталардың бірі орнынан босап, теңселіп, жер сілкінісін туындатады. 

Түркия мен Сирияда жердің жарылуы немесе қақ айрылу үрдісі салыстырмалы түрде таяз тереңдікте басталған.

"Тереңдегі жарылыстың магнитудасына қарағанда, Жер бетіне жақын сілкіністің екпіні күштірек болады", - дейді Ұлыбританиядағы Ашық университеттің планетарлық геологы Дэвид Ротери АР агенттігіне берген сұхбатында. 

Тағы қандай афтершоктарды күтуге болады?

Алғашқы жер сілкінісінен кейін 11 минут өткенде аймақта 6,7 балдық зілзала тіркелді. Бірнеше сағаттан соң жер қайта тербеліп, оның қуаты 7,5 баллға жеткен, Бұл аздай, сол күні түстен кейін тағы 6,0 баллдық спазм сезілді. 

"Қазір көріп отырғанымыздай, сейсмикалық белсенділік біраз уақытқа созылуы ықтимал", - дейді Муссон.

Мысалы, 1822 жылғы алапат зілзаладан кейін жерасты дүмпулері келесі жылы да жалғасқан.

Қаза тапқандар саны қаншаға жетуі мүмкін?

Магнитудасы дәл осындай дүмпулер елді мекендерде мыңдаған тұрғынның өмірін қияды. Мәселен, Непалда 2015 жылы 7,8 балдық жер сілкінісінен 9 мыңға жуық адам жан тәсілім етті.

"Әрі қарай жақсылық күтпеймін. Құрбандар саны мыңдаған емес, ондаған мың болуы мүмкін", - дейді Муссон. 

Оның ойынша, қысқы суық үйінділер астында қалып қойған адамдардың тірі  қалу мүмкіндігін азайта түседі. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу